Жүсіпбек Аймауытұлы және қазақ терминологиясын жетілдіру мәселелері

Жүсіпбек Аймауытұлы және қазақ терминологиясын   
жетілдіру мәселелері

Алаш зиялыларының арасында қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей атсалысқандардың бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ұлттық ғылыми психологиялық терминдердің жасалып, жүйеге түсуіне  Ж.Аймауытовтың сіңірген еңбегі  зор. Ол жеке ғылым саласының терминдерін жасап, оларды қолданысқа енгізумен қатар өзге тілдерден термин қабылдау мен терминологиялық жұмыстарды жүргізудің  өзіндік жолын ұсынып, жеке көзқарасымен ерекшеленген білімпаз. Сондықтан қазақтың аса дарынды қаламгерінің төл терминологиямызды қалыптастыруға сіңірген еңбегі мен осы жолда ұстанған қағидаттарын жеке  қараудың өзіндік себептері, негізі бар.

Жүсіпбек Аймауытұлының терминология туралы ойлары мен оны қалыптастыру туралы негізгі ұсыныстары оның«Ақ жол» газетінің  1925 жылғы 1 мамырдағы санында жарияланған «Пән сөздері қалай табылады?» деп аталатын мақаласында айтылады.

Жүсіпбек Аймауытұлының терминологиялық көзқарасын сөз етпес бұрын мына мәселеге назар аударған жөн. 1924 жылы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» Елдес Омарұлының баяндамасы негізінде терминологияны дамытудың қағидаттары ресми бектілді.  Алаш зиялылары, осы алқалы жиынға қатысқандар баяндаманы қызу талқылай отырып, ортақ пікірге, бір пәтуаға келді. Съез қаулысымен бекітілген қағидаттардың қолданысқа енгеніне бір жыл да толмай жатып Жүсіпбек Аймауытұлының қайта мәселе көтеріп, ресми белгіленген қағидаттардан ерекшеленетін, өзгешелеу жол ұсынып отыруы назар аудартады. Ж.Аймауытұлының аталған мақаласы Ахмет, Елдес, Халел сынды тіл білімпаздары мақұлдаған қағидаттардан бөлек жол ұсынуының өзі оның пікіріне ерекше мән беруді талап етеді.

Автор мақаласын былай бастайды: «Қазақ тілінде кітап көбейген сайын, пән сөздері де молайып келеді. Барлық пәнге керекті сөздерді ойлап тауып, жеткіземіз деп білім кеңестері әуре болып жатыр. Тәуір, ұғымсыз-қолайсыз сөздер де көп, қолданылып жүрген сөздер де көп. Сонымен жұрттың бірсыпырасы пән сөздеріне жарымай жүр. Бұл  әңгіме былтыр білімпаздар кеңесінде де сөз болып еді. Әлде болса сөз болу керек көрінеді. Сондықтан пән сөздерін қалай табу туралы пікір ұсынып, ойшылдардың алдына салмақпыз» дейді.

Мақала авторының сөз бастасынан, мәселе қойысынан не аңғаруға болады? Біріншіден, ол терминологияны қалыптастыру мәселесінде атқарылып жатқан жұмыстардың бар екендігіне қарамастан, білім кеңесінің әлі де бұл істі жолға қоюға шамасы жетпей жатқанын аңғартып өтеді. Оның «жұрттың бірсыпырасы пән сөздеріне жарымай жүр» деуі атқарылған іс нәтижесіне  қанағаттанбайтындығын байқатады. Екіншіден, білімпаздар съезі бекіткен терминология қағидаттарына қосары бар екендігін сыпайылап, ғылыми әдеппен жеткізеді. «Бұл  әңгіме былтыр білімпаздар кеңесінде де сөз болып еді. Әлде болса сөз болу керек көрінеді» деген жолдардан қаламгердің айтары аңғарылып тұр.

Одан ары қарай автор терминологиялық ұйымдастырудың жолдарына тоқталып, оларды санамалап көрсетеді. Ол мынаны айтады:

