Дінтану терминдері мен атауларын дұрыс саралап жүрміз бе?

Дінтану терминдері мен атауларын дұрыс саралап жүрміз бе?

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бүкіл халық болып, өз дінімізді, ділімізді, тілімізді дамытуға бет бұра бастадық. Осындай жауапты кезеңде сөз қолданыстарына, терминжасам мен аудармаға мұқият көңіл бөлу қажеттілігі туындады. Әлем дүрлігіп жатқан соңғы жылдары ислам дініне күйе жағу, сол дін өкілдеріне күмәнмен қарау етек ала бастады. Дәстүрлі исламға лаңкестік, экстремизм ұғымдары - тіптен жат нәрсе. Осы орайда, халықты ислам тарихы, оның бағыттары, оған қатысты  қолданылатын терминдер мен атауларды түсіндіру жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізген абзал.

Ғылымның қай саласына назар аударсақ та, оның қаншалықты деңгейге жетіп, қандай дәрежеге көтерілгені терминологиялық жүйесінен көрініп тұрады. Ресей ғылымында терминологияны зерттеудегі арнайы бетбұрыс Д.С.Лотте, С.А.Чпалыгин, С.И.Коршунов есімдерімен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 30-жылдары құрылған терминкомдар бұл күндері ғылымның дербес бір саласын құрап отыр және әлі де өз маңыздылығын жойған жоқ. Орыс терминологиясының дамуына А.А.Реформатский, Н.А.Баскаков, Т.Л.Канделаки, Б.Н.Головин, Г.В.Степанов, В.П.Даниленко сияқты ғалымдар, сонымен бірге бүгінгі таңда олардың ізбасарлары А.В.Суперанская, Н.В.Подольская, Н.В.Васильев, К.М.Мұсаев және қазақ терминологиясын дамытуда А. Байтұрсынов, Қ.Қ. Жұбанов, Ә.Т. Қайдар, Ө.А.Айтбаев, Б.Қ. Қалиев, К.Юсуф, Ш.Құрманбайұлы т.б. сынды ғалымдар өз үлестерін қосып отыр. Бұл тілші-ғалымдардың қарастыратын мәселелері де жан-жақты. Атап айтқанда, терминологиялық жүйенің құрылуы, терминнің мағыналық ерекшелігін зерттеу, оның басқа тілдермен байланысы, сол тілдердің лексикалық қорына еніп, терминология жүйесінен орын алуы, т.б. Аталған саладағы өзекті тақырыптардың бірінен саналатын терминологияны біріздендіру мәселесі жайында профессор Ш. Құрманбайұлы былай дейді: «Терминологияны біріздендіру бірнеше сатыдан тұратын ауқымды да күрделі жұмыс. Тілші-терминолог ғалымдар терминологияны біріздендірудің бес сатысын атап көрсетіп жүр. Бірінші – белгілі бір тар мамандықтың шеңберінде біріздендіру; екінші – сала шеңберінде біріздендіру; үшінші – нақты бір ұлт шеңберінде біріздендіру; төртінші – туыстас тілдер шеңберіндегі біріздендіру; бесінші – тіларалық, ұлтаралық біріздендіру; алтыншы – халықаралық, бүкіл ортақ терминдері бар тілдер арасындағы біріздендіру» [1, 121].

Өкінішке орай, пәрменді түрде жасалып жатқан жаңа терминдер мен атауларды реттеуге, біріздендіруге, оларды сөздіктерге енгізіп, көпшілікке жеткізуге келгенде шалағайлық танытып жатамыз. Ұқыптылық, біріздендіру, реттеу, жүйелендіру жағы кемшін түсіп жатады. Осы мәселеге байланысты академик Ө. Айтбайұлы: «Жүйелілік талабы термин құрайтын элементтер мен белгілерді іріктей білу жүйесіне тікелей байланысты. Іріктеу сәтінде ол белгілердің біртектестігіне қатты көңіл бөлумен қатар, терминдер жүйесінің дұрыстығы белгілі жүйе бойынша белгілерді іріктеуге ғана емес, сонымен бірге сол белгілердің қай түрде болатынына да байланысты екенін ескеру қажет. Терминология жүйелілігі термин элементтерінің тіркесімділігіне, басқаша айтқанда, олардың орналасу тәртібіне де қатысты болады», - деп тұжырымдайды [2,16].

