Қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамыту қағидаттары

Қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамыту қағидаттары
Терминолгия қағидаттарын талқылау барысында оны бұлжымас заң, нақты ереже, қағида ретінде түсінетіндер де бар екені анықталды. Соған байланысты біз нені «терминология қағидаттары» деп түсініп жүргенімізді нақтылап айта кету қажеттілігі туындап отыр. «Қағидат» (принцип) сөзі «белгілі бір теорияның, ілімнің, ғылымның және тағы басқаның негізгі, шығу көзі» және «бір нәрсеге қатысты көзқарас, сенім» деген мағыналарды білдіреді. Қағидат – ғылыми теориялар мен заңдар, заң құжаттарын, ережелер мен қағидаттар жасауға негіз болатын тірек. Терминология қағидаттарына осы екі мағынаның да бірдей қатысы бар. Қазақ тіл білімінің даму тарихында ұлттық терминдер қорын жасау мен қалыптастыру, ішкі және сыртқы көздерді пайдалана отырып оны жетілдіру, дамыту кезінде басшылыққа алынатын жалпы бағыт-бағдар беруші негізгі ұстанымдарды – терминология қағидаттары деп тану ғылыми ұғым ретінде орныққан. Сондықтан біз қағидат белгілеу мәселесін талқылау кезінде бұл ұғымды осылай түсіне отырып сөз өрбітсек, сындарлы сұхбат құруға мүмкіндік аламыз деген пікірдеміз.

Қазақ терминологиясының кейінгі бір ғасырдағы даму тарихын ой сарабынан өткізер болсақ, терминология қағидаттарын белгілеу елдің, ұлттың саяси-экономикалық, рухани-мәдени өмірінде елеулі өзгерістер болған кезеңдерде күн тәртібіне шыққанын көруге болады. Оған ХХ ғасырда жасалып, қолданыста болған, ұсынылған төмендегі үш кезеңнің қағидаттары нақты дәлел бола алды.    

1924 жылдың маусым айында Орынборда «Қазақ білімпаздарының 1-съезі» болып, онда қазақ терминологиясын қалыптастырудың алғашқы қағидаттары бекітілді. Съезде терминологияны қалыптастырудың басты қағидаттарын белгілеу жөніндегі баяндаманы Елдес Омарұлы жасады. «Қазақша пән сөздер тақырыпты Елдестің баяндамасы» негізінде сиез қаулысы қабылданды. Ол қағидаттар мыналар:

  1. Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын. Қазақша сөздерден түбірге жұрнақ жалғап, жаңа сөз шығарғанда, – жұрнақтарды Елдестің баяндамасында айтылған жолмен талғап алуға тиіс.
  2. Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түрік халықтарынан ізделсін; басқа түріктер тіліндегі пән сөздер – жалпы түрік сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, – ондай сөздер жатырқамай алынсын.
  3. Иауропа халықтарының бәрінің де тіліне сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын, – жалпы Иауропа сөзі мен қазақша сөз түбінде екеуі қатар жазылып отыратын болсын;
  4. Қазақтың өз тілінен басқа тілдерден алынған пән сөздер қазақ

тілінің баяндамада көрсетілген заңдарынша өзгертіп алынсын.

  1. Қазақша пән сөздерін тексеріп қабылдап алатын орыс, қазақша ілім кеңесі, – жалпы қазақ халқы үшін жалғыз болсын; пән сөздер әуелі ілім кеңесінің жанында өз пәнінің мамандарынан сайланған, өз пәнінің өзіне дербес кемесиелерде тексерілетін болсын; Кемесиенің қабылдап алған сөздері баспасөз жүзінде жарияланып, көптің сынына түскеннен кейін, ілім кемесиесінің қарауына тапсырылып, сонда бекіп шығатын болсын;
  2. Қазақша сөздер әліпби ретімен тізіліп, лұғат кітебі болып жазылып шығарылсын.

Бұл қаулыға қосымша есебінде, Әлиқанның: қағаз бетіне кісінің аты-жөнін жазғанда, орысшаға еліктеп, әкесінің атына «оп» деп қосып жазу қалсын – деген ұсынысы тіркелді1.

