Халел Досмұхамедұлы және қазақ терминологиясының мәселелері

Халел Досмұхамедұлы және қазақ терминологиясының мәселелері

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының арасында тіл мәселелеріне арналған еңбектер жазып, термин жасау ісіне айрықша атсалысқан тұлғалардың бірі, Алаш қозғалысының қайраткері, белгілі ғалым-ұстаз – Халел Досмұхамедұлы. Ол Санкт-Петербург императорлық әскери-медициналық академиясын үздік бітірген (1903-1909), негізгі мамандығы дәрігер болғанымен, тіл мәселелеріне қатысты бірнеше еңбектің авторы.     Халел Досмұхамедұлының тіл саласындағы еңбектері негізінен емле, фонетика, термин, әліпби, әдеби тіл, жер-су аттары, аударма, түркі тілдерінің тарихы, көне сөздердің мағыналарын, этимологиясын ашуға арналған. Оның 1922 жылы алғаш жарияланған «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» деп аталатын еңбегі күні бүгінге дейін құндылығын жоймаған аса маңызды зерттеу деп саналады.

«Түркі тілдері туралы», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Диуани лұғат түрк», «Алаш не сөз», «Жат сөздер» туралы сияқты еңбектері Х.Досмұхамедұлының қазақ лингвистикасының тарихында өзіндік орны бар ғалым екендігінің көрінісі. Оның терминжасам тәжірибесі бойынша кандидаттық диссертация қорғалды.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары ұлттық терминологиялық қордың қалыптасуындағы айрықша кезең болып саналса, осы кезеңде еңбек еткен қазақ зиялыларының сол терминдер қорын жасауға, қалыптастыруға қосқан үлесі де мол болды. Ғылымның бірнеше салалары бойынша ғылыми еңбектер мен оқулықтар, оқу құралдарын жазған ғалым-ұстаз ретінде Х.Досмұхамедұлы да бұл істің бел ортасында жүріп, көптеген терминдерді алғаш жасап, қолданысқа енгізді.

Ең алдымен, Халел Досмұхамедұлы қазақтың ғылым тілін қалыптастырудың маңызын терең түсініп, бұл іске саналы түрде араласқан ұлт зиялыларының бірі. «Қазақ тілі – ғылым жолына шалынбаған, сөздері ғылым іретіне қарай жөндікпеген тіл. Сондықтан қазақ тілін ғылыммен таныстырып, ғылым жолына салатын заман келді» – деп жазады ғалым. Ол осы пікірі арқылы сол кезеңде ұлттық ғылым тілінің қалыптаспағанын мәселе етіп көтере отырып,  қазақтың ғылым тілін қалыптастыратын уақыттың жеткенін айтады. «Жануарлар» атты еңбегінің алғысөзінде ол бұдан әрі былай деп жазады. «Ғылымды өз тілімізге аударғанда, ең керегі ғылым тіліндегі атауларды (термин) дұрыстап түсінікті қылып аудару. Ғылым тіліндегі қолданылған атауларды қазақ тіліне дұрыстап түсінікті қылып аудару – өте қиын жұмыс. Ғылым атауларына келісті ат тағу деген алғашқы уақытта қыйын болса да, өте мұқтаж нәрсе. Сөздің жүйесін келтіріп, көркем қылып жазу да керекті нәрсе. Ғылым атауларына ылайықты ат қою алғашқы уақытта тым мұқтаж, бүтін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе; сондықтан  алғашқы жазылған кітептерде, әсем қылып, сөздің жүйесін келтіріп жазудан көрі, ғылым атауларына ылайықты атақ тағу жағын қарастыру керегірек дейміз» (Жануарлар. Бірінші бөлім. Алғысөз).

Бұл жерде ғалым терминдерді ұлт тіліне дұрыс аудару керектігін айта отырып, ғылыми стилді қалыптастыру мәселесіне көңіл бөлу  керектігін алға тартады. Оның  «сөздің жүйесін келтіріп, көркем қылып, әсем қылып жазу керек» деп отырғаны  – шығарылатын кітаптардың тілі, стилі де дұрыс болуы тиіс дегені. Алайда ғалым алғашқы кезде кітаптардың стилінен гөрі ғылыми ұғымдарға атау беріп, терминдерді жасап алу (ылайықты атақ тағу) маңызды, басты мәселе деп атап көрсетеді.  Бұл да істің мәнін терең түсініп, бірінші кезекте тұрған  мәселені, екінші, үшінші орынға шығаруға болмайтынын, алдымен неден бастау қажеттігін айқындап отырған білікті маман сөзі.