Біз қазіргі қоғамымызда айрықша орын алатын дінтану саласына қатысты атаулар мен терминдерді біріздендіру мәселесіне арнайы тоқталмақпыз. Дінтану терминдерінің мағынасын дұрыс түсінбеу кей жағдайда адамдардың санасында дін туралы жағымсыз түсініктердің пайда болуына әсер етеді. Өйткені атау мәнін түсінбеген жалпы халық белгілі бір терминннің бұрмаланып түсіндірілген мағынасын шындап қабылдап, сеніп қалады.

Соңғы жылдары терроризм (лаңкестік), террорист (лаңкес), жиһад, экстремизм, экстремист, моджехед, салафизм, салафит, баххабизм, баххабист, ислам содырлары, шаһид, шаһид белдігі т.б. сияқты терминдер мен атаулар теріс мәнде жиі қолданыла бастады. Мысалы, бүгінде жиһад сөзі көбіне жағымсыз мағынада түсіндірілуде. Жиһадты қару алып соғысу мағынасында біржақты түсінуге болмайды. Жиһад – (араб. – «күш жігер»)араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін, яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді. Қасиетті Құран кітабында «жиһад» сөзі 35 жерде аталғанымен, төрт жерде ғана тікелей «соғыс» мағынасында келген. Құранда «соғыс» ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіссөздерден толықтай үміт үзілген шақта отанды қорғау үшін қолға қару алып, жиһад жасауға болады. Жиһад – «адамға Алла тағаланы тану үшін жол ашу» дегенді де білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік пен еркін ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі [3]. Ал ҚООҚТС-та (философия және саясаттану): жихад – джихад түрінде берілген [4, 96]. Сонда бұл сөзді «ислам дініне кесірін тигізушілерге қарсы күрес» мағынасында түсінген дұрыс.

Күнделікті қолданылатын мінбе, мінбер, мұнара сөздерінің де араб тілінен енгенін біле бермейміз. Халықта мінбе сөзі «ортаға шығып сөйлеуге арналған орын», ал мұнара сөзі «ғимараттың биік бөлігі» деген ұғымдарды береді. Мінбер – (араб тіл. «минбар»). Мешіт имамы Құран, құтпа оқығанда немесе уағыз-насихат айтқанда шығатын орын. Мінбер мешіттің басты белгілерінің бірі болып табылады. Михрабқа таяу орналасады. Мінберді ағаштан, тастан кейде кірпіштен жасайды [3]. ҚОС-та бұл сөз: Мінбе – трибуна [5, 624]. Осы сөздікке мінбер сөзі енгізілмеген екен. Ал ҚООҚТС-та керісінше мінбер сөзі беріліп, мінбе сөзі берілмепті. Мінбер, кафедра – кафедра [4, 157]. Бұған байланысты мінбеге шығу, мінбеге көтерілу, мінбеден сөйлеу, биік (жоғары) мінберден сөйлеу, мінберден сөз алу, мемлекет мінбері сияқты тіркестер бар.

Мұнара – (араб тіл. – «минарат» – «маяк») – мешіттің негізгі бөлігіне жалғастырылып немесе бөлек салынады, «муаззин» (азаншы) азан шақырғанда даусы ұзаққа жету үшін арнайы салынған ғимарат [3].ҚОС-та: Мұнара - 1) башня, вышка 2) минарет [5, 624].ҚООҚТС-та: мұнара – башня [4, 156]. Қазіргі тілдік қолданыста «Көктөбе», «Бәйтерек» мұнарасы атаулары бар.