Е.Омарұлының баяндамасында ұсынылған жобаға Нәзір Төреқұлұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ишанғали Арабайұлы сияқты сиез делегаттары өз тараптарынан пікір білдіріп, ұсыныстарын енгізген. Қабылданған қаулыда сол ұсыныс-пікірлердің де ескерілді.  

Бакуде өткен Бірінші бүкілодақтық түркологиялық құрылтайда А.Байтұрсынұлының жасағанын ескерсек, оның бұл іске тікелей қатысы болғанын, қосқан үлесінің үлкен екенін көруге болады. Ондағы Ахаңның ұсынған қағидаттары мыналар:

«А) Ең алдымен термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін

қазақ сөздерін алу. Бұл қазақ тілінің жоғарыдағылар мен төмендегілердің, дәлірек айтқанда сауаттылар мен сауатсыздардың тілі болып жіктелмесі үшін керек. Қай жерде және кім бастырып шығарса да баспа өнімдері, газет-журналдар, кітапшалар пайда әкелуі үшін, тіл қалың көпшілікке түсінікті болуға тиіс. Сонда аз ғана пайызды құрайтын сауаттылар көптеген сауаты жоқтарға қызмет көрсете алады.

Б) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу. Олай етуіміздің себебі: 1) туыстас тілдердің көптеген сөздерінің тұлғалары бірдей болмаса да олар ортақ түбірден тараған, сол себепті туыстас емес тілдердің сөздеріне қарағанда оларды түсіну жеңіл және естігенде де, айтқанда да бөтен болып сезілмейді; 2) түркі халықтары қашанда өзара қарым-қатынаста болған және бола да береді, сондықтан да бір тілдің көптеген сөздері ортақ түбірден өрбімесе де өзге тілдің тұтынушыларына таныс болуы мүмкін.

В) Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек. Оларды алмастыруға болатын қазақ сөздері болған жағдайда таңдауды қоғамның өзі жасауы үшін, екеуі де қатар алынуға тиіс. Жаппай қолданылатын деп біз араб сөздерін емес, қазіргі кең тараған европа сөздерін айтып отырмыз. Араб сөздеріне қарағанда оларға басымдық беріп отыруымыздың себебі біз қазір араб емес европа мәдениетіне ден қойып отырмыз. Европа мәдениетінің барлық жетістіктері тұтастай европа тілдерінде атала алады. Алайда кірме терминдер біздің қазақ тілінің айтылуына бағынуға тиіс, яғни оларға тілдің қалыпты артикуляциясынан бастау алатын біздің тіліміздің дыбыстық заңдылықтары үстемдік етуі (таратылуы) керек. Шет тілдерінің сөздерін өзіміздікі ету үшін, бұл міндетті түрде солай болуы қажет.

Г) Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек. Бұл дегеніміз, біріншіден, құрамында қазақ тіліне жат дыбыстары бар барлық сөздердің тиісті төл дыбыстарымызбен алмастырылады, екіншіден, кірме сөздердің жұрнақтары қазақ жұрнақтарымен алмастырылады, үшіншіден, қосарлы дыбыстардың біреуі ғана қабылданады, төртіншіден, қазақ тіліне жат қосымшалар Оренбург – Орынбор, Самара – Самар, пуховой – бөкебай, покров – боқырау, Адамовский – Адамау т.б. сияқты тілге қажетті талап шеңберінде өзгертілуге тиіс»2.

Осылайша Бірінші бүкілодақтық түркологиялық құрылтайда жасаған баяндамасында А.Байтұрсынұлы қазақ білімпаздарының 1924 жылғы сиезінде қаулымен бекітілген терминологияны дамыту қағидаттарын өзгелерге үлгі ретінде ұсынды. Оның бұл ұсынысы құрылтайға қатысушы түркітілдес елдерден келген ғалымдар тарапынан да қолдау тапты. 