Екіншіден, Х.Досмұхамедұлы қазақ терминологиясын қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы ұсынған ғылыми қағидаттарды басшылыққа алған, сол бағытты барынша қолдаған, Ахаңдармен ғылыми ұстанымдары ортақ, көзқарастары бір ғалым. Оны ғалымның жасаған терминдерінен, жазған еңбектері мен термин мәселесін талқылау кезінде сөйлеген сөздерінен анық көруге болады.

Халел де ғасыр басында еңбек еткен өзге алаш зиялылары сынды термин шығармашылығында тіліміздің төл лексикалық байлығын барынша тиімді пайдалануды дұрыс деп санады. Ол «Қазақ тілі тексеріліп болған жоқ. Біз жат тілдерге қызығуды қойып, әуелі өз тілімізді дұрыстап тексеруіміз керек. Шындап тексерсек, қазақ тілінің өзінен пәнге жарайтын көп сөздер табылады» –  деп жазды. Бұл алаш зиялыларының терминологияны қалыптастырудағы басты қағидаты еді. Осы қағидатты берік ұстана отырып ол, өз тіліміздің лексикалық қорынан термин болуға жарайтын сөздердің көптеп табылатынын атап көрсетеді. Оның «Қазақ тілінен табылмаған сөздерді басқа түріктерден алу керек» деген сөзі де, қазақ білімпаздарының екінші съезінде ресми бекітілген терминология қағидаттарының бірі. Сондай-кірме терминдерді қабылдау мәселесінде де ол алаш зиялыларынан өзге бағыт ұстанған жоқ. Жалпы бұл мәселеге ол ерекше назар аударып, арнайы тоқталды.

Сонымен, үшіншіден, Халел Досмұхамедұлы шет тілдерінен термин қабылдаудың, кірме терминдерді жазудың жолдарын ұсынды. Ол өзінің «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты белгілі еңбегінде былай деп жазады: «Осы күнгі қазақтың әдебиетінде шеттен кірген сөздер көбейіп кетті. Төңкерістен кейін шыққан журнал-газеталардың іші толған жат сөз. Білім, оқу әдебиеті де жат сөзге байыды. Заманымыздың көркем әдебиетіміз де жат сөзден құр емес. Оқушыға да, үйренушілерге де, үгіттеушілерге де, жазушыға да, білімдіге де, шешенге де, ақынға да жат сөзсіз күнелте алмайтын заман туды.  Топан судай қаптап тілімізді жат сөздер басып бара жатқан мезгілде ескерілмей, ұмытылуға айналған тіліміздің бір негізгі заңын еске салғымыз келеді».

Ғалым тілде болып жатқан құбылысты, кірме сөздер тасқынының күшейгенін айта отырып, бұл үрдістен шет қалу мүмкін болмайтын уақыт туындады дейді. Ол өзге тілдерден сөз қабылдағанда өз тіліміздің заңдылықтарын сақтауды ең басты мәселе ретінде көтереді. Бұл орайда тіліміздегі үндестік заңы қатал сақталуы қажет деп есептейді.  «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай хәлге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді... Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады... Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік  – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.... зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады». Өз сөзінен көрініп тұрғанындай, ғалымның жат сөздерді қабылдауға қатысты пікірі айқын. Кірме сөздер тілімізге қабылданғанда танымастай болып өзгеріп, қазақ тілінің заңдарына бағынуы керек дейді. Ол өзі қолданған кірме терминдерді қазақтың айту мәнеріне лайықтап, өзгертіп жазды. Мысалы, оның авторлығымен жарық көрген оқу құралдарында терминдер неріб (нерв), әмөбі (амеба), дезентерие (дизентерия), мекірескөп (микроскоп), пизиелогійе (физиология), доқтыр (доктор), елемент (элемент), мүлиен (миллион) түрінде қолданылады.

Жат сөздерді қабылдау туралы арнайы еңбек жазған ғалымдардың бірі Нәзір Төреқұлұлы. Ол бір пікірінде «жат сөздерді асылын өзгертпей алу керек» деген еді. Мұндағы оның «асылын өзгертпеу» деп отырғаны – терминнің түпнұсқа тілдегі қалпын бұзбау. Халел Досмұхамедұлы ғалымның осы пікірімен келіспейді. Ол өз пікірін былай түйіндейді: «Нәзірдің жат сөздерді асылын өзгертпей алу керек дегені қата. Біз тілімізге жат сөз кіргізгенде, оның түбірін ғана кіргізуіміз керек жана түбірінің өзін де қазақ тілінің заңдарына келтіріп, өзгертіп алуымыз керек. Жат тілдің жұрнақтарын алудың жөні жоқ, жат тілден алынған түбірге біз өз жұрнақтарымызды жалғайтын болуымыз керек».