1. «Тіл» деген нәрсе біліммен бірге өсетін, өрбитін жанды нәрсе. Тілдің өсіп, өркендеуі де табиғи жол болуы керек. Жанды нәрсе өз ағынымен, өз еркімен, қысылмай, зорлық көрмей, өсіп жетілмек. Мәдениетіміз күшейсе, тіліміз өзінен-өзі күшейеді. Қалай күшейеді? Жаңа сөздерді қайдан алады? Байқап отырсақ, жат ұғым жат сөзді өзі кіргізетін көрінеді. Төңкерістен бері еріксіз кіріп кеткен жат сөздер бар. Оларды халық сіңіріп алып қойды. Жұрттың миына орнап қалды. Енді олардың орнына жаңадан қазақ сөзін тауып кіргізіп, жат тілді қуып шығамыз деп талпынғанмен болмайды. Бойға сіңіп кеткен асты қайта құсуға бола ма? Сол тәрізді, сондай бойға тарап кеткен сөздерге мысал мыналар: аптономия, республика, сәбет, кәменес, ісполком, сайоз, мандат, әгент, милисия, әтред, налок, кәператсия, метеңгі, сабрание, әрістабайт, кунпескебайт, пұраба, контр,  пұртокол, ыстаж, бүджет, кәтегерие т.б.

... Бұл сөздерді еш білімдар ойлап тауып кіргізген жоқ. Өмір кіргізіп отыр. Өмір кіргізген жаңалықты жауып тастауға болмайды. Сондықтан жат тілден қашамыз десек те қаша алмаймыз».

Бұл Ж.Аймауытұлының білімпаздар құрылтайында бекітілген қағидаттарға қарсы келтіріп отырған бірінші дәлелі. Мұны оның терминологиялық қорды қалыптастыруда басшылыққа алып отырған ең басты ұстанымы деп те тануымыз керек.

Бұл орайда Жүсіпбек Аймауытұлының  замандастары Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлдары ұстанған жолдың дұрыстығына күмән келтіруге болмайды. Олардың белгілеген қағидаттарының дұрыстығы сонда олар терминологияның дамуын өз ағымына, ырқына жіберуді емес, оны реттеп, ұлт тілінің заңдылықтары мен мүддесіне сәйкес реттеп, жүйелеп отыруды көздеді. Қазіргі терминтану ғылымында терминологияны дамытуды қадағалап, жоспарлап, үйлестіріп отыру қажеттілігі дәлелденді.

Мақаладағы жұрттың санасына сіңіп кеткен кірме сөздерді қуып шығуға болмайды деуінде белгілі дәрежеде шындық бар. Әсіресе кірме сөздер тым көбейіп кетсе, олардың бәрін ұлт тілінің өз сөзімен алмастыру өте қиынға соғатыны рас. Оған бүгінгі қазақ терминологиясындағы мыңдаған кірме терминдер  нақты мысал бола алады.

Жүсіпбек Аймауытұлы екінші себеп ретінде мынаны атап көрсетеді:

2. «Жаңадан жасалған сөздер күшпен тіл бола алмайды. Тілдің қолайлысы, ұғымға жайлысы алынады. Қолайсызы шығып қалып отырады. Тіршілік тартысында қандай талғау таңдау болса, тіл де сондай таңдау іздейді. «аухалтер» (аудандық халық тергеушісі), «кек» (кесіпшілер кеңесі), «хан бөлбас» (ханшілік бөлімі бастығы), «сәрсендеме» (гимнастика) деген сөздер өтпейді. Бұларды тіл қыламыз десек зорлық болады. Ел «атком»-нан «ісполком»-ды жақсы біледі. «Одақ»-тан «сайоз»-ды артық көреді: «сайоз»-дан нәрсе алады, «сайоз» ұйымнан пайдаланады. «ауылдық кеңес» дегеннен «ауылнай сәбет» дегенді жеңіл көреді. «Интернационал»-ды олай аударып, былай аударып, қазақтан қолайлы сөз таба алмай қойды. Бұл не? Тіл орынсыз бұрмалауды көтермейді екен».

Алдыңғы тармақта автор қазақ тіліне өзге тілдерден енген кірме атауларды жатсынбау керек, олар тілге сіңіп кетті десе, екінші тарамақта ол жаңа сөздерді күштеп тілге енгізудің қажеті жоқ дейді. Мұнда да ол негізінен тілдің дамуын еркіне жіберу керек деген бастапқы ойын жалғастырып, сабақтай түседі. Автордың екінші пунктте халық «жақсы біледі», «жеңіл көреді» деп атап көрсеткен, қолдаған сөздерінің бірқатары уақыт өте келе қолданыстан шығып қалды. Керісінше, «ісполком» орнына ол сынаған – атқару комитеті, «сайоз» орнына – одақ, «ауылнай сәбет» орнына – ауылдық кеңес орнықты. Мұны уақыт сыны дейтін болсақ, сол кезеңде осы сөздерді жасап, қолданысқа енгізген зиялыларды тілге зорлық жасады дей алмасақ керек.