Мемлекеттік терминология комиссиясы қолданатын қазақ әдеби тілі терминологиясының қағидаттары (Мәдени қызметкерлер съезінде мақұлданған):

  1. Әдеби тілдер практикасында ұлт тілдеріне аударылмайтын, халықаралық біртұтас белгілері бар революция, совет, теория, практика, тенденция, медицина, хирургия, климат, абсолютный, конкретный, т.б. сияқты терминдер қазақ тіліне аударылмай, сол халықаралық біртұтас белгіленуінде қабылдансын.
  2. Әдеби тілдер практикасында ұлт тілдеріне аударылатын производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение және т.б. сияқты халықаралық терминдер қазақ тіліне аударылсын. Егер де аударылуға тиісті терминнің қазақ тілінде баламасы болмаса немесе оның қазақ тіліндегі аудармасы оны түсініксіз ететін болса (кей жағдайларда терминнің мағынасын бұрмаласа), онда тиісті орыс сөзі қабылдансын: сословие, состав, клетка, слет және т.б.
  3. Түрлі пәндерде белгілі бір мағынада немесе бір-біріне жақын мағыналарда қолданылатын терминдер бірдей белгіленсін: форма – porma (философияда және физикада), материя – materija (философияда және физикада), корень – tybir (математикада, ботаникада және лингвистикада), морфология – morpologija (ботаникада және лингвистикада), реакция – reaksija (химияда, биологияда, саясатта), экскурсия – ekiskursija (білім беру саласында және физиологияда).
  4. Түрлі жағдайларда әртүрлі мағына беретін мануфактура (тарихи-экономикалық және тауарлық мағынада), продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында), легенда (фольклорлық жанр ретінде және аннотация ретінде) және т.б. осы сынды терминдер бір пән үшін термин ретінде қабылдансын, қалған жағдайларда аударылсын. Мысалы, мануфактура экономикалық дамудың кезеңі ретінде термин де (аударылмайды), ал тауар түрі ретінде термин емес (аударылады).
  5. Халықаралық терминдер орыс әдебиетінде қалай жазылса, сол түрінде қабылданады. Егер қазақ тілінде кей дыбыстар болмаған жағдайда (бұл терминдерді беру үшін), олар қазақ әліпбиі шегіндегі әріптермен бейнеленеді (форма – porma, химия – gijmija, революция – rebolutsija және т.б.).
  6. Қазақ тіліне аударылған терминдер (2-тармақты қара) өзінің ғылыми мазмұнын сақтаулары қажет. Оларды аудару кезінде қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін қатаң ескеріп, терминдерді түсініксіз қылып жіберетін жасанды сөз жасау амалдарын қолданбау керек. Мәселен, berilis – передача, kөpkil – многоугольник, toqьma – текстиль, çirijbe – практика, т.б.
  7. Есім және етістік-есім формасында берілген терминдер сол күйінде қабылдансын (изация, ификация, ация формальдық элементтері арқылы жасалған «машинизация», «электрификация», «объективация» сынды каузативтік формасы бар сөздерді ескермегенде; олар қазақтың macijnalandьruv, elektirlendiryv, obijektiptenyv формаларына сәйкес келеді).

-ский, -ный жұрнақтарымен аяқталатын сын есімдерден жасалған анықтауыш халықаралық терминдер қазақ тілінде қысқа түрінде, яғни –ский, -ный-сыз  қабылдансын: популярная книга – popular kitap; абсолютная величина – absolut cama; буржуазная идеология – burçuas ijdeologija; экстенсивное хозяйство – ekstensijp  caruvacьlьq, дифференциальное уравнение – dijperensijal  teңgerme.

Негіздегі к әрпін ч әрпіне айналдыру арқылы –ский жұрнағымен жасалған сын есімдер ешқандай қосымшасыз зат есім сияқты қалдырылсын: электрическая лампа – elektir cam; физическая география – pijzijka  çaғrapija және т.б. Зат есім және сын есім негізінде жасалған етістік формалары тиісті қазақ суффикстері арқылы жасалсын: изолировать – ijzolatsijalav, машинизировать – macijnalandьruv және т.б. Орыс тілінде есім формалары жоқ, тек етістік формалары ғана бар немесе есім мағынасынан алшақтап кеткен терминдер контекске қарай аударылсын: игнорировать, регулировать, реагировать (соңғысы «реакция» деген есім формасынан өте алшақтап кеткен).

