Техника саласындағы терминжасам мәселелері

Техника саласындағы терминжасам мәселелері

Бүгінгі күні еліміздің техника саласындағы, соның ішінде сәулет және құрылыс саласындағы терминдерді түсіндіруде, жасауда және қолдануда туындап отырған өзекті мәселелер айтарлықтай көп. Қазіргі терминдерді, оның ішінде терминжасамның негізгі тәсілдерімен жасалған терминдерді талдау – осы мақаланың негізгі міндеті болып табылады.

Ғалымдар ұсынған жіктелім бойынша терминдердің жасалу жолдары бірнешеу:

  • Семантикалық тәсіл.
  • Морфологиялық тәсіл.
  • Синтаксистік тәсіл.
  • Морфологиялық-синтаксистік тәсіл. [1, 123]

Мақаланың зерттеу материалы ретінде терминологиялық сөздіктерден, анықтамалықтар мен энциклопедиялардан іріктеу негізінде алынған термин сөздер мен терминдік тіркестер талданады.

Кез келген білім саласында ғылыми сөздік қалыптастыруда пайдаланатын тәсілдің бірі – кәсіби түрде анықтамасы берілген жалпы қолданыстағы сөздерді қолдану. Осыған байланысты терминжасамның семантикалық тәсілі өнімді тәсіл ретінде үлкен қызығушылық тудырады. Семантикалық тәсіл сөздің жалпы қолданыстағы мағынасының терминденуін, кеңеюін, метафоралануын, метонимиялық тұрғыдан ауысуын, лексемалардың жүйелер арасында бір-біріне енуін, шет тілдік лексемелер мен терминдік элементтердің тілге енуін қамтиды. Жаңа терминді жасауда негізгі тәсілдің бірі сөзді семантикалық жағынан дамыту болып табылатыны туралы біраз ғалымдар айтып жүр [2, 528]. Екінші аталым процесінің нәтижесі болып табылатын бұл тәсілдің басты қағидасы – жалпы қолданыстағы сөздің арнаулы білім саласында жаңа ұғымда жұмсалуы. Бұны терминдену процесі деп те атайды.

Жалпы қолданыстағы сөздің семантикасы жаңа термин түзуде қолданған кезде метафора және метонимия қатысады. Тілімізде, соның ішінде техника саласы тілінде метафоралану жолымен жасалған терминдер көптеп кездеседі. Жалпы қолданыстағы сөздің ғылыми салаға өтуі сөздің бастапқы мағынасының өзгеруімен тікелей байланысты. Сөз заттар мен құбылыстарды тілдік тұрғыдан белгілеу құралы бола отырып ұғымдар арасындағы логикалық-заттық байланыстардың немесе қарым-қатынастардың негізінде көне және жаңа ұғымдар арасында бір-біріне ауыса алу қабілетіне ие екендігін В.Н. Телия атап өткен. Автор жаңа ұғымды белгілеу үшін бұрыннан фонетикалық пішіні қалыптасқан аталымның қолданылуына назар аудартады: «номинативный инвентарь пополняется в основном за счет заимствований или вторичной номинации, т.е. использования в акте номинации фонетического облика уже существующей единицы в качестве имени для нового обозначения" [3, 336].

Жалпы қолданыстағы сөздің терминденуі оның мағынасын қайта қарау, басқаша қолдану барысында жүзеге асырылады. Бұл процесс заттардың немесе құбылыстардың ұқсастығының, кеңістіктегі не уақыттағы шектестігінің, жақындығының немесе олардың қызметтерінің ұқсастығының негізінде жасалады. Ғалымдардың еңбектерінде түрліше аталатын терминжасамның бұл тәсілі соңғы жылдары қарқынды қолданыс тауып жүр. Орыс терминологиясының негізін қалаушылардың бірі, ғалым Д.С. Лоттенің сөзімен айтсақ: «В качестве нового научно-технического термина часто используется существующее уже обычное слово с сохранением его звукового состава. Например, такие слова как «твердость», «хрупкость», «усталость», «прочность», «выносливость», входили в словарь общелитературного языка задолго до их использования в терминологии» [4, 38].

Бұл процестің өзі бірнеше жолдармен жүзеге асады. Сөздердің мағыналық жағынан ұқсастығына қарай, заттың сыртқы түрінің ұқсастығына немесе атқаратын қызметінің ұқсастығына қарай жалпылама қолданылып жүрген сөздер терминденеді. Қазіргі күні техника саласындағы, соның ішінде сәулет және құрылыс терминологиясындағы қазақ терминдерінің терминдену әдісі терминжасамда өнімді тәсілдердің бірі болып табылады, мұнда жалпы пайдаланылатын сөздер қандай да бір ғылыми ұғымды білдіру үшін аса биік талғаммен пайдаланып, термин қатарына ауысады.