Халел Досмұхамедұлы бұл тұжырымы арқылы шет тілдерінің сөздерін қабылдауға қатысты екі мәселені атап көрсетеді. Біріншісі – кірме сөздердің тек түбірін ғана қабылдау. Екіншісі – өзге тілдерден жұрнақтар алмай, кірме сөздердің барлығына төл жұрнақтарымызды ғана жалғау. Ол кірме түбірлерді өзгертпей қабылдауға қарсы, оларды қазақ тілінің заңдарына сәйкестендіріп алуды ұсынады. Мұны ғалымның кірме терминдерді қабылдаудағы берік ұстанымы деуге болады. Ол еуропа халықтары, орыс халқы терминдерді өзге тілдерден қалай алып отырғанын да мысал етіп көрсетті. «Аурупа жұрты латын сөздерін термин қылып қолданғанда бұлжытпай алып отырған жоқ, әр сөзді әркім өз тіліне бейімдеп өзгертіп қолданып жүр, сөзді өзгерткендер әрқайсысы өз тілдерінің заңымен өзгертеді» деген ғалым пікірінен оның ізденіс ауқымының кеңдігін, жан-жақты білімділігін аңғаруға болады. Одан әрі ғалым сөз етіп отырған мәселеге қатысты өз ойын былайша сабақтайды. «Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Аурупа сөзін  асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек.... Күнбатыс Аурупа сөздерін алғанда түбірін тексеріп, шамадан келгенше сөзді түпкі иесінің сөйлеуіне жақындатып алу керек. Сөз франсоздікі болса, франсоздың айтуына, немістікі болса, немістің айтуына жақындатып алу керек. Көпке дейін аурупамен біздің арамызға орыс тілі дәнекер болады. Орыстар Аурупа сөздерін өзінше өзгертіп алады. Мұны үнемі ұмытпасқа керек. Аурупа сөздерін орыс арқылы алғанда өте сақтық керек. Аурупа сөзін орыс өзгертіп, орыстың өзгерткенін біз тағы өзгертсек, ақырында Аурупа сөзі танымастай болып кетіп, аурупаша да болмай, орысша да болмай шатақ болуы мүмкін».

Ғалымның сонау 20-жылдары айтқан бұл пікірі бүгін де құнын еш жойған жоқ. Өкінішке қарай, шет тілдерінен термин алудың аса бір нәзік тұсын дәл аңғара білген ғалымның білімдарлықпен айтылған осы пікірі ескерілмей келді. Біздің көп уақытқа дейін еуропа халықтарының сөздерін қабылдауда орыс тіліне жүгінетінімізді ол сол кезде-ақ болжай білген. Болжап қана қоймай, орыс тілінің ықпалында кетіп қалудан сақтандырған да болатын. Бірақ біз сақтана алмадық. «Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес» деген  ғалым пікірі о баста-ақ айтылса да, одан қорытынды шығара алмадық. Ғалымның «Жат сөз тілдің заңына бағынбаса сіңбейді, қазаққа мұра бола алмайды» деген сөзінің өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Өзгеріссіз қабылданған сөздердің терминқорымызға еніп, біз оларды жатқа біліп, жаппай қолданып жүргенімізге елеулі уақыт өтсе де, тілімізге сіңісер емес.

Халел Досмұхамедұлы өз замандасы Нәзір Төреқұлұлының 1926 жылы жарық көрген «Жат сөздер туралы» атты еңбегіне рецензия жазады. «Жат сөздер туралы» деп аталатын оның осы рецензиясы Н.Төреқұлұлының кітапшасын терең талдап, әділ пікір айтып, өз деңгейінде бағалай білген өте құнды мақала. Оның осы рецензиясынан да ішкі мәдениетінің жоғарылығын, ғылыми әдепті сақтай білетін ғалымға тән зиялылығын аңғаруға болады.

Төртіншіден, Х.Досмұхамедұлы терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жолдарын ұсынып, бұл іске айрықша атсалысқан зиялылардың бірі. Ғалымның өткен ғасыр басындағы терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты пікірлері бүгінге дейін құнын жойған жоқ. Ол қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде терминология мәселелерін талқылауға қатысты жарыссөзде былай дейді: «Пән сөздерін қабылдау реті мынадай болу керек: бүтін қазақ халқы үшін жалғыз Білім кеңесі болу керек. Ол Білім кеңесінің жанында әр пәннің мамандарынан сайланған кемесиелер болу керек. Пән сөздер әуелі тиісті кемесиенің сынына түсіп, оның қабылдап алған сөздері баспасөз жүзінде жарияланып, көптің талқысына түсуге тиіс, ол пән сөздер сонан соң ғана барып Білім кеңесінің қарауына түсіп, бекіліп шығуға тиіс».

