Дүниенің ғылыми бейнесіндегі ұлттық-мәдени ерекшелік мәселесі

Дүниенің ғылыми бейнесіндегі ұлттық-мәдени ерекшелік мәселесі

Терминтануда түрлі тілдердегі терминдік жүйеге қатысты терминдер арқылы берілетін ұғымдарға әмбебап сипат тән екені туралы жиі айтылады, сәйкесінше бұл пікір дүниенің ғылыми бейнесіне де қатысты деген сөз. Дүниенің ғылыми бейнесіндегі ұлттық-мәдени ерекшелікті мойындайтын зерттеушілер оны  терминдердің мазмұндық жағы емес, формалды жағымен байланыстырады [1,46]. Яғни бұл көзқарасқа сәйкес ұлттық-мәдени ерекшелікке ұғым жүйесі емес, терминдердің тілдік, сыртқы формасы ғана ие деген тұжырым шығады. Дегенмен, аталған пікір көбіне жаратылыстану және математика ғылымдарының терминдік жүйелерін талдау негізінде жасалған, десе де бұл ғылым салаларында ұлттық-мәдени ерекшелікті тек формалды  емес, терминдердің мазмұндық жағынан да кездестіруге болады. Мәселен, Тибеттегі қазіргі Шығыстың будда ғылымы адамды зерттеуде әлі күнге дейін астрология мен медицинаның көмегіне жүгінеді [2, 459], бұл өз кезегінде ғылым туралы ұғымдар мен дүниенің ғылыми бейнесіндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктер жүйесіне әсер етпей қоймайды.

Гуманитарлық ғылымдардың (заң шығару, тарих ғылымдары, музыка өнері және т.б.) терминдік жүйесі әрқашан ұлттық-мәдени сипатымен ерекшеленеді. 

Заң терминдерінің ұлттық-мәдени бояуы айрықша байқалады. Бір тілді ресми түрде қолданатын елдер үшін де (мысалы, Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Үндістан) ұғымдар жүйесіне ұлттық-мәдени ерекшелік тән. Заң терминологиясын қарастырған У.Проберттің пікірінше әрбір заң термині референттік қана емес, «сонымен бірге әлеуметтік», коннотативтік мағынаға ие бола отырып, өз мазмұнында ұлттық-мәдени ерекшелікті бейнелейді [3,30]. Әрбір мемлекеттің өзінің құқығы мен құқықтық қатынастарының, мемлекетінің өзіндік даму тарихы бар. Адамзат қоғамының эволюциясы нәтижесінде құқықтық жүйеде үлкен өзгеріс пайда болды, ол мемлекет дамуының түрлі мәдени-тарихи, әлеуметтік және экономикалық жағдайларына байланысты ортақ (әмбебап) белгілер мен өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады. «Құқықтық мәдениет» ұғымы «құқық» және «мәдениет» деген екі ұғымды біріктіреді. Құқықтық мәдениет ерте заманнан дамыды. Құқықтық мәдениетті ұрпақтан-ұрпаққа берілетін, тарихи қалыптасқан құқықтық дәстүрлер, сенімдер, құндылықтар, идеялардан құралған, қоғамның құқықтық өмірін қамтамасыз ететін жүйе ретінде анықтауға болады. Жекелеген өркениеттердің құрамдас бөлігі ретіндегі құқықтық мәдениетін құқықтық, моралдық, діни стандарттардың ұзақ уақыт өзара байланыстарының нәтижесінде қалыптасқан дәстүрлі құқықтық білімдер, ұстанымдар, нормалар, процедуралардың жиынтығы деп анықталады.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ежелгі құқық терминдеріндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктерді қарастырайық.

