Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде қолданылу ерекшеліктері

Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде қолданылу ерекшеліктері

Әлемдегі кез келген тілдің шет тілдерінен сөз қабылдайтындығы және мұндай кірме сөздер қабылдаушы тілдің фономорфологиялық бейімделуіне байланысты екі топқа бөлінетіндігі белгілі: 1) түпнұсқа тілде немесе аралық (делдал) тілде қалай жазылса, солай жазылатын (айтылатын) сөздер; 2) фонетика-морфологиялық бейнесін өзгертіп, қабылдаушы тілдің заңдылығына икемделген сөздер. Басқа тілден сөз қабылдау мәселесін қарастыра келе, А.А. Реформатский: «Кірме сөздердің ішінен, ең алдымен, «игерілген» (усвоенные), «меңгерілген» (освоенные) және «игерілген» (усвоенные), алайда «меңгерілмеген» (не освоенные) сөздерді ажырата білу керек» [1, 140] деген тұжырым жасайды.  

Қазақ тілінің қазіргі қолданыстағы орфографиясында кірме сөздерге қатысты екі түрлі қағидат қолданылады: 1) қазақтың төл сөздері мен араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздер қазақ тілінің заңдылығы бойынша жазылады (айтылады); 2) шет тілдерінен орыс тілі арқылы еніп жатқан сөздер осы тілдің орфографиясы негізінде жазылып (айтылып) келеді. Осыған байланысты осы уақытқа дейін а) кірме сөздердің барлығын (оның ішінде терминдерді де) қазақ тілінің заңдылығы бойынша жазу керек және ә) кірме сөздер орыс орфографиясымен жазылуы керек деген кереғар көзқарас бар. Өкініштісі сол, қазіргі түркі тілдерінің көбінде екінші қағидат басымдық алып келеді.

Бұрынғы Кеңес одағының құрамында болып, тәуелсіздік алған бірқатар түркітілдес мемлекеттер әліпбиін латын қарпіне ауыстырғаны белгілі. Алайда ол тілдердің терминологиясында шет тілдерінен енген терминдерді транслитерациялау және транскрипциялау мәселесі толық шешілді деп айта алмаймыз. Бұл мәселе қазіргі түркі тілдерінің барлығында бар десек қателеспейміз.

Түрік әдеби тіліне енген ғылым мен техникаға қатысты кірме терминдердің көпшілігі өзгеріссіз алынады. Өйткені олар, әдетте, «ұғымдардың бастапқы атауларын» білдіреді. Соңғы жылдары интеграциялану мен жаһандану процесіне байланысты кірме сөздер түрік тілінде еуропа тілдерінен көптеп енуде, дәлірек айтсақ, олардың негізін латын және итальян тілдерінің сөздері құрайды [2, 15].

Түрік тіліне шет тілдерінен енген терминдер негізінен төмендегіше жіктеледі: 1) ғылым мен техника саласының терминдері: а) медицина саласының терминдері: stres (stress) – стресс; epikriz (epicrisis) – эпикриз; liposuction (liposuction) – липосакция; ә) компьютер терминдері: bit (bit) –  бит; cobol (Cobol) – Кобол; çet (chat) – чат; hekır (haker,hacker) – хакер; internet (internet) – интернет; б) өсімдік және жануарлар әлеміне қатысты терминдер: buldok (bulldog) – бульдог; flâmingo (flamingo) – фламинго; çarliston (charleston) – чарльстон; greypfrut (grape fruit) – грейпфрут; г) өнер: caz (jazz) – джаз; fokstrot (fox-trott) – фокстрот; folk (folk) – фолк; hit (hit) – хит және т.б.; 2) экономика саласының терминдері: bar (bаr); аkseptans (acceptance); banknot (bank-note) – банкнот; çek (check, cheque) – чек; fob (free on board) – фоб, kliring (clearing) – клиринг; aktüeryal (aktuarial); marketing (marketing); partner (partner) – партнер; brokır (broker) – брокер және т.б.; 3) қоғамдық-саяси лексика: aparthayd (apartheaid) – апартеид; boykot (boycott) – бойкот, dominyon (dominion) – доминион,  lider (leader) – лидер,  lord, lort (lord) – лорд және т.б.; 4) спорт саласының терминдері: ralli (rally) – ралли; sprint (sprint-) – спринт; hokey (hockey) – хоккей; kriket (cricket) – крикет; kros (cross) – кросс және т.б.; 5) шоу-бизнес (сән, мәдениет, музыка, кино, телевидение) саласының терминдері: blazer (blazer) – блейзер; frak (frock) – фрак; kep (cap) – кепи; tabloid (tabloid) – таблоид; rating (rating) – рейтинг, soundtrack – саундтрек және т.б. [3, 137-142].   

