Тең мағыналы терминдер және біріздендіру мәселелері

Тең мағыналы терминдер және біріздендіру мәселелері

Терминтаным метатілінде мәтін ішінде терминдердің бір мағынаны білдіретін, бірақ, әртүрлі формада бірізді берілмеуіне байланысты синоним, вариант, дублет, баламалық сияқты ұғымдар қолданылады. Олар әртүрлі болғандықтан, ғылыми әдебиеттерде әртүрлі атау берілген. Сонымен қатар қазіргі таңда терминтануда синонимияға берілген жалпыға ортақ анықтаманың жоқ екендігін де атап өткен жөн.

Ғалымдар көбіне жалпытілдік синонимия құбылысын терминологиядағы дублеттік құбылысына қарсы қояды. Ол жайында Л.А.Капанадзе: «... Лексикалық мағынасы бар жалпы әдеби сөздердің синонимі мен антонимі болады, ал терминологияда мұндай ештеңе жоқ. «Мағынасы жағынан жақын» терминдер жоқ, «терминологиялық дублеттер» бар» [1, 78 б.] деп пайымдайды. А.П.Коваль мен И.С.Квитко да осы пікірде: «Бір затты параллель атау дублет деп аталады. Дублеттілік – түп-тамыры жағынан жалпытілдік синонимиядан өзгеше құбылыс» [2. 261]. Л.Л.Кутинаның пікірінше, «ғылыми контекст шегінде синонимдердің бәрі (терминдер) – дублеттер» [3. 123]. «Дублеттер арасында, - дейді Е.Н.Толикина, - синонимдік қатар қалыптастыратын қатынас жоқ, эмоционалды-экспрессивті, стилистикалық немесе реңкті оппозиция жоқ, олардың өзара қарым-қатынасы белгіленбеген, олардың әрқайсысы білдіретін затына тікелей қатысты және этимологиялық немесе құрылымдық жағынан өзгеше болуы мүмкін» [4. 61].

Кейбір ғалымдар терминологияда синонимия деген ұғымды қолданғанды жөн көреді [5; 6; 7; 8; 9]. «Ғылыми-техникалық терминологияда, - деп жазады Д.С. Лотте, - синонимияның көп таралғаны байқалады, яғни бір ұғымды білдіретін екі немесе одан да көп термин бар» [5.16]. Ғалым синонимдерді абсолют және салыстырмалы синонимдер деп екіге ажыратады. Абсолют синонимдер дегеніміз – мағынасы толық барабар терминологиялық бірліктер, ал мағынасы жартылай сәйкес келетін терминологиялық бірліктер – салыстырмалы синонимдер. Д.С. Лоттенің пікірінше, терминдердің біреуі екінші бір терминнің қысқаша формасы болатын бір ұғымның әртүрлі белгілерін білдіретін жағдайларда синоним терминдерді қолданған орынды.

В.П. Даниленко бірліктерді нақты терминжүйедегі бір ұғымның әртүрлі нұсқасы ретінде қарастыра келе, терминологиядағы синоним дегеніміз – «терминнің синонимдік нұсқасы» немесе «терминнің жай ғана нұсқасы» деген пікірін білдірді [9.176].