Қазақ халқының сөз талғамының биіктігін түрлі шаруашылық саласында қолданылатын атаулардан көруге болады. Тілге жеңіл, ұғынуға оңай сөздердің мағына дәлдігі қазіргі терминге қойылатын талаптарға толығымен жауап береді. «Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады. Ұғымға сөз дәл келу үшін сөздің мағынасын дұрыс айыра білу керек. Лебіз ашық, мағыналы болуы үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болуы керек. Адам анық танитын нәрсесін анық айтады да, көмескі танитын нәрсесін көмескі күңгірт айтады», - дейді Ахмет Байтұрсынов [5]. Бүгінгі терминдегі күңгірттіктің түп негізі – шет тілдерден енген ұғымдардың ішкі мазмұнына бойламаудан. Бұл қазақтың белгілі тілтанушы ғалымы М. Балақаевтың:  «Үй салушы құрылыс материалдарын таңдап алмай, болашақ сарайдың пішінін біліп алмай, қалайша іске кіріседі? Сөзді білу, әрі көп білу – сан жағынан, сөзге талғаммен қарау, таразылау, сұрыптау – сапа жағынан – осының бәрі өнер иесінің тіршілігі, қамы» [6] ,-деген сөздері термин жасаудағы сөз талғамына деген жоғарғы талапты білдіреді.

Алайда сала мен сөздің табиғаты толық зерттелмей жасалған салалық терминдердің, соның ішінде лексикалық мағынасының өзгеруінен, яғни көнерген сөздің немесе қолданыстағы сөздің терминденуінен пайда болып жатқан жаңа сөздер мен сөз тіркестерінің қате қолданысы жиі кездесіп жатады. Бұлардың көпшілігі сөз семантикасын, этимологиясын терең зерттемеу себебінен болады. Мысалы, қазақ тілінің реалий сөздерін жаңа ұғымдарға беру жаңа сөздердің, әсіресе, терминологиядағы неологизмдердің мағынасын ауытқытады. Бұндай жағдайлар көбіне қазақтың киіз үйінің бөлшектеріне тән атауларды жаңа сөздер жасауда қолдану кезінде кездеседі. Атап айтқанда, «гипеоральное отверствие – шаңырақтесік», «ротонда – дөңгелекотау» сияқты сөздерді біріктіру арқылы жасалған жаңа сөздердегі «шаңырақ», «отау» атаулары – қазақтың этноұлттық ерекшеліктерін танытатын, белгілі бір затқа, соған қатысты дәстүрге телінген, басқа тілде баламасы жоқ сөздер. Ротонда латын тілінде rotundus дөңгелек деген мағынаны білдіреді. Отау да киіз ұғымымен тікелей байланыстырылса, сол пішінді өзіне сипаттама ретінде ала алады. Алайда қазақ ұғымында отау сөзі метонимдену тәсілімен үй, үй болу мағынасына ие болған. Мысалы, жас отау, отау тікті, отау құрды деген ұғымдар тұрақты сипатқа ие болып, қазақтың сөздік қорынан орын алған.

Сонымен қатар канализация – кәріз, сооружение – құрылыс деген сөз қолданыстары да осындай қателердің қатарын толықтырып отыр. Кейбір мәтіндерде, әсіресе жарнамаларда, «гипс» терминінің баламасы ретінде «ғаныш» сөзі алынады. Алайда ғаныш гипс пен саздан тұрады, яғни гипс – оның құрамындағы зат, сондықтан ғанышты гипс терминінің баламасы ретінде қолдануға болмайды.

Сөздің семантикасы толығымен жаңадан жасалған терминге ауысатын болса, бұл терминдену деп аталады. Ал жалпы қолданыстағы сөздің семантикасы ішінара пайдаланылатын болса, онда метафора немесе метонимия құбылысы орын алады. Екеуінде де негізінен адамның өз ортасында белгілі құбылыстар мен заттарды білдіретін лексикалық бірліктер пайдаланылады, сол себепті антропоморфтық, зооморфтық терминдер жиі кездеседі.