         Зерттеушілердің көрсетуінше, әзербайжан тіліне шет тілдерінен енген терминдер негізінен тілдік заңдылықтарға бейімделіп алынады. Мысалы, infrastruktur (инфраструктура), magistral (магистральный), bakterial (бактериальный), industriya (индустрия), hidro-inşaat (гидро-строительство), deaktivləşdirmək (деактивизировать), etnoqrafiya (этнография), мakrobentos (макро-бентос), makrofauna (макро-фауна) және т.б. [4].

Өзбек тілінешет тілдерінен енген терминдер негізінен аралық (делдал) орыс тілі арқылы алынып, өзбек тілінде айтылуына жақындатуға тырысу байқалады. Алайда өзбек тіліндегі банк-қаржы саласы терминдерінің 30%-ы кірме сөздер болып табылады. Мысалы, akkreditiv (аккредитив), aktiv (актив), aktsiya  (акция), aliment (алимент), amortizatsiya (амортизация), arxiv (архив), auditor (аудитор), budjet (бюджет), integratsiya (интеграция),   fyuchers (фьючерс), resurs (ресурс) және т.б. Бұл терминдердің көпшілігі «игерілген» (усвоенные) және «меңгерілген» (освоенные) терминдер саналады. Өйткені олар қоғамдық өмірде кең қолданылатын сөздер болып табылады [5].  

         Қазіргі кезде «халықаралық» деп аталып жүрген шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде қолданылуын қарастыра келе, біз оларды шартты түрде төмендегідей топтарға бөліп қарастырамыз.

1. Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде түпнұсқадағы немесе аралық (делдал) тілдегі формасын сақтап қолданылуы   

Шеттілдік терминдердің кез келген тілге енуіне ең алдымен қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамуы себеп болып отыр. Сонымен қатар мұндай кірме терминдердің қатарына қандай да бір «шетелдік өмірдегі» реалийді белгілейтін сөздерді де жатқызуға болады.

Қазақ тіліндегі шеттілдік терминдер орыс тілі арқылы қабылданып, орыс тілінің айтылу нормасына «бейімделіп» алынған. Мысалы: ағылшын – agent, орыс – агент, қазақ – агент; ағылшын – bank, орыс – банк, қазақ – банк; ағылшын – grant, орыс – грант, қазақ – грант; ағылшын – deposit, орыс – депозит, қазақ – депозит; ағылшын – journal, орыс – журнал, қазақ – журнал; ағылшын – impeachment, орыс – импичмент, қазақ – импичмент; ағылшын – сapital, орыс – капитал, қазақ – капитал; ағылшын – lіcense, орыс – лицензия, қазақ – лицензия; ағылшын – memorandum, орыс – меморандум, қазақ – меморандум; ағылшын – olіgarchy, орыс – олигархия, қазақ – олигархия; ағылшын – patent, орыс – патент, қазақ – патент; ағылшын – resident, орыс – резидент, қазақ – резидент; ағылшын – standard, орыс – стандарт, қазақ – стандарт; ағылшын – transit, орыс – транзит, қазақ – транзит; ағылшын – franchise, орыс – франшиза, қазақ – франшиза; ағылшын – hedge, орыс – хедж, қазақ – хедж; ағылшын – cedel, орыс – цедел, қазақ – цедел; ағылшын – cent, орыс – цент, қазақ – цент; ағылшын – charter, орыс – чартер, қазақ – чартер; ағылшын – cipher, орыс – шифр, қазақ – шифр; ағылшын – export, орыс – экспорт, қазақ – экспорт; ағылшын – usance, орыс – юзанс, қазақ – юзанс; ағылшын – yard, орыс – ярд, қазақ – ярд және т.б.