Қазақ тіліндегі заң лексиканың ең басты ерекшелігі – өз бастауын сонау көне дәуірлерден алып, үнемі даму үстінде қалыптасып, толығып, өзгеріп, жаңаланып отыруында. Сондықтан да, заң терминдері – қазақ этносының сатылы дамуының, қоғамдық өзгерісінің,  ру, тайпа, ұлыс, халық, ұлт болып қалыптасу кезеңдерінің бірден-бір куәгері, халықтың өзімен де, тілімен де бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан көне мұрасы. Ел басқару ісіне қатысты атауларды талдайтын болсақ, олар өз ішінде бірнеше тарихи даму кезеңдеріне қатысты ерешеленіп отырады. Мысалы, 1) әкімшілік тұлғалар (ғұн дәуірі: аға тәңірқұт, құт, аға, білге, хан, кіші, тете, бек, бас, жасауыл, уәли, ордабек, даяшы, бақауыл, күзетбасы, даяшыбасы, бас абыз, тұтқауыл, күнби, мыңбасы, жүзбасы, онбасы, бас жасауыл, төреші абыз, тәңірқұт, уәзірбасы, аламанбасы, аймақбасы, шабандоз, сол қол аламанбасы, қорғаушы тұтқауыл бек, сардарбасы, тілмаш, сол бас сақа, ішкі бек, басқақ, нақбек т.б.); Көнетүркі дәуіріндегі әкімшілік тұлғалар (қаған, тегін, яғбу, шад, тархан, тұтұқ, бұйрық, шор, елтебер, еркін, бек); Ортатүркі дәуіріндегі әкімшілік тұлғалар (хан, әмір, сардар, аталық, атабек, көкілташ, ішік аға басы, инақ, миршиқар, наиб, жасақ, жасауыл, қарауыл, қанбұл, әкім, даруға, ұлысбек, тору, ясақ); Жаңатүркі дәуіріндегі әкімшілік атаулар (жұрт, халық, хан, қарашы, қызметші, ер, батыр, би, ұлы, кеңес, орда); Қазақ хандығының отарлануы дәуіріндегі әкімшілік атаулар (партия, сот, сияз, старшын, майыр, гүберния, гүбернатор, дума, земство, окружный приказ, сенат, правление, собрание, управа, адуакат)[4]. 2)  сот процесіне қатысушылар (жауапкер, айыпкер, куә, айыптаушы ); 3) дін өкілдері (пірәдар, қазірет, муфти, имам); 4) әлеуметтік-экономикалық топ өкілдері (кедей, бай, патша, хан, би, төре, ақсүйек, бек, қожа, шора, азамат, батыр, ханзада, қарашы); 5) қылмыстық тұлғалар (баскесер, қарақшы, барымташы); 6) қылмыстық әрекет түрлері (кісі өлтіру, қорлау,  жала жабу, денеге жарақат салу, ұрып-соғу, құн, айғақ); 7) құқықтық әрекеттер (жаза, бас бостандығы); 8) мүлік (қару-жарақ, садақ,  найза, мал-мүлік); 9) салық және арнайы алым-салымдар (зекет, ұшыр); 10) мемлекеттік органдар (хан кеңесі, билер кеңесі, сот).

«Русская Правда» газетінің түрлі басылымдарынан орыс тілінің заң саласына қатысты терминдерінің төмендегідей тақырыптық топтарын анықтауға болады: 1) әкімшілік тұлғалар (вирник, волостель, гридь, тивун, судия, десятник, куноемча, наместник, пристав, сельский староста, ротаиный староста); 2)  сот процесіне қатысушылар (видок, поручник, послух); 3) дін өкілдері (диакон, епископ, игумен, митрополит); 4) әлеуметтік-экономикалық топ өкілдері (болярин, купчина, изгои, челядин, холоп, свободен, муж, господин, смерд); 5) қылмыстық тұлғалар (головник, любодеи, убийца, разбойник); 6) қылмыстық әрекет түрлері (убити, ударити, татьба); 7) құқықтық әрекеттер (извод, рота, поле, свод, купити, платити, продажа, волостельская казнь); 8) мүлік (оружие, скот, прок); 9) салық және арнайы алым-салымдар (вира, наклади, свадебное, сгородное, урок); 10) мемлекеттік органдар (суд)  [5].