Авторлардың көпшілігі мағынасы жағынан толық немесе жартылай барабар, бірақ, дублет, синоним, вариант сияқты бірлік формасы бойынша барабар емес сөздерді бөліп көрсеткен. Бұл ұғымдардың барлығын бір жерге топтастырып тұратын ұғымды – тең мағыналы терминдер деп атайды. Бұл атауды терминологияға ең алғаш енгізген ғалым С.В.Гринев-Гриневич. Біз мақаламызда осы ғалымның пікірін қолдаймыз және де осы топтағы сөздерді түсіндіру барысында ғалымның еңбектеріне сүйенеміз. С.В.Гринев-Гриневич «Мағынасында терминдердің абсолют және шартты синонимиясын (ол үшін синонимия термині қолданылады) ғана емес, сондай-ақ әртүрлі тілдегі терминдердің баламасын да қамтитын жаңа жинақтаушы термин ойлап табу қажеттілігі туындағандықтан, біз тең мағыналылық деген терминді ұсындық. Бұл терминнің және одан туған тең мағыналы терминдердің формасы семантикалық тұрғыдан таза, анық әрі уәжді, сондықтан да ыңғайлы» дей келе, Тең мағыналы терминдер деп – «бір ұғымды атау үшін қолданылатын бірдей немесе ұқсас мағынасы бар терминдерді» [10.105] атайды. Шындығында да ғалымның ұсынып отырған термині көңілге қонымды. Тең мағыналы терминдер өз ішінен бірнеше түрге бөлініп кетеді: 1) синоним терминдер және балама терминдер; 2) толық синоним терминдер және шартты синоним терминдер; 3) вариант терминдер және дублет терминдер. Сөзіміз түсініктірек болу үшін мынадай сызба ұсынамыз:

Синоним терминдер дегеніміз – бір тілдегі барабар немесе ұқсас мағынасы бар терминдер (бір тілдегі тең мағыналы терминдер). Балама терминдер дегеніміз – негізінен, қазақ тілінен тыс терминжүйелерде қолданылатын, аударма сөздіктерде берілетін төл тілдегі терминдерге қатынасы бар сөздер.

Толық синонимдер дегеніміз – мағынасы толық барабар терминологиялық бірліктер, ал мағынасы жартылай сәйкес келетін терминологиялық бірліктер – шартты синоним терминдер.

Вариант терминдер дегеніміз – терминнің формасын түрлендіру жолы арқылы пайда болған толық синоним терминдер. Дублет терминдер дегеніміз – әртүрлі формадағы абсолют синонимдер болып бөлінеді. Тілдік бірліктің варианттылығы дегеніміз – оның барабарлығын бұзбайтын түрлену қасиеті.

Лингвистикалық әдебиеттердегі синонимия лексикадағы парадигмалық қарым-қатынастардың көрінісі ретінде қарастырылады. Алайда «синонимдер» деген ұғым тәрізді «синонимия» деген ұғымға да әртүрлі түсінік беріледі [11; 12; 13]. Кейбір зерттеушілер мағынасы жағынан ұқсас сөздерді ғана синоним деп атауды ұсынады. Зерттеушілердің екінші тобының пікірінше, синоним дегеніміз – ұғымның әртүрлі қырларын көрсетуге арналған, ұқсас, шектес, белгілі бір сәйкес мағынасы бар, мағынаның белгілі бір реңктерін көрсететін лексикалық бірліктер, яғни мағынасы жағынан жақын, бірақ барабар емес лексикалық бірліктер [14; 15].

Тілшілердің бірқатар тобы синонимия ұғымына анықтама бере отырып, лексикалық бірліктер синонимиясының міндетті шарты – мағынаның жалпы семантикалық компоненті мен әртүрлі семалардың болуы деп санайды. Синонимиялықтың басты талабы – лексикалық бірліктерді бірінің орнына бірін қолдана беру, олардың әртүрлі семаларының ішінара семантикалық сәйкес келуі [16; 17] деп көрсетеді.

Терминологияда синонимия құбылысын бірқатар ғалымдар дұрыс деп таныса, енді бірқатар ғалымдар бұл құбылыс ғылыми дәлдікке кері әсерін береді деп санайды. Осымен байланысты ғалымдар тобын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Б.С.Кокорев былай деп жазады: «... Терминологиядағы синонимия атауларды қайталау арқылы тілді ластап жатыр, әртүрлі кикілжің мен жаңсақтықтың орын алуына себеп болуы мүмкін» [18.47]. Оның пікірін Е.Н.Толикина да қостайды:  «Қандай жағдай болмасын, терминологияда дублеттердің болуы таңбаны іріктеудің аяқталмағанын, терминологиялық жүйе мазмұнының ретсіздігін айғақтайды» [4. 61].