Мақала авторы үшінші себеп ретінде мына мәселелерге тоқталады:

3. «Мектептердің пән сөздерін кеңседе жасау дұрыс емес. Пән сөзін пән маманы, кітап жазушы шығару керек. Ешбір ғалым пән сөздерін кеңседе шешкізіп, жасамайды. Кітап жазушы өзі табады. Бір ғалымның шығарған кітабында кейбір сөздер қолайсыз болса, екінші жазушы ол сөздерін түзеп, өзгертіп, жаңа сөз кіргізеді. Сөзді пән иесі ғана шығармаса, бөгде кісілердің шығаруы мүмкін емес, өйткені әр пәнге жетік адамдар білім кеңесінде болмайды. Пән иесі көп ойланып, көп еңбектеніп тапса, кеңес сөзге көп ойланып отыра алмайды. Білім кеңестерінің жиылысында болғанымыз бар, онда сөздер жете тексерілмей үстірт қаралатындығы, көп отырса, жалығып, қолайсыз сөздерді де ала салатыны байқалады.

Білім кеңестерінің сөз табуы ғылымға негізделген (акдемически) жол емес, бұтақ (кустарни) жол. Ілім негізімен шешу үшін пән сөздерін жасаушылар әр тілді (араб, парсы, түрік, Европа тілдерін) білетін (филолог) адамдар болу керек. Сондықтан тіл қарастыру жұмысы білімге негізделмей, жорамалдаумен, сипаттаумен «осынау қалай болар екен?»-мен шешіліп жүр».

Ж.Аймауытұлы бұл жерде «терминдерді кім жасауы керек?», «термин шығармашылығымен кімдер айналысуы тиіс?» деген мәселелерге өз пікірін айтады. Автордың атып отырған ойы орынды. Әр саланың терминдерін сол саланың мамандары, оқулық, кітап жазушы авторлар жасауы керек. Өйткені олар сол өзі маманданған саласының ұғымдарын, олардың өзара байланысы мен ерекшеліктерін жақсы біледі. Бірақ мұнда мәселенің екінші қыры бар. Сала мамандарының бәрі бірдей тілді, оның заңдылықтарын, терминге қойылатын талаптарды жақсы біле бермейді. Сондықтан да автор бұл мәселені ғылыми тұрғыдан дұрыс шешу үшін «әр тілді білетін филолог адамдар» шешуі керек деп түйіндейді. Яғни ол бұл тұста мәселенің екінші қырын да дұрыс байқай білген.

Жүсіпбек Аймауытұлының білім кеңесінің жұмысына сын айтуына келер болсақ, оның сонау ХХ ғасыр басында айтқан пікірі бүгінгі күн үшін де маңызды болып отыр.

Алаш зиялысының атаған төртінші себебі мынадай: 4. «Бұл күнде білім кеңесі пән тілдерін жасап отырса, кітап жазушылардың нашарлығынан, пән мамандары жоқтығынан еріксіз жасап отыр. Тіл мамандары (филологтар) болмағанмен, бізде пән мамандары болу керек. Белгілі пәннің соңына түсіп, ізденген, кітап қарастырған адам азды-көпті сол пәнге маман болып алады. Бір адам әр түрлі пәннен жазбақшы болса, оныкі терең болмайды».

Ж.Аймауытұлы салалық мандардың жоқтығынан, кәсіби деңгейлерінің төмендігінен терминдерді білім кеңесі жасап отырғанын айтады. Оның бұл пікірін сол кезеңнің шындығы ретінде қабылдаған абзал. Химия, физика, астрономия, география, психология, биология сияқты түрлі салаларға маманданған жоғары білікті ұлттық ғылыми кадрлардың өте аз болғаны айдай ақиқат.

Ж.Аймауытұлы атап көрсетіп отырғандай, ХХ ғасыр басында жоғары білімі бар мамандар тапшылығы қазақ терминологиясының дамуына кедергі келтірген болса, бүгін ХХІ ғасыр басында кеңестік дәуірде орысша оқып өсіп жетілген ұлттық ғылыми қауымның, зиялылардың елеулі бөлігі өз шығармашылығында қазақ тілін пайдалана алмайтындығы үлкен мәселе болып отыр. Кеше мамандар жетіспеушілігі қолбайлау болған болса, қазір мыңдаған білікті салалық мамандарымыз бола тұра, олардың ұлттық терминқорды қазақтың өз тілінің негізінде қалыптастыруға ғылыми шығармашылықта ұлт тілін пайдалана алмаушылығы тежеуіш факторға айналып отыр.