         Салыстырылып отырған түркі тілдеріне енгеншеттілдік терминдердің басым көпшілігі ғылым мен техника саласына қатысты.Мысалы:ағылшын – accessory, түрік – aksesuar, әзербайжан – aksesuar, өзбек – aksesuar; ағылшын – bank, түрік – bank, әзербайжан – bank, өзбек – bank; ағылшын – index, түрік – indeks, әзербайжан – indeks, өзбек – indeks; ағылшын – code, түрік – kod, әзербайжан – kod, өзбек – kod; ағылшын – credit, түрік – kredit, әзербайжан – kredit, өзбек – kredit; ағылшын – office, түрік – ofis, әзербайжан – ofis, өзбек – ofis;  ағылшын – patent, түрік – patent, әзербайжан – patent, өзбек – patent; ағылшын – sertificate, түрік – sertifikat, әзербайжан – sertifikat, өзбек – sertifikat;  ағылшын – trance, түрік  – trans, әзербайжан – trans, өзбек – trans және т.б.

Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде, соның ішінде, басымдығы бойынша келтірсек, қазақ, өзбек және әзербайжан тілдерінде түпнұсқадағы немесе аралық (делдал) тілдегі формасын сақтап қолданылуын бұл мемлекеттердің бұрынғы Кеңес одағының құрамында болуымен және орыс тілінің әсері күшті болғандығымен (әлі де болып отырғандығымен) түсіндіруге болады. Ал түрік елінің саяси жүйесі басқа болғандықтан, мұндай әсер айтарлықтай байқалмайды.

2. Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің төл сөздерімен аударылып қолданылуы

Қазақ тілінде терминжасам тәсілдерінің бірі ретіндегі шеттілдік терминдердің баламасы ретінде төл тілдің сөздерін қолдану ХХ ғасырдың басында Алаш зиялыларының еңбектерінен бастау алғанымен, Кеңес одағы тұсында саяси жағдайдың ықпалынан әлсіреп қалып, тәуелсіздік алған жылдары біршама қарқын алды. Мысалы; ағылшын – authority, орыс – авторитет, қазақ – бедел; ағылшын – administration, орыс – администрация, қазақ – әкiмшiлiк; ағылшын – blocking, орыс – блокировка, қазақ – бұғат; ағылшын – version, орыс – версия, қазақ – нобай; ағылшын – diversification, орыс – диверсификация, қазақ – әртараптандыру; ағылшын – document, орыс – документ, қазақ – құжат; ағылшын – initiative, орыс – инициатива, қазақ – бастама; ағылшын – collective, орыс – коллектив, қазақ – ұжым; ағылшын – method, орыс – метод, қазақ – әдіс; ағылшын – modernization, орыс – модернизация, қазақ – жаңғырту; ағылшын – motivation, орыс – мотивация, қазақ – уәжділік; ағылшын – neutrality, орыс – нейтральность, қазақ – бейтараптық; ағылшын – optimization, орыс – оптимизация, қазақ – оңтайландыру; ағылшын – organizer, орыс – организатор, қазақ – ұйымдастырушы; ағылшын – plan, орыс – план, қазақ – жоспар; ағылшын – privatization, орыс – приватизация, қазақ – жекешелендiру; ағылшын – region, орыс – регион, қазақ – өңір; ағылшын – recommendation, орыс – рекомендация, қазақ – ұсыным; ағылшын – season, орыс – сезон, қазақ – маусым; ағылшын – situation, орыс – ситуация, қазақ – жағдаят; ағылшын – sponsor, орыс – спонсор, қазақ – демеушi; ағылшын – structure, орыс – структура, қазақ – құрылым; ағылшын – sovereignty, орыс – суверенитет, қазақ – егемендік; ағылшын – unification, орыс – унификация, қазақ – бiрiздендiру; ағылшын – financing, орыс – финансирование, қазақ – қаржыландыру; ағылшын – fund, орыс – фонд, қазақ – қор; ағылшын – form, орыс – форма, қазақ – нысан; ағылшын – expert, орыс – эксперт, қазақ – сарапшы және т.б.