Сәулет және құрылыс терминологиясындағы метафоралану тәсілі заттар мен құбылыстардың сыртқы ұқсастықтарға және функциясының ұқсастықтарына негізделеді. Жоғарыда атап өткендей, метафоралау жолымен жасалған терминдердің баламасы адамның айналасынан, оның өзінен және отбасынан, мал-мүлкінен ұқсатып алынады. Мысалы, пештің мойны, өңеші, белдің құмырасы, бесік пеш, буаз ара, ошақтың езуі, жапсырма құлақ, көріктің көмейі, күйеу қазық деген атауларда адамның дене мүшелеріне ұқсату әдістері қолданса, қасқырауыз (әлді қысқаш, үлкен қысқаш), құстұмсық (қайла, жер қазатын құрал), итарқа (итжон), қабанқұлақ (қайрақ, көк сұр түсті тұтқыр тас қайрақ) деген халық терминдері адамға өте жақсы таныс жан-жануарлардың болмысына, түрлері мен дене мүшелеріне баланып тұр. Сол сияқты зат есімдер ғана емес, етістіктер де осындай тәсілмен жасалып, бүгінге дейін сол мағыналарында пайдаланылып келеді: білезіктеу, көбелеу (судың айналасын көтеріп, биіктете топырақ үю), сақиналау, т.б.

Қазіргі кезде терминжасамда жиі қолданып жүрген тәсіл – аударманы да семантикалық тәсілге жатқызуға болады. Олардың ішінде сәтті шыққандары да біршама. Мысалы, «Гусёк» – жүк кранының көтергіш бөлігі, бұл атаудың орыс тілінде «клюв», «хобот» нұсқалары да бар, бірақ қазақ тіліне термин ретінде бірінші сөздің баламасы алынған.

Метафоралық аударманың сәттісі ретінде қолданылатын айқұлақ терминін алуға болады. @ лигатурасы әр тілде әртүрлі аталады: ұлу (француз, беларус, украин, итальян), ит (орыс), маймылдың құйрығы (голланд), маймыл (поляк, хорват, румын), су ұйығы (жапон), тышқан (қытай) және т.б. Осылардың ішінде қазақ тіліне ұлудың бір түрі айқұлақ алынғаны тілге де жағымды, ұқсату жағынан да сәтті шыққан.

Аударма тәсілі арқылы жасалған метафора терминдердің бәрі бірдей бұндай сәтті деп айтуға болмайды, себебі аударма барысында көп ескеріле бермейтін мағынаның тарылуы немесе кеңеюі сияқты қателіктер сәулет және құрылыс терминдерінде де жиі кездеседі. Мысалы, Атлант немесе атлас атауы ежелгі грек аңыздарына негізделген. Гректердің мифтік кейіпкері Атлант құдайлардың қаһарына ұшырап, оған иығымен аспанды тіреп тұру жазасы кесіледі де, сол күйінде тасқа айналады. Сәулет өнерінде осы образ сақталып, ғимараттардың аражабынын, балкондарын тіркеп тұратын ұстын ретінде жасалады. Қазақ тілінде термин ретінде кейіпкердің есімі емес, оның күш, қайрат иесі – ер екендігі атауға негіз болып, ердіңгек деген атау қалыптасқан.

Діңгектердің тағы бір түрі «Кариатида – статуя женщины, поддерживающая балочное перекрытие и выполняющая функцию опоры (столба, колонны)» [7, 254]. Арудіңгек – бұл да жалпылама атау, себебі бұл атаудың қазақша баламасында тек әйел бейнесі берілген. Діңгектің «Кариатида» атауының шығу тегі туралы аңыз гректердің Пелопенестің Карий қаласына соғыс ашу оқиғасымен байланыстырылады.

Аңыз бойынша жаулаушылар қаланы алғаннан кейін, ондағы ерлерді қырып, әйелдерін күңдікке алып кетеді. Бірақ үстеріндегі ұзын киімдерін де шешкізбей, әйелдерді тізіп алып кеткендегі басты мақсат оларды ерлерінің қылмыстары үшін жазалап, көпшілік алдында масқаралау болды. Кейінгі ұрпақ карийлықтардың осындай жазасын естеріне сақтау үшін сол кездің сәулетшілері қоғамдық ғимараттардың ауыр арқалықтарды көтеріп тұрған ұзын киім киінген әйелдер мүсіндерін жасаған. Тағы бір аңыз бойынша кариатидалар – адамгершілікке жат қылықтары үшін ғимараттың ауырлығын көтеруге мәжбүр болған жеңіл жүрісті әйелдер. Оларды басқа әйелдерге үлгі қылу үшін жасаған. Осы мағыналарына қарағанда, «таза, пәк» мағынасын беретін «ару» сөзімен жасалған қазақша баламасы дұрыс емес.

«Пальметта (фр. palmette) – архитектурное украшение в виде стилизованного веерообразного листа пальмы» [7, 417]. Мысыр және эллиндер сәулет өнерінде кеңінен қолданыс тапқан бұл өрнек бастапқы кезде лотос гүлінің түрінде болған, кейіннен пальма жапырағының пішіні қолданылатын болған. Сондай-ақ акант, үшқат өсімдіктерінің жапырақтары да бейнеленетін жағдайлар кездеседі. Алайда атаудың өзі айтып тұрғандай, бұл өрнектегі басты элемент – пальма жапырағы. Ал «өсімдік» – сол пальма немесе басқа өсімдік біткеннің жалпылама атауы. Сол себепті бұл терминнің қазақша жаңа баламасы ретінде алынған «өсімдікайшық» сөзі терминдік қызметін толық атқара алмайды.