Зәмзам сөзін айтқанда ойымызға «тәтті су, сусын» мағынасы келеді, яғни зәмзам сөзі «тәтті, шөл қандырар» ұғымдарымен ассоциацияланады. Тілімізде зәмзам суындай, зәмзам сусыны, зәмзамдай тәтті, т.б. сөз тіркестері қалыптасқан, тіпті Зәмза, Зәмзагүл деген әйел есімдері де бар. Ал бұл сөздің мағынасы тек жалпы суға ғана қатысты емес, бастау, бұлаққа да қатысты. Зәмзам суы – зәмзам бұлағынан алынған су. Зәмзәм – (араб тіл. – «мол су») – Қағбаға жақын исламның бас мешіті әл-Масджид әл-Харам аумағында орналасқан қасиетті бұлақ. Зәмзәм бұлағының суы шипалы деп есептеледі [3]. ҚОС-та: Зәмзам (или – суы) а рел. – 1) священная вода из колодца в Мекке 2) перен. целебная вода [5, 365]. Ал ҚООҚТС-та: зәмзәм – замзам түрінде берілген [4, 101].

Халқымызда қағба сөзін «Меккедегі құлшылық жасайтын төрт бұрышты қара тас» деп түсіну бар. Қағба – (араб тіл. - «куб») – Меккедегі масжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) мұсылмандар құлшылық ететін қастерлі орындағы тұңғыш ғимарат. «Қасиетті үй», «көне үй» деп те аталады. Қағбаның бір бұрышына Қара тас  салынған. Қажылық сапар кезінде Қағбаны айнала тауаф рәсімі орындалады. Қағба сондай-ақ бүкіл әлемдегі мұсылмандар үшін намаз оқу кезіндегі құбыла – бағыт қызметін де атқарады. Меккедегі масжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) орналасқандықтан "әл-Бәй-түл-һарам" (қасиетті үй) деп те аталады [3]. ҚОС-та: Қағбаа Қааба (мусульманский храм в Мекке, где хранится камень, служащий священным объектом паломничества и поклонения мусульман) [5, 458]. Ал ҚООҚТС-та қағба – қааба түрінде берілген [4, 125]. Сонда бұл сөзді тек «қара тас» мағынасында ғана емес, «орын, ғимарат» мағынасында да түсінген дұрыс.

Соңғы кездері жиі қолданыла бастаған атаулардың бірі - халиф, халифат сөздері. Халиф – Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін оның араб мемлекетінің басшысы болған орынбасарлары. Халиф – (араб тіл. – «мұрагер», «басшы») – ертедегі исламдағы Мұхаммед пайғамбар қалдырған өсиеттер мен қағидаларын орындауды қадағалау үшін сайланатын мемлекеттің жоғарғы билеушісі және діндарлар қауымының жетекшісі. Халифат – халифтер басқарған исламдық Араб мемлекеті, оның құрамына кірген елдер [3]. ҚОС-та: Халифаа халиф, Халифат – а халифат [5, 892]. Ал ҚООҚТС-та халиф – халиф, халифат – халифат түрінде берілген [4, 226].

Әдетте сахаба сөзін «әскер», «пайғамбар серіктері» деп түсінеміз. Сахабалар – (араб тіл. – «замандас») – Мұхаммед пайғамбардың кезінде исламды қабылдап, кейін мұсылман болып көз жұмғандар. Оның замандастары, серіктері, ислам дінінің нығайып, әлемге таралуына еселі еңбек сіңіргендер [3]. ҚОС-та: Сахабаа рел. сподвижник пророка Мухаммеда [5, 714]. Ал ҚООҚТС-та сахаба, сақаба – сахаба сөздері алыныпты [4, 185].

Уәдесінде тұрмайтын, сөзге тоқтамайтын адамға арнап пәтуасыз, сөзінде пәтуа жоқ немесе біреумен келісу мәнінде пәтуәлесу, пәтуәға келу  тіркестері қолданылады. «Пәтуә – құдай серті» деген де тілдік қолданыс бар. Пәтуа – (араб тіл. – «түсіндіру») – шариғатта қандай да бір ұйғарымды қабылдау немесе түсінік беру үшін жасалған құқықтық қорытынды және шешім [3]. ҚОС-та: Пәтуаа сговор, договор, согласие (словесный) [5, 681]. Ал ҚООҚТС-та пәтуа – фетва сөздері алыныпты [4, 174].