  1. Терминдермен бірге қазақ тіліне халықаралық терминологиялық практикада қолданылатын, қазақ суффикстерімен алмастырылмайтын бірқатар аффикстер енгізілсін, мысалы, ист, изм (суффикстер); ре, син, анти, контр (префикстер).

Терминдерде кездесетін көптеген басқа аффикстер қазақ тілінде сақталсын, бірақ формальдық элемент ретінде атап көрсетілмей, негіздің құрамдас бөлігі саналсын.

  1. Басқа сөздерге қосылатын терминдердің қысқарған түрлері (авто, аэро, авиа, т.т.) қазақ сөздеріне қосылып жазылсын: aptoçol, aptoqatьnas, abiacana және т.б.

Диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм және басқа да қазақ тілінде аударылып қана қолданылып жүрген терминдер аударылмай, интернационалдық формада қабылдансын.

  1. Қазақ сөзжасамы практикасына Қазан революциясынан бастап қазіргі орыс тілінде кеңінен қолданылып жүрген қысқарған күрделі сөздер енгізілсін, сөзжасамның бұл тәсілі революция енгізген жетістік деп саналсын (политэкономия – polijtekonomija, райисполком – avatkom және т.б.). Дегенмен бұндай қысқартулар жасаған кезде оларды қазақ әдеби тілінің заңдарымен байланыстыра отырып, практикада Мемлекеттік терминология комиссиясы қабылдаған сөздерді ғана пайдалану керек.
  2. Бұл қағидаттарда негізінен халықаралық терминдер мен орыс тіліндегі атауларды, қосымшаларды тілімізге қабылдаудың жолдары, тәртібі көрсетіледі.

        Профессор Құдайберген Жұбанов ұсынып, 1935 жылы Мәдени қызметкерлер съезі бекіткен бұл қағидаттар 90-жылдарға дейін басшылыққа алынып келді.

1959 жылы Мәскеуде өткен  мәжілісте айырмашылықтарды мейілінше азайту қағидатын (принцип минимальных расхождений) белгілеп, ендігі жерде терминологиялық жұмыстарды осы бағытта жүргізу қажеттігіне тоқталды.

Онсыз да термин шығармашылығы тұралап тұрған тілге ортақ терминқорды қалыптастыруға атсалысу міндетін жүктеу – ұлт тілінде термин жасауды бұрынғыдан бетер шектеп, терминологияны ортақтандыру ісін батылырақ, жеделірек жүргізу керек дегенді білдіретін еді. Қағидаттың туындауынң негізгі мақсаты – бұрыннан басталған ісіміздің, таңдаған жолымыздың дұрыстығын кеңес халқының есіне тағы бір рет салып, ендігі жерде осы бағыттағы жұмыстарымыздың қарқындылығын арттыра түсу керектігін жұртқа жеткізу еді. Бұл қағидат та ұстанған бағытымыздың дұрыстығын атап көрсетіп, ортақ терминқорымызды одан да арттыру міндетін жүктеді. 

Академик Ә.Т.Қайдар ұсынған қағидаттар:

 1- принцип: Егеменді ел, тәуелсіз мемлекеттің басты белгілерінің (атрибуттарының) бірі – мемлекеттік тіл десек, оның негізгі тіректерінің бірі – терминологияны жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға, кеңінен қолдануға сол мемлекеттің өзі қамқорлық жасауы керек.

2-принцип: Қазақ тілі терминологиясының жақсы дәстүрлерін жалғастыра, өскелең өмірдің биік талап-талғамына сай жүз беріп отырған бұқаралық үрдістің тіл үшін тиімді де қажетті жақтарын саналы түрде пайдалану.

3-принцип: Салалық терминдер мен атауларды жаңадан жасауда, өзгертуде, ауыстыруда ең алдымен қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану.

4-принцип: (қазақ терминологиясы үшін жаңа бағыт): Термин шығармашылығында бұдан кейін туысқан түркі тілдерінің (әсіресе терминология дәстүріне бай жазба тілдердің) озық тәжірибелерінен, терминдік өрнек-үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану.