Шындығында біздегі терминдерді бекіту реті ғасыр басынан бастап, күні бүгінге дейін ғалым айтқан тәртіппен жүзеге асырылып келді.

«Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері. Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне лайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді» деген ғалым пікірі де шындықтан алшақ кетпейді. Ғасыр басында да мұсылманша оқығандар бір жаққа, еуропаша оқығандар екінші жаққа тартқаны мәлім. Орыс тілінің ықпалы күшейіп, орысша оқығандар саны артқан кеңестік кезеңде біздің ғылым тіліміздің, терминологиямыздың даму бағытын солар белгілеп, үлкен өзгерістер жасағаны белгілі. Ғалым пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге бүгінгі қазақ терминологиясынан жүздеген мысалдар келтіру еш қиындық туғызбайды.

Бесіншіден, Халел Досмұхамедұлы қазақтың биология-медицина, табиғат тану терминдерін жасап, қолданысқа енгізген ғалым. Ол қазіргі кейбір ғалымдарымыз сынды «қазақ тілінің мұндай ұғымдарды білдіруге мүмкіндігі жетпейді» деп өздерінің дәрменсіздігін мойындамай, өз ұлтының тіліне мін таққан жоқ. Керісінше, тілдің мүмкіндігін дұрыс пайдалана алмауды үлкен мін деп санады. «Ғылым атауларын дұрыстап таға алмай, тілімізді ғылым жолына сала алмай, кей жұрттарша араб пен парсыны, латын мен орысшаны араластырып былжыратсақ, бұл тіліміздің жарлылығынан, кемдігінен емес, кітеп жазушыларымыздың нашарлығынан. Өз тілін әбден білмегендігінен болады» (Жануарлар. Бірінші бөлім. Алғысөз.) деген ғалым сөзі соны айғақтайды.

Ғылыми ұғымды дәл бейнелеп, тіл тұтынушыларының көңілінен шыға қоятындай термин жасау – тілді жетік білуді, шығармашылық шеберлікті, көп ізденісті қажет ететін өте күрделі  шаруа. Ғалым оны жақсы түсінді. Сөйте тұрып, жауапкершіліктен, қиындықтан қашқан жоқ. Ол қазақ ұлтына, оның ғылым тілін, терминдер қорын жасауға қызмет етуді өзіне міндет санады. 1921 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Табиғат тану» оқулығының алғы сөзінде ол «Термин табу бек қиын. Сөйткенмен қолдан келгенінше терминдерді нағыз қазақ сөзінен алдық. Қата кеткен терминдер болса, хат арқылы білдірулеріңізді өтінеміз» – десе, «Жануарлар» атты еңбегінің екінші бөлімінің алғы сөзінде «Сөздің көбі жат жануарлар турасында болғандықтан, ғылым атауларын дұрыстап тағу жөнінде көп бейнет шегілді. Ғылым атауларын қолымыздан келгенінше түсінікті қылуға тырыстық» деп жазыпты.

Алаш зиялысының қазақтың өз тілінде термин жасаудың бейнетін көргеніне, ғылыми ұғымдардың атауларын қазақша жасауға шын бас қатырғанына еш күмән келтіре алмаймыз. Өйткені, оның сөзіне істеген ісі нақты дәлел болады. Ғалым қазақ баласына арнап жазған оқу құралдары мен оқулықтарының қай-қайсын ашып қарасаңыз да, кірме атаулар үлесі өте аз. Ондағы терминдердің негізгі басым бөлігін автордың өзі ұлт тілінде жасағанын көруге болады. Ұлт тілінде терминжасам тәжірибесі орнықпаған, терминүлгілер тұрақтай қоймаған кезеңде тыңнан термин жасау батыл қадам, бастамашылдық қана емес, бұл ғалымның асқан ізденімпаздығын, алдына үлкен мақсат қоя білгендігін көрсетеді.

Халел Досмұхамедұлы өткен ғасыр басындағы азаматтық тұғырынан айнымай, алаш алдындағы перзенттік парызына адал болған халқымыздың аяулы ұлдарының бірі.

Бөлімнің презентациясы