Кейбір ғалымдардың пікірінше, атаулардың варианттарының болуы терминжүйенің алғашқы қалыптасу кезеңіне ғана тән болған екен. Л.Л.Кутинаның орыс ғылымының тілі қалыптасқан кезеңдегі процестерге жасаған  талдауы оның «Бұл бастапқы кезең теминологиясының ерекшелігі – оның ерекше синонимділігі болып табылады. Бір ұғымның кейде онға жуық әртүрлі қолданысы болады» [7.124] деген пікіріне негіз болған. Ол синонимдік қатынастың «бір ұғым – бір таңба» деген кез келген бірізді терминология заңын бұзатынын атап өткен. Терминді синонимдік қатарға сәйкес түрлендіру, бірнеше таңбаның болуы терминжүйенің ретсіздігін және бірізділіктің сақталмауын көрсетеді. В.П.Даниленко бұл құбылысқа қатысты пікірін байыппен жеткізеді: «... Терминологияда (жеке терминжүйеде) бір ұғымның синонимдік атауларының пайда болуына және қолданылуына ықпал ететін себеп пен алғышарт көп. Әлбетте, синоним деген – ереже емес, бірақ олардан үзілді-кесілді бас тарта алмаймыз, олар тым жиі кездесетін ерекше жағдай. Меніңше, бір стандартты терминге бір ұғымды белгілеу қажет» [9.176].

Әртүрлі іштілдің көптеген зерттеулері терминжүйедегі синонимдік бірліктерді ығыстыру бойынша реттеу жұмыстарының белсенді түрде жүріп жатқанына қарамастан, олардың азды-көпті таралғанын айғақтап отыр. Терминологиялық жүйелерде синонимияның болатыны заңды екенін негіздей келе, Б.Н.Головин [19], Н.З.Котелова [6], Н.П.Кузьмин [8] тілдік заңдардың әмбебап екенін, сондықтан терминология оған толықтай бағыну керектігін айтады, яғни синонимия – терминдер үшін заңды құбылыс. Н.З.Котелова терминдерге тән синонимия – функционалды тұрғыдан уәжді  құбылыс деген пікірде. Мағынасы жағынан жақын немесе мағынасы барабар сөздердің қатарында терминдер ғана емес, сондай-ақ термин емес сөздер де тұрады дей келе, төмендегідей мысалдар қатарын береді: генерировать (тех) – воссоздать (общеупотр.); фальцифировать (юрид.) – подделовать (общеупотр.) – искажать (общеупотр.). Сондай-ақ Н.З.Котелованың пікірінше, «термин деген – синоним тудыратын сөздердің негізгі разрядтарының бірі» [6.123].

Лексикалық варианттардың болуы қарым-қатынас жасауға еш кедергі болмайды деп пайымдаған Н.П.Кузьмин де осы пікірді жақтайды. Ол бір нысанға берілген бірнеше параллель атаулардың бәсекелестігі оны ауқымды етіп көрсетуге әсер етеді, синонимдер нысандарға жан-жақты сипаттама беруге ықпал етеді деген пікірде. «Синонимия адам санасының танымдық, жиынтық қызметін көрсетеді. Кез келген материалдық нысанның алуан түрлі, шексіз белгісі болады. Бір нысанды қабылдаудың бірнеше қыры оның бірнеше атауының пайда болуына себеп болады, сөйтіп пайда болған атауларда ол нысанға тән әртүрлі белгілер сипатталады, бұл атаулардың әрқайсысы бір нысанды әр қырынан қабылдаудың нәтижесі болмақ» [8.78]. Ол қандай да бір синоним қолданыстан шығып қалса, бұл оның синоним болу фактісіне емес, оның белгілі бір норма талаптарына сай келмеуіне байланысты орын алғаны деген пікірде.    