5-принцип: (бұрынғы принциптің жаңаша баяндалуы): Тіліміз үшін қажет, бірақ дәл баламасы жоқ, аударуға келе бермейтін интернационалдық терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау.

6-принцип: Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген термин-атауларды мүмкін болғанынша қазақша аударып қолдану; аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау.

7-принцип: (қысқартылған терминдер мен атаулар жайында): Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша (сөз араластырылып та) кеңестік-интернационалдық термин-атаулардың үлгісімен қысқартып қолдануды заңдастыру.

8-принцип: Күн санап толассыз туындап жатқан терминдік ұғымдарға тілімізден дәл балама іздеуде де, термин-атауларды жаңадан жасауда да жалпы терминдерге тән талаптарды сақтай отыра, дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау. 

9-принцип: Тілімізге қабылданатын терминдер мен атаулардың мағыналық, тұлғалық жағынан жақындарын өзара топтастырып, салыстыра отырып, лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша жіктеп, саралап пайдалану.

10-принцип: Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин- атаулардың сандық және сапалық ара салмағын табиғи қалыпта сақтаудың жолдарын іздестіру.

11-принцип: Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу.

Әбекең ұсынған 3,4,5 қағидаттарды негізгі қағидаттарының қатарына қосуға болады. Ал қалғандарын (1,2,6,7,8,9,10,11) сол қағидаттарды толықтыратын тармақтар деген орынды. Оларды терминологиялық қызметке (терминологическая деятельность) басшылық жасаудың тиімді жолдары, терминологиялық жұмыстарды республика көлемінде үйлестіру мен ұйымдастырудың тетігі ретінде тану керек те, енді бірқатарын термин шығармашылығын дамытудың әдіс-тәсілдері деп танығанды жөн санаймыз.

Түптеп келгенде, терминология дамуының қағидаттары «ұлттық терминқор қалыптастыруда қандай бағыт-бағдар ұстанамыз?» және «терминологиялық лексиканы қалыптастырудың ішкі және сыртқы көздерін қалай пайдалануымыз керек?» деген бір-бірімен тығыз байланысты негізгі екі сұраққа жауап беруге тиіс деп ойлаймыз.

Бірінші қағидат: Ұлттық терминқор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану.

Ешбір талассыз қазақ терминологиясы дамуының ең басты, ең бірінші қағидаты осы болуы керек. Оның ең негізгі себебі - ұлттық терминқорымызды ұлт тілінде қалыптастырамыз десек, ең алдымен, сол тілдің өзінің лексикалық байлығы мен сөзжасам, терминжасам тәсілдерін ұтымды пайдаланып, ұлт тіліндегі термин шығармашылығын дамытуға міндеттіміз. Терминдерді өзіміз жасамай өзге тілдерден дайын қалпында алып әбден дағдыланып қалғандықтан, соңғы жылдары жасалған азын-аулақ терминдерді көп көріп «жасандылыққа ұрынып жатырмыз», «термин жасаумен көп әуестеніп кеттік», «пуризм етек алып барады» деп дабыл қағушылар да бар.  Терминқор тізуде орын алып жатқан кемшіліктерді уақтылы түзетіп, термин шығармашылығын үздіксіз дамытып, жетілдіріп, терминологиялық жұмыстарды бір орталықтан үйлестіріп, кәсіптік деңгейде жүргізгенде ғана жүйеленген ұлттық терминологиялық қор қалыптастыра аламыз. Жалпы ұлт болашағы, тіл мүддесі тұрғысынан келгенде, қазақ тілінің өз лексикалық байлығы мен сөзжасам мүмкіндіктерін барынша ұтымды пайдалана отырып ұлттық терминологиялық қор қалыптастыру – бет алған негізгі бағыт-бағдарымыз, ұстанатын басым бағытымыз, терминологиядағы басты қағидатымыз болуы керек деп санаймыз. Бұл қағидат қазақ терминологиясы дамуының бұған дейінгі жасалған қағидаттарының да негізі болған. 1924 жылы Е.Омарұлы ұсынған қағидаттың бірінші тармағында «Қазақша пән сөздері қазақтың өз тілінен алынатын болсын» делінсе, 1926 жылғы Ахаңның баяндамасында «Ең алдымен термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу» қазақ терминологиясын дамытудың басты қағидаты ретінде көрсетілген. 1993 жылы Ә.Қайдар ұсынған 11 қағидаттың үшіншісі «қазақ тілінің төл және бұрыннан қалыптасқан байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану» деп белгіленген.