Ағылшын құқық терминологиясы дамуының алғашқы кезеңі – Англия тарихындағы англосаксондық кезеңмен сәйкес келеді. VІІ ғ. бас кезінде Британияны англосаксондықтар толығымен биледі. Осы кезде еркін қауымдастықтар ыдырап, еркін шаруалардың тәуелді шаруаларға айналу үдерісі басталды [6,11], яғни феодалдық құрылыс пайда болады. Британияда англосаксондық мемлекеттің пайда болуының мәдени-тарихи ерекшелігі, англосаксондық қоғамның феодалдану үдерісі, оның әлеуметтік жіктелуі  құқықтық терминологиялық лексика құрамының өзгеруіне ықпал етті. Англосаксондық құқық дамуының алғашқы кезеңінде оның терминологиясында төмендегідей мағынадағы бірліктерді анықтауға болады: 1) әкімшілік тұлғалар (ealdorman, cyninges discpen, scyrman); 2) сот процесінің қызметтік емес қатысушы тұлғалары (gewitness);  3) дін өкілдері (arcebisceop, maessepreost, bisceop); 4) түрлі әлеуметтік топ өкілдері (ceorl, hyrigmann, eorl); 5) қылмыскерлер (utlah, flyma); 6) қылмыстық әрекеттер (cwalu, hearm, husbruce, leather, man-sleaht); 7) құқықтық әрекеттер (mund, seht, prifeald, ordale); 8) меншік (aerfelond, agenlond, boclond, lond); 9) салықтар(feorm, gafol, gafolbere, gafolbenig, portgeriht, strand, stream); 10) мемлекеттік органдар (gemopt, hundreds gemopt, scirgemopt) [7] және т.б.

Көріп отырғанымыздай, терминдердің тақырыптық тобының ұқсастығына қарамастан (қылмыс атаулары, қылмыстық әрекеттер және т.б.), термин құрамының түрлі мемлекеттердің құқықтық қалыптасуының бастапқы кезеңінен-ақ ұлттық-мәдени ерекшелікке ие болғаны анықталды. Ондай ерекшелікке мысалы, әлеуметтік топтарды (кедей, бай, патша, хан, би, төре, ақсүйек, бек, қожа, шора, азамат, батыр, ханзада, қарашы, бояре, княжи; ceorl, hyrigmann, eorl), салықты (зекет, ұшыр, мъзда, урок, feorm, gafol, gafolbere, gafolpenig, portgeriht, strand, stream)  және т.б. айтуға болады.

Түрлі мемлекеттердің құқықтық терминологиясының қалыптасуы мен дамуының әртүрлі кезеңдерінде әмбебап ұғымдардың болуы заңды,  бұл құқық ұғымының  қоғамдағы барлық қоғамдық-экономикалық қатынастарды реттеуші қызметімен түсіндіріледі, осыған сәйкес түрлі халықтардың құқықтық жүйесінде ұқсас ұғымдар қалыптасады (қылмыс пен жаза, сот процесі, дәлел және т.б.). Ұғымдық жүйенің бір бөлігінің әмбебаптығы қоғамның тарихи даму барысында халықтардың мәдени-тілдік байланыстарынан туындайды.

Құқық саласында бекітілген дүниенің барлық бейнесі құқықтану (құқық туралы ғылым) жүйесіне  енеді, бұл жүйеде ғылымның теориялық негіздері (құқық нормасы, құқық саласы, құқық институты, құқықтық реттеу механизмі) қалыптасады. Құқық туралы ғылым құқықтың өзі секілді ұлттық – мәдени ерекшелікке ие. Англосаксондық құқықта себептілік категориясы (causation) жан-жақты қалыптасқан, алайда Қазақстан және Ресей құқық саласында бұл категория ерекше дамыған деп айту қиын. Себептілік аксиомалармен беріледі, мысалы, legal cause (заңды себеп) бен cause-in-fact (нақты себеп) арасындағы айырмашылық мынада: Y-тің X нақты себебі (cause-in-fact) болғандығы,  Y-тің Х заңды себебі (legal cause) екенін білдірмейді. Ресейдің құқық туралы ғылымында бар құқықтық реттеу механизмі ұғымы англосаксондық құқықтануда кездеспейді.