Олай болса, қазіргі терминтанудағы синонимия мәселесі синонимия – тілдің, оның ішіндегі терминология саласындағы тілдің қалыптасу, даму және жетілуін айғақтайтын құбылыс деген пікірден шығып отыр. Терминология – үнемі дамып отыратын жүйе, оған табиғи тілдің даму тәсілдерінің бәрі тән. Сондықтан синонимияны ғылым тілі үшін зиянды немесе пайдалы деп айта алмаймыз, бұл тірі тілдің заңды құбылысы. Мағынасы жағынан жақын (немесе барабар) сөздердің болуы негізінен, кәсіптік тұрғыдан қарым-қатынас жасауға кедергі болмайды. Табиғи тілдің бірлігі болып табылатын терминге жаңа мағыналарды дамыту және семантикалық шекараларды жою үрдісі тән. Сондықтан да терминдердің арасындағы лексика-семантикалық қатынастар икемді, жылжымалы, пайда болуға, күшеюге, әлсіреуге және қайта жойылуға қабілетті.

Терминологиялық синонимия үш түрлі фактормен қалыптасатын құбылыс:

1) кірме сөздердің көп болуы, бұл байырғы терминдер мен кірме терминдердің қатар қолданылуына әсер етеді (тіл білімі – лингвистика);

2) синоним терминдердің біреуін метонимия түрінде қолдану (лексика – сөздік);

 3) әртүрлі пән саласындағы ұстанымдардың әртүрлі болуы салдарынан әртүрлі атаулар болады (лавсан (сауда) – терепласт (техн.) – полиэтилентерефталат (хим.).

Терминжасамда синонимділік құбылыстың болуы заңды. Себебі, қандай да бір жаңа ұғымға атау беруде алдымен бірнеше нұсқа ұсынылады. Ғылыми көпшілік терминологиялық талаптарға толықтай жауап беретін нұсқаны таңдайды. Қалған нұсқалары сұрыптаудан өтіп, біртіндеп қолданыстан шығып қала береді.

Қазіргі кезде тең мағыналы терминдердің ішінде ерекше көңіл аударарлығы балама терминдер. Бүгінгі таңда біз балама деп танып жүрген терминдеріміздің барлығы варваризмдер. Себебі, біз оларды тілімізге икемдемей, орыс тілінде қалай айтылып, қалай қолданылса сол күйі алып отырмыз. Мына бір мысалдарға көңіл аударып көрейік, жалғамалы – аглютинация, мұражай – музей, мұрағат – архив, заңгер – юрист, емхана – поликлиника және т.б. Бұлардың синионимдік қатар құрап отырған екінші нұсқасы, тілімізге варваризм заңдылығымен еніп отыр. Негізінен варваризм құбылысы тілге үлкен қауіп туғызатындығы белгілі. Сол себептен де терминдерді біріздендіруде қазақ тілді төл тұтынушылардың басым бөлігі осы келтірілген мысалдардың алдыңғы сыңарларын таңдайтындығы дәлелдеуді қажет етпейтін мәселе. Қай елдің тілі болмасын ғаламдану үрдісіне өзіндік иммунитет қалыптастырып жатқандығы белгілі. Нақтырақ айтқанда, осы кезге дейін тілімізге орыс тілінен терминдер көптеп енсе, ендігі кезекте, тілге ағылшын сөздерінің жаппай, қарқынды түрде еніп жатуы, сондай-ақ Америка еліне еліктеу ұлт өкілдерінің алаңдатушылығын туғызуда. Соңғы он жылда ағылшын тіліне тән тілдік элементтердің орыс тілі қорынан жоғары жұмсалымдық дәреже алуы лингвист ғалымдардың назарын өзіне аударды.

Шет тілінен сөздерді қабылдауда, орыс ғалымдарының пікірі де, өзге тіл ғалымдарының пікірі сияқты екі түрлі жікке бөлінеді: бірінші, көзқарастағы ғалымдар, шет тілінен сөз қабылдау тілді байытады десе, екінші бағыттағы ғалымдар бұндай сөздер тілді бұзады деген көзқараста.