Қазақ қолөнерінде ұлттық ою нақыштарының түрі көп, солардың ішінде өсімдіктермен айнала әлемді бейнелейтін ою-өрнектер бар: шыныгүл, үшқұлақ, жапырақ, бадам, қызғалдақ. Бұлардың атауларынан қандай өсімдіктер бейнеленетіні анық көрінеді. Немесе «араби өрнек» деп берілген, әлемге «арабески» (фр. arabesque, ит. arabesco – арабша) атауымен танымал оюдың өзіндік ерекшелігі сол атауынан-ақ көрініп тұр – араб мәдениетіне тән өрнектер мен кейде жазу элементтерінен тұратын ерекше стильдегі ою. Ал «өсімдік» жалпы атау болғандықтан, «пальметта» терминінің қазақша баламасы оның негізгі түйінін бере алмайды.

Бұл терминдер белгілі бір сәулет стилі, ұлттық, тарихи ескерткіш элементі ретінде реалий сөз болып қалдырылса, терминдік мағынасы сақталар еді. «В первую очередь бросается в глаза сходство реалии с термином. ...От термина нельзя требовать «национальной принадлежности»: независимо от своего происхождения он – достояние всего человечества, которое и пользуется им, как своей законной «собственностью» [8, 8-9]. Осы пікір терминнің баламасы ретінде ұлттық реалий сөздерді қолдануға болмайтынын тағы бір дәлелдейді. Мысалы, «Герма (гр. herma) – четырёхгранный столб, завершающийся скульптурной головой или бюстом» [7, 145]. Бастапқыда Гермес құдайдың басы бейнеленгендіктен, бұл діңгектің атауы осылайша аталған, кейіннен басқа да құдайлардың бастары салынғанымен, атау сол күйінде қалған. Грек тіліндегі атауынан ерекшелігі – қазақ тілінде Гермес діңгек деп аталып, Гермес сөзі негізгі субъекті – діңгектің анықтауышы ретінде беріліп тұр, яғни бұл терминнің мағынасы толығымен сақталған деп айтуға болады.

Қазақ тілінде семантикалық тәсілдің бүгінгі қолданысы аударма жасаудан аса алмай отыр, яғни қазақтың өз көзқарасымен, тұрмыс ерекшеліктермен затқа, құбылысқа бірегей ат беру қазір өте төмен дәрежеде қолданылады. Тіпті бұрын өте өнімді тәсіл ретінде қолданыста болған өзге тілден енген сөзді бейімдеу тәсілі де қазір қолданысқа қайта алмай отыр.

Орыс тілінен қазақ тіліне еніп, тігісі жатқызылып кеткен құрылыс терминдерінің салыстырмалы кестесінен олардың қазақ тіліне сіңісу дәрежесінің үлкендігі сондай, шығу тегін ажырата алмайтындай өзгергенін көруге болады.

3-кесте – Орыс тілінен енген құрылыс терминдері

Қазақша атауы

Анықтамасы

Этимологиясы

1

бейқұт

мұз сақтайтын орын

выход

2

белетен

талдан тоқылған қора

плетень

3

бөдке

күрке

будка

4

кәмөлөк пеш

пеш

камелек

5

кілет

1. қойма, қамба. 2. ас сақтайтын үй, шошала

клеть

6

кірлес

үстін шатырлап жауып, үйдің есігі алдына жапсыра салынған кіре берісі

крыльцо

7

көкеней, көкөне

үй алдынан істелген ас үй

кухня

8

көсік

есік-терезе жақтауы

косяк

Бұндай сөздерді көптеп келтіруге болады, өкініштісі, соңғы кездері бұл тәсіл мүлдем қолданылмайды десе де болады.