Әр түрлі тіл емес, бір ғана тілді қолданатын мемлекеттердің өзінде мұндай мысалдар өте көп. Ұлыбританияда ХІІІ ғ. қылмыстың (crimes) жасалу деңгейінің ауырлығына байланысты мынадай түрлері жіктеледі: treason – felony – misdemeanor.  Көрсетілген жіктеу қатарынан келесі деңгейдегі терминдер бөлінеді: treasons (high treason, treachery) – felonies (blackmail, riot және т.б.) misdemeanors (conspiracy, malicious damage, barratry және т.б.).  ХІХ ғ. соңынан бастап  felony және misdemeanor терминдері арасындағы айырмашылық әлсірей бастады, сондықтан да бұл жіктелу өзінің практикалық маңызынан айырылды  [8,332]. Бұл жіктеудің орнына қылмыстың бағыты бойынша ұғымды саралау орын алды: crimes against the state, crimes against property, crimes against justice, crimes against religion, crimes against reputation, crimes against security, crimes against morality және т.б. АҚШ-тың құқығында фелониялар мен мисдиминорлар әлі де сақталған.  Бұл терминдер әріптік индекстің көмегімен қылмыстың ауырлығына байланысты жіктеледі: felony А, felony B және т.б.

Ұлттық-мәдени ерекшелік құқықтану терминдерінің мағынасында кездесуі де мүмкін. Мысалы, ағылшын және американдық заң терминдерінде екі елдің мемлекеттік құрылысының ерекшелігіне сәйкес өзгешеліктер бар. «Criminal law» термині ағылшын терминдік жүйесінде «laws relating to acts committed against the laws of the land and which are punishable by the state» білдіреді [9]. Американдық терминологияда бұл термин «laws of state of federal government giving punishment for the breach of the established rules of conduct» мағынасына ие [10]. Американдық термин семасында АҚШ-тың мемлекеттік-құқықтық жүйесінің ерекшелігін сипаттайтын ‘state government’ немесе ‘federal government’ секілді айырым семаларды анықтауға болады, сондықтан да оларды этномәдени семалар деп атауға болады, өйткені АҚШ-та юрисдикция федералдық және штаттық юрисдикция болып бөлінеді. Ағылшынның құқықтық жүйесінде мұндай бөліну байқалмайды, сондықтан да ағылшын терминінің мағынасында ‘punishable by state’ семасы  ажыратылады.

Қазақ тіліндегі заң терминіне берілген анықтамалар төмендегідей: «Жалпыға ортақ ереже, заң. Орындалуы шарт, міндетті іс, әдет-ғұрып» [11, 353-354]; «Заң – қалыптасқан белгілі бір тәртіп, жүйе» [12, 268]; «Мемлекеттің ең жоғары өкімет органдары қабылдайтын, ерекше заңдылық күші бар акт, қаулы, қарарлар, декрет» [13, 340]; «Заң – белгілі бір ғылым саласына тән, үнемі қайталанып отыратын, реттелген, қалыптасқан жүйе. Үлгі, өнеге» [14, 554].

Қазақ-ағылшын тілдеріндегі заң терминінің сөздіктегі анықтамаларын ұғымдық талдау төмендегідей тұжырымдар жасауға жетелейді: қазақ құқықтық санасында  Заң - үлгі өнеге,билік, қарсы күш; Заң - сот, билер, салт-дәстүр, ата жолы; Заң - ережелер жиынтығы, қоғамдағы мемлекеттік күші бар құжат, бостандық кепілі.   Ағылшын тілінің құқық терминологиясында Заң белгілі бір ғылым саласы, заңгер мамандығы; Заң  - полиция,  күш,  қоғамдағы  кикілжіңді реттеу; Заң қоғамдағы нормалар мен тәртіп, бостандық, қауіпсіздік, жауапкершілік.