Дін саласында періште сөзін жиі қолданамыз. Періштелер – (грек тіл. – «хабаршы», «елші»),  Құдайдың еркін білдіретін және ғажайып мүмкіндіктері бар рухтар. Інжілде Періштелер қызмет рухтары деп аталады. Көбінесе олар арқасында аппақ қанаттары бар адамдар кейпінде бейнеленеді. Исламда періштелерге сену мұсылман сенімінің ажырамас бөлігі болып табылады, ол – иман келтіру шарттарының бірі. Ислами деректерде періштелердің нұрдан жаратылғандығы, жынысы болмайтындығы, шаршау, жалығуды білмейтіндігі секілді ерекшеліктері айтылады. Олардың тіршілігінің мәні Аллаһқа  құлшылық етуден құралады [3]. ҚОС-та бұл сөз парсыдан енген сөз ретінде берілген: Періштеп. рел. 1) ангел, архангел 2) перен. безгрешный, чистый, ангел [5, 682]. Ал ҚООҚТС-та періште – ангел [4, 174]. Бұл атау төл сөздеріміз сияқты сөздік қорымызға берік орныққан. Қазақта «Алтын көрсе, періште жолдан таяды. Періште – тек бала ғана», «Жерде жетім жыласа – көкте періште тітіркенеді», «Бір жетім қуанса – мың періште той қылады» сияқты мақалдар, періштелер қолдасын (жебесін, желеп-жебеп жүрсін), періште әумин десін, періштелер жолыңды оңғарсын» сынды қолданыстар бар.

Терроризм, террорист, экстремизм, экстремист, моджехед сөздері көбіне қатар жұмсалады. Алдыңғы екі сөзді, тиісінше лаңкестік, лаңкес түрінде аударып жүрміз. Террорист, экстремист сөздерінің орнына кейде содыр нұсқасы да қолданылып жүр. Терроризм (лаңкестік) – (лат. тіл. – «үрей, қорқыныш», «қорқыту») – экстремизмнің шеткі көрінісі. Терроризм (лаңкестік) саяси мақсатқа жету жолындағы аса қатігездік, қорқыту, күштеу әдістерін қолданады. Экстремизм – (лат. тіл. – «шеткі») – адамның басқа түсініктерді, сенімдерді, дәстүрлер мен құндылықтарды қабылдамауға түрткі болатын белгілі бір сенімдер мен идеяларға деген шектен тыс радикалды көзқарас жолын ұстануы [3]. ҚОС-та: Терроризм – терроризм [5, 788], Экстремизм – экстремизм, Экстремист (-ске, -сі) – экстремист [3, 957] нұсқалары ұсынылған. ҚООҚТС-тың қазақша-орысша бөлігінде лаңкестер, терроршылар – террористы [4, 141], Экстремизм – экстремизм [4, 243] түрінде, ал орысша-қазақша бөлігінде терроризм – терроризм, лаңкестік, террорист – лаңкес, террористы – лаңкестер, сөздерімен қатар, терроризм международный – халықаралық терроризм, лаңкестік, терроризм политический – саяси терроршылдық, лаңкестік, террористические угрозы – террорлық қауіп-қатерлер, террористический акт – террорлық акт сөздері берілген екен [4, 451]. Газеттерде экстремизм, экстремист сөздері содырлық, содыр болып беріледі. Сәнге айналған содырлық. «Жас Қазақ», 9 желтоқсан 2011 жыл. № 48 (360). Содыр болсам қайтеді? «Дала мен қала», 28 қыркүйек 2008 жыл. №35 (262); Содырлар мінез танытты. «Ана тілі», 7 - 10 қазан 2010 жыл. № 40 (1033); Тіпті, сол содырлардың кім екенін ашық айтпай, «дін жамылған террористер» деп оларды қалқалауы – нені көрсететіні белгілі ғой. «Қазақ үні», 14 қазан 2011 жыл. № 41-42 (513). Сондай-ақ террроризм, террорист сөздері ланкестік, ланкес, ланкесші ретінде жазылып жүр. Бейсенбі күні АҚШ президенті Джорж Буш Нельсон Мандела жетекшілік ететін Африканың ұлттық конгресі ұйымын ланкестік ұйымдардың қатарынан шығару туралы бұйрыққа қол қойды. «Дала мен қала», 4 шілде 2008 жыл. № 26-27 (254); «2001 жылы қыркүйекте АҚШ-та ланкестік жасаған бен Ладеннің көзін жойдық. «Жас алаш», 4 мамыр 2011 жыл. № 34 (15596). Қамауға алынға ланкестің берген түсініктемесінде жарылысты ұйымдастыруға жергілікті әкімшіліктің 15 адамы көмектескен көрінеді. «Айқын», 12 тамыз 2008 жыл. № 149 (1086); Тарих бетінде қаралы Олимпиада ретінде сақталатын бұл доданың шырқын израильдік спортшыларды кепілге алған палестиналық ланкестер бұзды «Айқын», 4 наурыз 2010 жыл. № 38 (1462). Ланкесшілердің бірі өзін Президент сарайы жанында жарып жіберді» дегенді алға тартуда. «Ана тілі», 21-27 қаңтар 2010 жыл. № 3 (996).