Салыстырылып отырған түрік, әзербайжан және өзбек тілдерінде  шеттілдік терминдердің аударылып қолданылуы олардың қазақ тіліндегі мөлшеріне қарағанда басымырақ. Мысалы, ағылшын – act, түрік – hareket, өзбек – harakat; ағылшын – audit, түрік – denetim; ағылшын – audіtor, түрік – denetçi; ағылшын – auctioner, түрік  – mezatçı; ағылшын – balance, түрік – denge, әзербайжан – balans, өзбек – muvozanat; ағылшын – businessman, түрік – işadamı, әзербайжан – biznesmen, iş adamı, өзбек – tadbirkor; ағылшын – debit, түрік – borç, әзербайжан – debet, өзбек – debet; ағылшын – deposit, түрік – mevduat, әзербайжан – depozit, əmanət, өзбек – depozit; ағылшын – dealer, түрік – satici, toptancı, borsa ajanı, әзербайжан – diler, өзбек – sotuvchi; ағылшын – dualism, түрік – ikilik, әзербайжан – dualizm, өзбек – dualizm; ағылшын – іmport, түрік – ithalat, әзербайжан – idxal, өзбек – import; ағылшын – indicator, түрік – gösterge, әзербайжан – indiqator, өзбек – belgisi; ағылшын – industry, түрік – endüstri, әзербайжан – sənaye, industri, өзбек – sanoat; ағылшын – іnnovatіon, түрік – yenilik, әзербайжан – innovasiya, yenilik, өзбек – yangilik; ағылшын – сapital, түрік – sermaye, әзербайжан – kapital, өзбек – sarmoya; ағылшын – client, түрік – müşteri, әзербайжан – müşteri, өзбек – mijozlar; ағылшын – company, түрік – şirket, әзербайжан – şirkət, өзбек – kompaniya; ағылшын – coefficient, түрік  – katsayi, koefisyan, әзербайжан – əmsal, өзбек – nisbati; ағылшын – lot, түрік – parça, tür, parti(mal), әзербайжан – lot; ағылшын – memorandum, түрік  – muhtıra, әзербайжан – memorandum, өзбек – memorandum; ағылшын – memorial, түрік – anıt, әзербайжан – memorial, xatirə, өзбек – yodgorlik; ағылшын – manager, түрік – yönetmen, әзербайжан – menecer, өзбек – menejer; ағылшын – monopoly, түрік – tekel,tek satıcı, әзербайжан – inhisarçılıq, өзбек – monopoliya; ағылшын – order, түрік – sipariş, talimat, әзербайжан – order, өзбек – buyurtma; ағылшын – offset, түрік  – dengeleme, әзербайжан – ofset, өзбек – ofset; ағылшын – resident, түрік – oturan, әзербайжан – rezident, өзбек – rezident; ағылшын – reforms, түрік – reform, әзербайжан – islahat, өзбек – islohotlar; ағылшын – summit, түрік – zirve, әзербайжан – sammit, zirvə, өзбек – sammit; ағылшын – sanction, түрік – yaptırım, әзербайжан – sanksiya, өзбек – sanksiya; ағылшын – swіng, түрік – sallamak, әзербайжан – sving, өзбек – tebranish; ағылшын – swіtcһ, түрік – şalter, değiştirmek, әзербайжан – svitç, өзбек – switch; ағылшын – tender, түрік  – ıhale, әзербайжан – tender, өзбек – tender; ағылшын – urbanization, түрік  – kentleşme, әзербайжан – urbanizasiya, өзбек – urbanizatsiya; ағылшын – factor, түрік – faktör, әзербайжан – faktor, amil, өзбек – omil; ағылшын – economіst, түрік – ekonomist, әзербайжан – iqtisadçı, өзбек – iqtisodchi; ағылшын – jurisdiction, түрік – yargı, әзербайжан – yurisdiksiya, өзбек – yurisdiktsiya және т.б.