Этномәдени айырмашылықтарды құқықтық номенклатура саласында да кездестіруге болады: Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, Ресей Федерациясының Конституциялық соты,  Her Majesty’s Courts of Justice of England and Wales, Supreme Court of the United Kingdom, Senior Courts of England and Wales (Ұлыбритания), U.S. Supreme Court, U.S.Federal Court of Appeals, Court of  International Trade (АҚШ).

Сонымен, дүниенің ғылыми бейнесі тек тілдік қана емес, белгілі бір деңгейде ұлттық-мәдени ерекшелік түрінде көрініс табады, өйткені ғылым – қоғам мен адам өмірінде маңызды орын алатын мәдениеттің ажырамас бөлігі  болып табылады.  «Ғылымды мәдениеттің басқа салаларынан ажырататын өзіндік міндеттері бар.  Ғылымның міндеттері – өзі қызмет ететін және дамитын қоршаған орта туралы шынайы білім алу, таным заңдылықтарын білу. 

Кез келген жаңа ғылыми идеялар ұлттық ғылым қойнауында туындап, тек сосын ғана әлемдік ғылыми қауымдастықтың жетістігіне айналады, кейде ұзақ уақыт бойы бір ғана ұлттың  ғылыми жетістігі болуы мүмкін. 

Қорыта айтқанда,  дүниенің тілдік бейнесін жасайтын – адам. Тілдік бейне адамның рухани қызметі мен таным қызметінің нәтижесі. Дәл осы сияқты дүниенің ғылыми бейнесін  кәсіби тілдік тұлға жасайды. Ғылыми бейне сол ғылым саласындағы  маманның танымы мен түсінігінің, тәжірибесі мен білімінің нәтижесі. Сондықтан да бір тілде бар терминге екінші тілден  балама немесе атау табылмай жатуы, кейбір ғылым салаларындағы жекелеген ұғымдардың атауға ие болмауы немесе сол ұлттың тарихи, қоғамдық-экономикалық дамуы мен тұрмыс-салттарына байланысты ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің болуы заңды құбылыс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Корнилов О.А. Языковые картины мира как производные национальных менталитетов. –М., 2003. -349 с.
  2. Ирхин В.Ю., Кацнельсон М.И. Дополнение: Естественно-научный и гуманитарный подходы к современному мировоззрению//Вонсовский С.В. Современная естественно-научная картина мира. –Екатеринбург, 2005. -С. 447-678.
  3. Лезов С.В. Юридические понятия и язык права в современных зарубежных исследованиях. –М., 1986. 70 с.
  4. Әшімбаева Н.М.  Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тілдік сипаты //филолог. ғыл. канд.  ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. –А., 2009. 31 б.
  5. Краткая Правда//Российское законодательство Х-ХХ веков. В 9 т. Т. 1. –М., 1984. -432 с.
  6. Очерки по истории Англии: Средние века и Новое время. –М., 1959. -358 с.
  7. Ancient Laws and Institutes of England. –L. 1840. -602 p.
  8. Современное зарубежное уголовное право: в 3 т. –М., 1961. -759 с.
  9. Dictionary of Law. – Teddington, 1995. 365 p.
  10. Black’s Law Dictionary. Minn, 2001. -365 p.
  11. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы. Алматы, 1979.
  12. Жанұзақов Т. Қазақ тілінің сөздігі. Алматы. Дайк-пресс. 1999.
  13. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі / Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Тіл комитеті. Жалпы ред. басқарған Т. Жанұзақов. - Алматы : Дайк-Пресс, 2008.
  14. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме сөздігі )/ Уәли Н, Құрманбайұлы Ш, Малбақов М, Шойбеков Р.- Алматы: "Дәуір", 2013 

Сәбира Исакова, 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ақтөбе қаласы