Шеттен енген сөздерді аударып қолдану тіл тазалығын сақтайды деген көзқарасты басты ұстаным ретінде ұстау кез келген тілге тән қасиет. Сол себептен де сонау А.Байтұрсынұлынан бастау алған терминжасам қағидаттарының ішіндегі негізгі қағидат «өз тіліне басымдық беру» бүгінгі терминжасам қағидаттарын түзуші ғалымдардың да назарынан тыс қалмай келе жатқандығы бекер емес.

Қорыта келгенде, терминологиядығы тең мағыналы терминдердің өміршеңдігін жоққа шығара алмаймыз. Ол белгілі бір деңгейде терминдердің сапасын арттыруға негіз бола алады және де терминдерді біріздендіруде тіл экологиясын сақтай отырып, ұлттық негізде жасалған терминдерге басымдық беру уақыт талабы демекпіз.

Пайдаланылған әдебиеттер 

  1. Капанадзе Л.А. О поняти «термин» и «терминология» // Развитие лексики современного русского языка. – М.: Наука, 1965. – С.75-85.
  2. Коваль А.П. Синонимия в терминологии // Исследования в лексикологии и лексикографии. – К.: Наук. думка, 1965. – С.260-264.
  3. Кутина Л.Л. Формирование языка русской науки (терминология математики, географии, астрономии в первой трети ХVIII в.). – М.-Л.: Наука, 1964. – 219 с.
  4. Толикина Е.Н. Некоторые лингвистические проблемы изучения термина // Лингвистические проблемы научно-технической терминологии. – М.: Наука, 1970. – С.55-65
  5. Лотте Д.С. Некоторые принципиальные вопросы отбора и построения научно-технических терминов. – М.; Наука, 1941. 124 с.
  6. Котелова Н.З. К вопросу о специфике термина // Лингвистисеские проблемы научно-технической терминологии. – М.: Наука, 1970. – С. 127-139
  7. Кутина Л.Л. Языковые процессы, возникающие при становлении научных терминологических систем // Лингвистические проблемы научно-технической терминологий. – М.: Наука, 1970. – С. 82-85
  8. Кузьмин Н.П. Нормативная и ненормативная специальная лексика. Проблемы и методы нормализации специальной лексики // Лингвистические проблемы научно-технической терминологии. – М.: Наука, 1970. – С.68-81
  9. Даниленко В.П. Русская терминология. – М.: Наука, 1977. – 246 с.
  10. Гринев-Гриневич С.В. Терминоведение. Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений. – М.: Издательский центр «Академия», 2008. – 304 с.
  11. Александров П.С. О пониятии синонима // лексическая синонимия / Под ред. С.Г.Бархударова. – М.: Наука, 1967. – С. 38-42
  12. Каменская О.П. Некоторые вопросы лексической синонимии // Научные доклады высшей школы. – 1970. - №2. – С. 66-76
  13. Бережан С.Г. Семантическая эквивалентность лексических единиц. – Кишинев: Штиица, 1973. - 372 с.
  14. Уфимцева А.А. Лексическое значение. Принцип семиологического описания лексики. – М.: Наука, 1986. – 240 с.
  15. Евгенева А.П. Основные вопросы лексической синонимии современного русского литературного языка. – М.-Л.: Наука, 1986. –С.5-21.
  16. Апресян Ю.Д. Лексическая семантика. Синонимические средства языка. – М.: Наука, 1974. – 367 с.
  17. Вилюман В.Г. Английская синонимика: ведение в теорию синонима и методику изучения синонимов. – М.: Высш. шк., 1980. – 128 с.
  18. Кокорев Б.С. О терминах-англицизмах в кубинском варианте испаской научно технической терминологии // І всесоюзная конференция по испанской филологий. – Л., 1970. С.55-65
  19. Головин Б.Н. О некоторых прблемах изучения терминов // Семиотические проблемы языков науки, терминологии и информатики. – М.: Наука, 1971. – Ч.1. – С. 64-67