Терминдену тәсілі ретінде кейбір терминдердің диалектілік баламаларын қолдануды ұсынамыз. Жалпы, қазақ тілінің бай қойнауын зерттеп-іздестірсе, терминдердің баламаларын көптеп табуға болады. Бірақ сол диалектілердің ішінен әдеби тіл, термин нормасы ретінде таңдау жасағанда, салмақты зерттеулер жасау керек. Мысалы, орыс тіліндегі «балка» деген сөздің ұғымын беретін қазақ тілінде бірнеше сөз бар. Арқалық, белағаш, мәтке, матша, арыс, ірей ағаш, өрлік, салдау, сілеген, тосын – бұл сөздердің барлығы Қазақстанның әр өңіріндегі бір ұғымның атаулары. Осындай бірнеше нұсқалары бар сөздер біраз уақытқа дейін жарыса қолданылып келді және олар термин жасауда үлкен қиыншылық тудырды.. Бұлардың ішінен біреуін таңдауда олардың қолданылу аясының кеңдігінде, ғылыми-техникалық еңбектерде қолданылу жиілігіне қарау үрдісі шешуші рөл атқарып жүр. Аталмыш ұғымды беретін тоғыз сөздің ішінде «арқалық» сөзі қазақтардың ішінен тұңғыш кәсіби сәулетшілер болып танылатын Төлеу Бәсенов пен Малбағар Меңдіқұловтардың, көрнекті ғалым, елтанушы, этнограф Әлкей Марғұланның ғылыми еңбектерінде «балка» ұғымының қазақ тіліндегі баламасы ретінде «арқалық» сөзі пайдаланылған. Ал матша, мәтке сөздері орыстың матица сөзінің қазақ тіліндегі фонетикалық өзгеріске түсіп, ана тілімізге бейімделген нұсқасы.  Сол сияқты есіктің тақтайларын ұстап тұратын көлденең шебіктелген ағаштың бірнеше жергілікті нұсқалары бар – жіпсе, қарғаша, бел ағаш, бақалақ, белдік, беріктік. Осылардың ішінен көбіне қолданылып жүргені – қарғаша, бұл осы сөздің сөздікке еніп, термин мәртебесін алуына мүмкіндік жасайды.

Семантикалық тәсілмен салыстырғанда өнімді қолданылып жүрген тәсіл – морфологиялық тәсіл. Түбірге қосымшалар жалғану арқылы жасалатын бұл тәсіл арқылы жасалған жаңа терминдер сан жағынан өте көп. Олардың ішінде қате қолданылып жүрген бірнешеуіне тоқталып өтсек.

Өнімді жұрнақ болып табылатын -лық/-лік, -дық/-дік, -тық/-тік – қосымша көне түркі тілінен келе жатқан көне жұрнақ, мысалы, tarığlığ, küdenlik және т.б. сөздерді жасауда өнімділік танытқан бұл жұрнақ бүгінде де көптеген жаңа сөздердің жасалуына қатысып келеді. Бұрыннан тілімізде бар номинатив зат есімдер арқалық (балка), биіктік (высота) деген сөздердің үлгісінде көптеген неонимдер жасалды: акротерий – шоқтық, аморфность – аморфтық, водонасыщенность – сумен қаныққандық, водонепроницаемость – суөткізбеушілік, сусіңірмеушілік, влажность – ылғалдылық, вязкость – тұтқырлық, блеклость (дефект окраски) – күңгірттік (майлау ақауы), оголовок – баулық, оголовок стальной колонны – болат ұстынның баулығы, поддон – табандық, т.б.

Бұл жұрнаққа қатысты шешілмей жүрген мәселе – кейбір сөздерге артық жалғануы. Мысалы, минималдық, максималдық, номиналдық, вертикалдық, горизонталдық деген сөздерде анықтауыштық мағына үстеу үшін осы жұрнақтар жалғанған. Бұл – орыс тілінің формасын көзсіз көшіріп аударудан туындаған қателіктер, себебі қазақ тілінде кеңінен қолданылатын изафет тіркесті зат есімдердің анықтауыш-анықталушы қатыстағы байланысы бар. Мысалы, ағаш үй, бетон қабырға, тас еден және т.б. «Минимальный» - ағылшын тілінде minimal, minimum, «максимальный» - maximal, maximum, «номинальный» - nominal формаларында сын есім қызметін атқаратын сөздер, сол себепті оларға сын есім тудырушы жұрнақты тағы жалғау дұрыс емес. Қазақ тілінде минимал шығын, максимал мүмкіндік, номинал шама, вертикал сызық, горизонтал арматура деген тіркестер қолданылса, тілге орамды әрі қысқа және қазақ тілінің заңдылықтары орындалған болып есептелер еді.

-лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті: нанос – салынды, үйінді, осыпь – ысырынды, отсыпка – төгінді және т.б. сөздердің жасалуында зат есім тудырушы жұрнақ ретінде қолданылады. Сонымен қатар қатыстық сын есім тудырушы жұрнақ ретінде де көп қолданылады. Бұл қолданыста да -лық/-лік қосымшаларында кездескен артық үстеу қателері кездеседі, мысалы, активті, пассивті – сөз тіркестерінің сыңары ретінде анықтауыш қызметін атқаратын сөздер. «Аctive», «passive» - ағылшын тілінде изафет байланыста сын есімдік қызметте жұмсалады, сондықтан қазақ тілінде де ғылыми-техникалық терминологияда актив металл, пассив құрылым түрінде қолданған дұрыс.