Терминге және терминологияға қойылатын талаптарға жауап беретіндей атауларды сұрыптап алып, барынша ұтымды пайдаланылуға тиісті қазақ тілінің ішкі лексикалық қоры – жалпы қолданыстағы сөздер, көнерген сөздер, кәсіби сөздер мен диалектизмдер сияқты лексикалық қабаттар мен өзге де өнімсіз көздер болуға тиіс.

Түрлі лексикалық қабаттардан сұрыпталып алынатын атаулар есебінен терминқорды толықтырумен бірге лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік және калька, терминдену сияқты сөзжасам, терминжасам тәсілдерін ұтымды пайдалану арқылы да ұлт тілінің термин шығармашылығы үздіксіз дамып отыруы керек.

     Екінші қағидат: Терминқор қалыптастырудың сыртқы көздерінен (өзге тілдерден) термин қабылдау.

Өзге тілдердің барлығы да біз үшін терминологиялық лексикамызды толықтырудың сыртқы көзі болып табылатыны рас. Алайда оларды пайдалану мәселесіне келгенде түрлі пікірлер бар. Біріншісі – ғылымы мен экономикасы жақсы дамыған ықпалды еуропа мемлекеттерінің тілдерінен термин сөздерді көптеп қабылдау арқылы терминологияны халықаралықтандыру, батыс ғалымдарымен кәсіби қарым-қатынасты жеңілдету мүмкіндігіне ие боламыз дейтін көзқарас та, екіншісі – генетикалық таралуы жағынан жақын, туыстас тілдер арасындағы терминалмасуды бірінші кезекке қою қажет дейтін көзқарас. Сондай-ақ әлем тілдерінің бәрін де терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі ретінде бірдей пайдаланайық дейтін пікір айтушылар да бар. Тілдік дыбыстық-құрылымдық, ұлттық-танымдық, генетикалық және типологиялық жіктелісі тұрғысынан қарағанда терминқор қалыптастырудың сыртқы көзін кәдемізге жаратуда туыстас тілдерге басымдық беру дұрыс деп санаймыз. Оның кейбір артықшылығын кезінде Ахаң да атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ мұндай бағыт ұстану туыстас тілдер тобын құрайтын өзге тілдер тәжірибесінде де бар. Сондықтан сыртқы көзді пайдалануда алдымен түбі бір туыстас тілдерге жүгініп, содан кейін барып өзге тілдерден терминалмасу осы қағидатты басшылыққа алудың реті болуға тиіс. Қазақ тіліне қай тілден сөз (термин) қабылданса да, олар тіліміздің дыбыстық-құрылымдық заңдарына бағындырылып алынуы қажет.

а) Туыстас түркі тілдерінен термин қабылдау. Е.Омарұлында «Қазақтың өз тілінен табылмаған пән сөздер, басқа түрікхалықтарынан ізделсін; басқа түріктер тіліндегі пән сөздер – жалпы түрік сөзі болып, жат тілдің әсерінен аман болса, - ондай сөздер жатырқамай алынсын» делінсе, Ахаңда «Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу» деп, екеуінде де екінші қағидат ретінде ұсынылған. Ә.Қайдар ұсынған қағидаттардың төртіншісі «Термин шығармашылығында бұдан кейін туысқан түркі тілдерінің (әсіресе терминология дәстүріне бай жазба тілдердің) озық тәжірибелерінен, терминдік өрнек-үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану» белгіленеді.