Біздің байқағанымыз, шеттілдік терминдерге балама ретінде өз тілінің сөздік қорын қолдану түрік тілінде басымдау болса, одан кейінгі орында әзербайжан тілі тұрады, ал өзбек және қазақ тілдерінде бұл құбылыстың деңгейі төмен.

3. Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің фономорфологиялық ерекшелігіне бейімделіп қолданылуы

Қазақ тіліндегі терминдер негізінен орыс тілі арқылы (орыс тіліндегідей жазылып, айтылады) қабылданғанымен, кейінгі кездері тіліміздің айтылуына «сындырып алу» процесі байқалады. Мысалы, ағылшын – euro, орыс – евро, қазақ – еуро;  ағылшын – eurobank, орыс – евробанк, қазақ – еуробанк және т.б.

Мұндай құбылыс салыстырылып отырған түрік, әзербайжан, өзбек тілдерінде қазақ тіліне қарағанда басымырақ. Мысалы, ағылшын – agent, түрік – ajan, әзербайжан – agent, өзбек – agent; ағылшын – base, түрік – baz, әзербайжан – baza, өзбек – baza; ағылшын – devaluation, түрік – devalüasyon, әзербайжан – devalvasiya, өзбек – devalvatsiya; ағылшын – dynamics, түрік – dinamik, әзербайжан – dinamika, өзбек – dinamika; ағылшын – logіstіcs, түрік – lojistik, әзербайжан – lojistik, өзбек – logistika; ағылшын – offshore; түрік – off-shore, әзербайжан – ofşor; өзбек – offshor; ағылшын – policy; түрік – poliçe, әзербайжан – polis; өзбек – siyosat; ағылшын – sector; түрік – sektör, әзербайжан – sektor; өзбек – sektor; ағылшын – strategy; түрік – strateji, әзербайжан – strategiya; өзбек – strategiya; ағылшын – cipher; түрік – şifre, әзербайжан – şifr; өзбек – shifr және т.б.

Шеттілдік терминдерді өз тілдерінің фономорфологиялық ерекшелігіне бейімдеп қабылдау түрік тілінде басымдау болса, одан кейінгі орында әзербайжан тілі тұрады, ал қазақ және өзбек тілдерінде бұл құбылыстың деңгейі төмен.

4. Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің өзіндік формаларымен түрленуі

Бұл тәсіл әлемнің барлық тілдерінде кездеседі. Мысалы, ағылшын тіліндегі -tionжұрнағы орыс тіліне -ция жұрнағымен аударылса, қазақ тіліндеорыс тіліндегі нұсқасы сол күйінде қабылданады (-ция) немесе орыс тіліндегі нұсқасына -лау жұрнағы жалғанады; ағылшын тіліндегі-ization жұрнағы орыс тіліне -изация жұрнағымен аударылса, қазақ тіліндеорыс тіліндегі нұсқасы сол күйінде қабылданады (-изация) жәнеорыс тіліндегі нұсқасына -деу/-дау/-леу, -ландыру, -тану, -тендіру жұрнақтары жалғанады; ағылшын тіліндегі-ing жұрнағы орыс тіліне -ние, -инг жұрнақтарымен аударылса, қазақ тіліндеорыс тіліндегі нұсқасы сол күйінде қабылданады (-ние, -инг) және -тау//-дау //-деу//-леу//-лау жұрнақтары жалғанады және т.б. Мысалы, а) зат есім: ағылшын – importer; орыс – импортер; қазақ – импорттаушы; ағылшын – agency; орыс – агентство; қазақ – агенттік; ағылшын – bankruptcy; орыс – банкротство; қазақ – банкроттық; ағылшын – bootlegging; орыс – бутлегерство; қазақ – бутлегерлік; ағылшын – keynesіanіsm; орыс – кейнсианство; қазақ – кейнсшілдік; ә) етістік: ағылшын – attestation; орыс – аттетация; аттетаттау, ағылшын – commercialization; орыс – коммерцализация; қазақ – коммерцияландыру, ағылшын – ratification; орыс – ратификация; қазақ – ратификация, ратификаттау; ағылшын – regulation; орыс – регламентация; қазақ – регламенттеу; б) сын есім: ағылшын – absolute; орыс – абсолютный; қазақ – абсолюттік; ағылшын – abstract; орыс – абстрактный; қазақ – абстрактілі; ағылшын – affiliated; орыс – аффилированный; қазақ – аффилирленген; ағылшын – audited; орыс – аудируемый; қазақ – аудиттелетін; ағылшын – proportional; орыс – пропорциональная; қазақ – пропорционал; ағылшын – autocratic; орыс – автократический; қазақ – автократиялық және т.б.және т.б.

