Терминдерді бекіту жұмыстарының дамуы

Терминдерді бекіту жұмыстарының дамуы

Тәуелсіздіктен кейін терминдерді үйлестіру жұмыстары өз жалғасын тапты. Осы кезеңдегі Мемтерминком құрамы, я болмаса осы істің басы-қасында жүрген зиялы қауым терминдерді реттеу жұмысын жандандыруға, жетілдіруге, жалпы терминология мәселелеріне айрықша мән беріп отыр. Терминологиялық Хабаршы шығады, ҚР Мәдениет Министрлігі құрамындағы Тіл комитетінде терминология мәселесімен айналысатын басқарма жұмыс істейді, көптеген семинарлар, конференциялар ұйымдастырылды. Дегенмен қазіргі кезде де терминдерді реттеуге байланысты барлық мәселе шешілді деуден аулақпыз. Осы орайда терминологиялық жұмыстарды жетілдіруге байланысты ұсыныстар да жоқ емес.

Біріншіден, терминология саласына тікелей жауап беретін, тұрақты жұмыс істейтін ұйым қажет. Себебі терминологиялық жұмыстар ғылым мен техниканың, мәдениеттің және басқа да арнаулы салалардың дамуымен бірге ұдайы жүргізіліп отыратын ауқымды жұмыстар кешенін құрайды.

Екіншіден, терминологиялық жұмыстарды жүргізумен мемлекет тарапынан қаржыландыратын ресми орган айналысуы керек.

Үшіншіден, терминологиялық жұмыстарды жүргізетін мекеме өкілеттілігі бар мемлекеттік орган болуы керек.

Төртіншіден, терминологиялық комитетте жоғары кәсіби білікті терминологтар мен ұзақ жылдар бойы термин жасаумен, терминологиялық сөздіктер түзумен айналысып жүрген арнаулы салалардың тәжірибелі мамандары жұмыс істеуі тиіс [4, 161-163 бб.].

Елімізде латын әліпбиінің қабылдануына орай алдағы уақытта терминдерді жазуды реттейтін жаңа мәселелер шығып отыр. Осымен байланысты да дұрыс бағыт-бағдар қажет. Қорыта келгенде, терминологиялық жұмыстардың елімізде дұрыс жүргізілуі мемлекеттік тілдің дамығандығын көрсететін маңызды шаралардың бірі.

Бөлімнің презентациясы