Алдымен туыстас тілдерден термин іздеу қажеттігіміздің себептерін А.Байтұрсынұлы былай түсіндірген болатын. «Олай етуіміздің себебі: 1) туыстас тілдердің көптеген сөздерінің тұлғалары бірдей болмаса да олар ортақ түбірден тараған, сол себепті туыстас емес тілдердің сөздеріне қарағанда  оларды түсіну жеңіл және естігенде де, айтқанда да  бөтен болып сезілмейді; 2) түркі халықтары қашанда өзара қарым-қатынаста болған және бола да береді, сондықтан да бір тілдің көптеген сөздері ортақ түбірден өрбімесе де өзге тілдің тұтынушыларына таныс болуы мүмкін».

Бізде туыстас тілдер арасындағы өзара терминалмасу – осы уақытқа дейін іс жүзінде жүзеге асып, қалыптасып дәстүрге айналмаған қағидат. Түркі халықтары КСРО құрамындағы өзге де көптеген ұлттар мен ұлыстар сынды ғылыми-техникалық терминдер қорының орыс тілімен ортақтығын молайта беру бағытын ұстанды. Терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі, термин қабылдайтын бірден-бір тіл, орыс тілі болды. Біз еуропа тілдерінің сөздерін де тек орыс тілі арқылы, олардың өз тілдеріне бейімдеп, тиісті дыбыстық-құрылымдық өзгерістер жасап алған қалпында айна-қатесіз қабылдадық.

Бүкіл кеңес халқының ғылым мен техника, басқа да арнаулы салалардағы кәсіби қарым-қатынасын қаматамасыз етуге тиіс жалпыкеңестік терминқорын (общесоветский терминологический фонд) да орыс тілін үлгі ете отырып қалыптастыру көзделді. Нәтижесінде терминалмасу ісінде біржақтылық орын алып, бұрын терминқор қалыптастырудың сыртқы көздерінің қатарында пайдаланылып келген араб, иран т.б. шығыс тілдерін былай қойғанда тегі, түбі бір туыстас түркі халықтарының бір-бірінен сөзалуы ерсі құбылыс ретінде қабылдана бастады.Бірақ біз сөздік қоры мен сөздік құрамында онсыз да ортақтығы мол түбі бір туысқан тілдердің қажетіне қарай сөзалмасу, терминалмасу арқылы қаншама ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан өзара сабақтастық пен тіларалық байланысты сақтап, дыбыстық-құрылымдық болмыс-бітімі ұқсас тілдердің өзіндік табиғатын жоғалтуына да әр халық мүдделі болуы керек деп есептейміз. Сондықтан да түркі халықтарының бұл тұрғыда кеңестік тіл саясаты белгілеп берген терминалмасу қағидаттарының шырмауынан шығып, жаңаша тілдік қатынастар қалыптастырудың маңызы зор.

     ә) туыстық жақындығы жоқ тілдерден термин қабылдау. Әрине, әлем халықтарының бәрінен бірдей сөз ала бермейтініміз белгілі. Африка халықтарының тілдерінен, урду, пушту немесе Америка үндістерінің тілі мен еуропаның неміс, француз, ағылшын тілдерін сыртқы көз ретінде осы уақытқа дейін бірдей пайдаланған емеспіз және алдағы уақыттарда да олардың бәрін өнімді көз ретінде қажетімізге жарата қоймасымыз анық. Саяси-экономикалық, ғылыми-мәдени байланыстарымыз бен мемлекеттердің ықпалдылығы тұрғысынан қарағанда осыған дейін еуропа халықтарының тілдерінен терминдерді көптеп қабылдап келгенбіз, әлемдік өркениеттің даму деңгейінде басқаша бетбұрыс болмаса, әзірге сол тілдер терминқорымызды толықтырудың сыртқы көзінің өнімді бөлігі ретінде қала берсе керек. Өркениеттің бұл талабына өзгеріс енгізу оңай бола қоймас.

Е.Омарұлы өзі ұсынған қағидатта «Иауропа халықтарының бәрінің де тіліне сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын, - жалпы Иауропа сөзі мен қазақша сөз түбінде екеуі қатар жазылып отыратын болсын» десе, А.Байтұрсынұлы: «Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек.» деген болатын.Академик Ә.Қайдар да«интернационалдық терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау» (5-қағидат) қажет деп атап көрсетеді.