Бұл тәсіл салыстырылып отырған өзге түркі тілдерінде де қолданылады. Мысалы, ағылшын – аmortіzatіon; түрік – amortisman, әзербайжан – amortizasiya; өзбек – amortizatsiya; ағылшын – reformer; орыс – реформатор; қазақ – реформалаушы; түрік – reformcu, әзербайжан – islahatçı; өзбек – islohotchi және т.б.

Қазіргі кезде «халықаралық» деп аталып жүрген шеттілдік терминдердің түркі тілдеріндегі қолданылуы шартты түрде төмендегідей топтарға бөлінді:

- шеттілдік терминдердің түпнұсқадағы немесе аралық (делдал) тілдегі формасын сақтап қолданылуы;

- шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің төл сөздерімен аударылып қолданылуы;

- шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің фономорфологиялық ерекшелігіне бейімделіп қолданылуы;

- шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің өзіндік формаларымен түрленуі.

Шеттілдік терминдердің түркі тілдерінде қолданылу ерекшеліктері төмендегіше тұжырымдалды:

- шеттілдік терминдердің қазақ, өзбек және әзербайжан тілдерінде түпнұсқадағы немесе аралық (делдал) тілдегі формасын сақтап қолданылуы бұл мемлекеттердің бұрынғы Кеңес одағының құрамында болуымен және орыс тілінің әсері күшті болғандығымен (әлі де болып отырғандығымен) түсіндіруге болады, ал түрік елінің саяси жүйесі басқа болғандықтан, мұндай әсер байқалмайды;

- қазақ тілінде терминжасам тәсілдерінің бірі ретіндегі шеттілдік терминдердің баламасы ретінде төл тілдің сөздерін қолдану ХХ ғасырдың басында Алаш зиялыларының еңбектерінен бастау алғанымен, Кеңес одағы тұсында саяси жағдайдың ықпалынан әлсіреп қалып, тәуелсіздік алған жылдары біршама қарқын алды, ал шеттілдік терминдерге балама ретінде өз тілінің сөздік қорын қолдану түрік тілінде басымдау болса, одан кейінгі орында әзербайжан тілі тұрады, ал өзбек және қазақ тілдерінде бұл құбылыстың деңгейі төмен;

- шеттілдік терминдерді өз тілдерінің фономорфологиялық ерекшелігіне бейімдеп қабылдау түрік тілінде басымдау болса, одан кейінгі орында әзербайжан тілі тұрады, ал қазақ және өзбек тілдерінде бұл құбылыстың деңгейі төмен;

- шеттілдік терминдердің түркі тілдерінің өзіндік формаларымен (зат есім, етістік, сын есім) түрленуі бірдей деңгейде.

Пайдаланылған әдебиеттер 

1. Реформатский А.А. Введение в языкознание. –М.: Аспект пресс, 2006. –536 с.

2. Гасанли Ш. Заимствованные слова в турецком литературном языке. // Вопросы терминологии. –Баку: «Эльм», 2009. –С. 14-22.

3. Мамедова Н. Я. Обогащение словарного состава турецкого литературного языка английскими заимствованиями // Ученые записки Таврического национального университета им. В.И. Вернадского. Серия «Филология. Социальные коммуникации». Том 22 (61). № 3. 2009 г. –С. 137-142.

4. Пашаева Г.Б. Функциональные особенности терминов (на материале азербайджанского языка) // www.gramota.net.

5. Ширинова Е. Заимствование как способ обогащения банковско-финансовой терминологии узбекского языка // http://gisap.eu/ru/node/29180.