Жоғарыда айтылған ой-пікірлерін қорыта келіп, Ж.Аймауытұлы қазақ тілінің терминологиялық лексикасын қалыптастырудың, терминдер қорын жасаудың тиімді жолдарын көрсетіп, өз жобасын ұсынған. Оның мақала соңында түйіндеп берген 9 пункттен тұратын ұсыныстары, өз сөзімен айтқанда жобасы төмендегідей:

«Пән тілдерін табу қиын болатын көрінеді. Сондықтан жоғарыда айтылғандарды еске алып, сөз табу туралы менің ұсынатын жобам:

  1. Сөз туралы қиналмай,  тілді өз ағымына жіберейік. Ұнамды сөз алынып отырар да, ұнамсызы шығып қала берер.
  2. Кіріп қалған жат сөздерден қашпайық. Орынсыз тілге зорлық қылмайық.
  3. Сөзді пән мамандары, кітап жазушылар шығарсын.
  4. Сөз таба алмайтын шәлдірік адамдар кітап жазбасын. Оқу кітаптарын педагогтар жазуы тиіс. Оқыту жолын білмеген адамның кітабы ұғымды болмайды. Педагогтің қаламға шебері жазу керек.
  5. Жаңадан сөз қосушылар тапқан сөздерін кітабына айрықша жазып отырсын.
  6. Кітап жазушылар, екі-үш жыл өткенде, тіл туралы кеңесіп, табылған тілдерді қорытып отырсын.
  7. Пән сөздері әйтеуір жаттап алынған сөздер, мейлі кітап бетінде мейлі газет-журнал бетінде болсын, орысшасымен бірге жазылып отырсын.
  8. Қолайсыз алынған сөздер туралы баспа сөз бетінде сын жазылып, жобалар ұсынылсын.
  9. Білім кеңесі (яки оның орнындағы мекеме) істей алса, жаңа шыққан сөздерді жинастырып, лұғат кітап бастырып шығарсын.

Міне осы жолмен ғана тіл мәселесін оңай шешуге болады деп ойлаймын. Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құралдағы» жаңа сөздері осы жолмен тарап кеткенін көреміз. Бұл табиғи жол деп жоримын».

Оның бұл ұсыныстарының бірқатары сол кезеңдегі терминологиялық жұмыстардың жүргізілуіне септігі тиіп, айтқан пікірлері замандас әріптестері тарапынан ескерілді, термин жасаушыларға, қазақ тіліндегі оқулықтар мен ғылыми кітаптар жазушыларға ой салды деп білеміз. Мәселен, Білім кеңесінің ұйғаруымен термин комиссиясы 1926 жылы «Орысша-қазақша әскерлік атаулары», 1927 жылы «Пән сөздері» сияқты терминологиялық сөздіктерді бастырып шығарды. Сондай-сол кездегі жарық көрген оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердің бірқатарында жаңа терминдер айрықша шрифтпен беріліп, олардың орысша нұсқалары жақша ішінде беріліп отырды. Бірқар әдебиеттерде жаңа терминдер сөздік түрінде кітап соңына енгізілді.

Ж.Аймауытұлы ұсыныстарының көпшілігі А.Байтұрсынұлы бастаған термин комиссиясының бағытымен сәйкес келгенмен, оның  бірінші және екінші пунктердегі «тілді өз ағымына жіберейік», «кіріп қалған жат сөздерден қашпайық» деген басты қағидаттары Елдес қағидаттарымен толық қабыса бермейді. Оның терминологияны қалыптастыруға қатысты ұстанған бағытының басты ерекшелігі де осында. Жалпы тілдік деректер мен ғалымдардың бізге белгілі лингвистикалық мұралары Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы сынды алаш зиялыларының терминологияны қалыптастырудағы ұстанған бағыттары бір, көзқарастары ортақ екендігін, олардың қазақ тілінің терминдер қорын жасауда өздері бірлесіп белгілеген қағидаттар төңірегінде топтастасқандығын көруге болады.

Жат сөздерді қабылдау мәселесінде терминқор қалыптастыру ісіне араласқан өз замандастарынан өзгешелеу ұстанымда болғанмен, негізінен Жүсіпбек Аймауытұлы да барлық алаш зиялылары сынды терминологияны ұлт тілінде қалыптастыру бағытын қолдаған. Ол көптеген қазақша терминдер жасап, оларды қолданысқа енгізген, ұлттық ғылым тілінің жасалуына белсене атсалысқан білімпаздардың бірі.

Бөлімнің презентациясы