Ғалымдардың бұл мәселедегі көзқарастарының бір жерден шығып жатуы кездейсоқтық емес. Ахаңның «кірме терминдер біздің қазақ тілінің айтылуына бағынуға тиіс, яғни оларға тілдің қалыпты артикуляциясынан бастау алатын біздің тіліміздің дыбыстық заңдылықтары үстемдік етуі (таратылуы)  керек. Шет тілдерінің сөздерін өзіміздікі ету үшін, бұл міндетті түрде солай болуы қажет» деген пікірі термин қабылдаудың қай кезеңінде де құнын жоймаса керек. Кезінде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы сияқты алаш зиялылары ұстанған бұл қағидат бүгін де көптеген тілші-ғалымдар тарапынан қолдау тауып отыр. Сондықтан өзге тілдегі терминдердің дәл баламасын табудың мүмкіндігі табылмаған немесе балама табуды қажет етпейтін немесе әлемнің көптеген тілдерінде қолданылып кең тарап кеткен терминдерді өз тіліміздің дыбыстық-құрылымдық табиғатына сәйкестендіріп қабылдау – екінші қағидатты жүзеге асырудың негізгі шарты болуға тиіс.

Екі-үш ұрпақтың санасына сіңіп, сонау 30-жылдардан бастап осы уақытқа дейін жарық көрген кітап қорымыздың барлығында (оқулықтар мен оқу құралдарында, сөздіктер мен анықтамалықтарда, энциклопедияларда, танымдық, ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеттерде т.б.) орыс тіліндегі нұсқасымен бірдей қолданылып келген мыңдаған кірме терминдерді жаңаша жазып, оған көз үйретіп, құлаққа сіңісті ету де оп-оңай орындала салатын іс емес екендігі де белгілі. Мәселенің тек лингвистикалық жағын ғана емес,  әлеуметтік қырларын да ескерген дұрыс. Әліпбиді жиі өзгерту, орфография ережелерін құбылта беру терминдер қолданысын бірізге түсіруде белгілі дәрежеде қиындықтар туғызады. Соған қарамастан тіліміздің төл табиғатына негізделген жазу, емле ережелерін орнықтыру маңызды. Қазір жаңа әліпбиге көшу кезеңі басталды. Кірме терминдерді жазу да – осы әліпби, орфография ережелерімен бірлікте, кешенді түрде шешуді қажет ететін мәселе.

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан қазірге дейінгі аралықта Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы, Құдайберген Жұбанов, Нығмет Сауранбаев, Сақтаған Бәйішев, Әбдуәли Қайдар сынды ғалымдар жасаған, ұсынған қағидаттарды қарастырумен қатар осы мәселеге қатысты тікелей немесе жанама айтылған ой-пікірлерді ескеріп, оларды сараптау нәтижесінде жоғарыдағы қорытындыға келдік.

Ұлт тіліндегі термин шығармашылығын дамытып, әлемдік ғылымның жетістігін бейнелейтін термин сөздерімізді тіліміздің өз заңдылықтарына сәйкес жазып, ғылым мен арнаулы салалардың барлығындағы қарым-қатынастарымызды қамтамасыз ететін ұлттық терминқор қалыптастыратын жасампаз ұлт боламыз десек, терминологияны дамытудың осы бағытын таңдаған дұрыс деп санаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақ білімпаздарының тұғыш сіиезі. – Алматы, 2005. – 144 бет. Екінші басылымы. Араб графикасынан кириллиицаға түсіріп, баспаға дайындаған, алғы сөзін жазған Ш.Құрманбайұлы. 
  2. Байтұрсынов А. Шығармалар. –Алматы, 1989. –141-б. Ескерту: Жоғарыдағы қағидаттар А.Байтұрсынұлының 1926 жылы Бакуде сиезде жасаған орысша баяндамасындағы орысша нұсқасынан аударылып беріліп отыр.
  3. Жұбанов Қ. Принципы терминологии казахского литературного языка, применяемые Государственной терминологической комиссией//Исследование по казахасому языку. – Алматы, 1966.
  4. Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1993. – 42 б.
  5. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2004. 208 б.