Бұл кірме сөздерге ғана емес, төл сөздерді тіркестіруде де кететін қателерге қатысты. -лы/-лі, -ды/-ді, -ты/-ті қосымшалары өзі жалғанатын сөзге анықтауыштық мағына үстеп, анықталатын затта сол нәрсенің барлығын білдіреді, мысалы, бұрымды қыз – бұрымы бар қыз, балалы үй – балалары бар үй. Осы жұрнақтарды техника тілінде пайдаланғанда тіліміздің бұл қолданыстары ұмытылып, тағы да орыс тілінің формасы «эталон» қызметін атқарады. Техникалық құжат мәтіндерінде жиі кездесетін бұндай қателер «бетонды іргетас» (дұрысы – бетон іргетас), «бетонды жол» (бетон жол), «пластикті терезе» (пластик терезе) деген тіркестерден көрінеді.

Бұл жұрнақты қолданғанда жиі жіберілетін қате – оны -лық/-лік қосымшаларының орнына қолдану, мысалы, бетонды, бетондық, металды, металдық. Екі жұрнақтың арасындағы мағыналық айырмашылық ескерілмей, бұларды синонимдес жұрнақтар ретінде пайдалану жиі кездеседі. Синонимдік мағына таңылып жүрген тағы да жұрнақтар бар, олар – -ша/-ше және -шық/-шік қосымшалары.

-ша/-ше: арбаша, площадка – алаңша, полочка – сөреше, приямок – шұңқырша, прослойка – қабатша, пруток – шыбықша деген жаңа сөздердің бәрінде -ша/-ше кішірейту мағынасында қолданылған. Бұл қолданыс дұрыс емес. Аталмыш қосымша өзі жалғанған сөзге ұқсату мағынасын беріп, «сияқты» жалғаулығын алмастырады. Мысалы, Әнді сүйсең, менше сүй. Ұқсату мағынасындағы терминдер орыс тілінде күрделі сын есім жасаушы -образный, -видный сыңарлары мен под предлогының көмегімен жасалады. Осы сөз тіркестерінен аударма жолымен жаңа тіркес жасауда аталмыш қосымшаларды пайдалану, біріншіден, мағына дәлдігін қамтамасыз етсе, екіншіден, термин сөздерінің қысқалық талабын қанағаттандырады, мысалы, отделка под мрамор – мәрмәрша әрлеу, соединение вилкообразное – айырша немесе айыр қосылыс, отделка под орех - жаңғақша әрлеу, линолеум мраморовидный – мәрмәрша немесе мәрмәр линолеум. Ал кішірейту мағынасын беретін -шық/-шік жұрнақтары қалашық, қарашық, үйшік, көлшік және т.б. сөздерде бұрыннан қолданыста болғанмен, жаңа сөз жасауда өте сирек қолданылады, мысалы, қарастырылып отырған терминологиялық сөздікте бұрыннан қолданылып келе жатқан түйіршік (гранула), epшік (седелка) сияқты сөздерден бөлек тек арбашық (вагонетка) деген жаңа сөз келтірілген.

Синтаксистік тәсіл бүгінгі терминжасамда өте көп қолданылады. Әсіресе басқа тілден енген терминдерді аударуда кеңінен пайдаланылып жүр. Бұл тәсілде калька әдісі басымдылық танытып отыр. Бүгінгі термин жасаушылардың көпшілігі қазақтың бұрынғы сөз қолданысының үлгісіне жете алмай отыр. Тіркестерді аударған кезде басқа мағыналарымен қатар қарапайым, қарабайыр ұғымын беретін қара сөзінің тіркестің сыңары ретіндегі қолданысын келесі мысалдардан көруге болады: қара алқа (құлып), қара болат (өңделмеген болат), қара сылақ (үйдің қабырғасына, төбесіне және сыртына жүргізілетін бірінші сылақ), т.б. Сол сияқты орыс тіліндегі полу сыңар суффиксінің қазақ тілінде жартылай деп қана аударылып тіркес құрауы да бай тіліміздің аясын тарылтып отыр. Мысалы, тамақ өнеркәсібінде полукопченый деген орыс тіліндегі дәнекер у әріпінің көмегімен жасалып, қазақ тіліне сөз тіркесімен аударылатын терминнің атауы жартылай ысталған деп беріледі. Мағыналық жағынан бұл шала ысталған болуы керек. Қазақ тілінде жарты деген көлемдік мағынаны, тұтас заттың бір бөлігі ұғымын береді, яғни жартылай ысталған деген бір кесек еттің немесе балықтың жартысы ысталып, жартысы ысталмады деген мағына береді.

Сөздердің тіркесуінен жасалған жаңа сөздер сәулет және құрылыс терминологиясының үлкен бір тобын құрайды: выселки – оқшау қоныс, горячая гибка – ыстықтай ию, бетон водонепроницаемый – су өтпес бетон, глаголь – кертпе баспана, грунт непрочный – осал топырақ, витраж – әшекей әйнек, отопление паровое – бумен жылыту, отопление центральное – орталықтан жылыту, патрубок – келтек құбыр.

Келтірілген сөз тіркестері мысалдарының көпшілігі терминдік сипатта жасалған деп айтуға болмайды, өйткені төл тілінде бір сөзбен берілетін ұғымдар қазақ тілінде сөз тіркестерімен берілген, бұл біріншіден, екіншіден, терминдер экспликациялық аударма тәсілімен жасалған, мысалы, «витраж» ұғымының баламасы ретінде берілген қазақша атауы оның сипаттамасын береді – әшекей әйнек. «Витраж» француз тіліндегі vitre – терезе әйнегі деген мағынаны берсе, бастапқы мағынасы латын тіліндегі vitrum – әйнек дегенді білдіреді. Бұл әйнек түрлі-түсті етіп жасалған, бейнелеу өнерінің туындысы болып табылады, негізінен, терезеге салынады. Терминде әйнектің әшекейлігі көрсетілгенмен, бұл терминдік сипаттан гөрі анықтамалық мағына беріп тұр. Сол сияқты арк – ішбекініс, палисад – ықшамбақ. Бұндай қарабайыр үлгімен жасалған сөздердің терминдік сипаты жоқ. Бұл тұрғыдан Р.Сыздықованың пікіріне құлақ түрген дұрыс, ғалым «қазақы» терминдерді пайдалану мүмкіндігіне күмән келтіреді: «...ғылыми терминдерді түгелге жуық қазақша жасасақ, тілімізді ғылым тіліне айналдырамыз деген жаңсақ пікірде жүрген сияқтымыз. Ғылым тілі болу үшін ең алдымен ғылымның сан-саласына сол тілде баяндауды іске асыру керек, ал баяндау үстінде кірме терминдерді қолданамыз ба, өз қорымыздан жасалған «қазақыларын» пайдаланамыз ба – бірақ қайткенде де айтпақ ойымыз, талдауларымыз бен тұжырымдарымыз қазақша болуы шарт. Ғылым сөзін айтуда, әсіресе, оның физика, геология, химия сияқты сан алуан салаларында көптеген халықтар ықылым заманнан бері қолданып келе жатқан көне грек, латын сөздері болып келетін дүние жүзілік ортақ қордан бас тарту тіліміздің терминология қорын тұйықтап қана қоймай, ғалымдарды ортақ ұғымдарды танудан алшақтата түсері хақ. Қазақша ғылым тілі ғылыми стилі қарабайырлықтан аман болуы керек» [9].

Қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің жасалуындағы бір әдіс – түбірлі интернационал компоненттердің орыс тілінің о, е, и, у дәнекер дауыстылары (соединительные гласные) арқылы жасалған терминдерді аудару жолы. Мысалы, газоэлектросварка, металлокерамика, электродрель және т.б. Бұл тәсілмен жасалған сөздердің қазақ тіліне аударылу ерекшелігі – бірінші бөлігіндегі жалғаушы суффикстер өзінің атқарып тұрған қызметіне қарай аударылады. Мысалы, металл қыш (сыны), электр бәрбі (сыны), газбен-электрмен дәнекерлеу (жасалу құралы).

Жиі кездесетін қате де осы орыс тіліндегі дәнекер дауыстылармен жасалатын сөздерді аударғанда, олардың жазылуынан кетеді. Орыс тілінде бірге немесе сызықша арқылы (25-летие) жазылатын бұл сөздер қазақ тіліне аударылғанда ешқандай тыныс белгісіз және сөз тіркесі ретінде көбіне бөлек жазылады. Берегоукрепляющие работы – жаға бекіту жұмыстары, морозостойкий – аязға төзімді, пятиэтажный – бес қабатты, т.б. Бірақ терминологиядағы сөз үнемдеу қағидасы бойынша термин болып қалыптасып қалған, бірінші сыңары жалғаусыз сөздерді бірге жазу үрдісі бар, мысалы, громоотвод – жайтартқы, маслоуловитель – майтұтқы, железобетон – темірбетон және т.б.

Морфологиялық-синтаксистік тәсіл эллипсис, аббревиация әдістерімен жасалады. Осы мақаланың мақсатына сәйкес аббревиация, яғни сөздерді қысқарту әдісін сөз етпекшіміз. Қысқарған сөздерді екі топқа жіктеуге болады: еліміздің әлемдік ауқымда шетелдермен саяси-экономикалық қарым-қатынасының орнауына байланысты тілімізге енген шет тілдерінің қысқарған сөздері: TUV Nord, ISO, DIN және өз тілімізде жасалып жүрген қысқарған сөздер: ҚНжЕ, ҚЕ, МҚН, ЖА және т.б. Қазіргі терминжасамдағы сөз қысқарту мәселесі ғылыми түрде қаралып жатқан жоқ, соның салдарынан қазақ тіліндегі сөздерді, соның ішінде түрлі ұйымдардың, технологиялардың күрделі атауларын қысқарту кезінде өрескел қателер кетіп жатады. Бұл - «...тілдегі дыбыстардың бір-бірімен қатар тұру мүмкіндігі, олардың тарихи қалыптасқан орны болатындығын» [10, 123] ескермегендіктен болатын қателер. Мысалы, ҚР ҚжТКШІК (ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті) – орыс тілінде жақсы жымдасып, жазуға да, айтуға да қолайлы КДСиЖКХ қысқарған атаудың қазақ тіліндегі баламасы. Қазақ тіліндегі сөз қысқартудың қиындығы тіліміздегі дыбыстар үндестігінде. Сонымен бірге қысқарған сөздерге жалғаулар жалғау ережесі де сақталмайды.

Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сөздердің ішінде -хана қосымшасымен мағыналас, бірақ қазіргі қазақ тілінде өзіндік толық мағынаға ие «жай» сөзіне тоқталмақшымыз. Бұл сөз термин жасауда кең қолданылып келеді, мысалы, горница – алқажай, альков – оймажай, альков, будуар – ханымжай, кальдарий – ыстықжай, мезонин – үстіңгі қоспажай, музей – мұражай, дача – саяжай, опистодом, описфодом – қарсыжай, опистодом, рекреация – тынысжай, рекреация, таблинум – түкпіржай, көрерменжай – театрон, тепидарий – жылыжай, термы (моншажай) және тағы басқалары. Сонымен бірге бұл сөз үй-жай ретінде орыс тіліндегі помещение терминінің баламасы болып қолданылып жүр. Атап айтатын жағдай дәл осы формада бұл термин кез келген контекстіде өзгеріссіз қолданылмайды. Мысалы, животноведческие помещение деген тіркесте қоражай, вспомагательное помещение дегенде қосалқы жай, офисные помещения – офистік жайлар түрінде қолданылғаны жөн. Сондай-ақ толық мағыналық сөз сипатынан айрылған -хана жұрнағы мен жай қосымша сөзінің кейде бір түбірге жалғанып, жарыспалы түрде қолданылатын кездері де ұшырасып қалады, мысалы, көшетхана – көшетжай, жылыхана – жылыжай.

Осы мақалада талданған терминдердің жасалу жолдары қазақ терминологиясының бүгінгі ахуалына сәйкестендіріп қарастырылды. Мәтінде айтылып кеткендей, терминжасамның барлық тәсілдері бірдей қазіргі таңда өнімді болып отырған жоқ. Жаңадан сөз түзу, термин жасау барысында бұл жағдайды ескерген жөн. Сонымен бірге қазақтың бұрыннан қалыптасқан халық терминдері мен атауларының жасалу жолдарынан, әдіс-тәсілдерінен үлгі алып, терминді мейлінше табиғи түрде қалыптастыруға назар аудару керек.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Гринев-Гриневич С.В. Терминоведение. – М.: «Академия» баспа орталығы, 2008.
  2. Татаринов В.А. Общее терминоведение: Энциклопедический словарь/Российское терминологическое общество Росстерм. – М.: Московский Лицей, 2006.
  3. Телия В.Н. Номинация // Лингвистический энциклопедический словарь / гл. ред. В.Н. Ярцева. 2-е изд., доп. М. : Большая Российская энциклопедия, 2002.
  4. Лотте Д.С. Основы построения научно-технической терминологии. Вопросы теории и методики. – М.: Издательство АН СССР, 1961.
  5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Мұралық, 1999.
  6. Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту әдістемесі. – А., 1989.
  7. Булыко А.Н. Большой словарь иностранных слов. – М.: «Мартин», 2006.
  8. Влахов С., Флорин С. Непереводимое в переводе. - М.: Международные отношения, 1980.
  9. Р.Сыздықова «Тілдегі жаңалықтарсыры неде?»//«Ана тілі», 1991 жылғы 19 желтоқсан.
  10. Құрманбайұлы Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атаулар мен қысқарған сөздер, Астана, «1-С-Сервис», 2009.