Муджахит – (араб тіл. – «күресуші» «күш жігер салушы») – жихадқа қатысушы. «Муджахит» – тек сарбаз емес, ол сондай-ақ күресі джихадтың оң мағынасының аясына сәйкес келетін кез келген мұсылман да [3].

Шариғат сөзі де өте жиі қолданылатын сөздер қатарында. Шариғат – (араб тіл. – «түзу, дұрыс жол») – Алла тағаланың құлдарына намаз, ораза, қажылық секілді т.б бұйырған міндетті амалдары. Сонымен қатар, мемлекеттік, мұралық, қылмыстық және неке-отбасылық құқықтық нормалардан тұратын, Құран мен Сүннет негізінде құрастырылған исламдық құқықтық және теологиялық нормалар мен заңдар жинағы [3]. ҚОС-та: Шариғата рел. шариат (свод законов о правилах поведения и обязанностях мусульманина) [5, 907]. Ал ҚООҚТС-та Шариғат – шариат [4, 233] түрінде берілген.

Соғыста қаза тапқан адамды дүние салды, қаза тапты, опат болды, деумен қатар шейіт болды деп те айтамыз. Әлбетте, ұрыста адам белгілі бір мақсат жолында «шейіт» болады. Шейіт (шәйіт) (араб тіл. «шаһиид») – дін жолындағы соғыста немесе отбасын, отанын Алла үшін қорғап, дұшпан қолынан қаза болған мұсылман. «Шахид болу» деген сөзді  арабшадан мағынасын бұзбай аударғанда «сыртқы күш тарапынан өлтірілу» дегенді білдіреді. Ал өзін-өзі жарып, өлімге бару шахидтікке жатпайды [3]. ҚОС-та: Шейіта рел. погибший за [мусульманскую] веру [5, 912].

Алла жолынан тайған, оған күмән келтірген адамды қазақта «Аллаға серік қосты» дейді. Ширк – исламда Алладан өзгеге табыну және Алладан өзгеден сұрау. Аллаға серік қосу [3].

Исламда салықтың түрлерін таңбалайтын пітір және зекет атаулары бар. Зекет – (араб тіл. – «өсу», «тазару») – исламдағы бес парыздың бірі. Мұсылмандар арасындағы ауқатты адамдардың дүние-мүлкі зекет мөлшеріне жетіп, өзінің қажеттілігінен артылған жағдайда мұқтаж кісілерге көмек ретінде беруге тиісті жыл сайынғы міндетті садақа. ҚОС-та: Зекета рел.1) зекет (ежегодное налогообложение мусульман налогом со скота) 2) зекет (подать, приписываемая шариатом в пользу бедных, в размере 1/40 доли скота или имущества); ~ ің (болып) кетейін! я готов ради тебя  на все (букв. стать бы мне податью за тебя!) Зекеттікрел. предназначенный для зекета. [5, 367]. Пітіра рел. фитр, подать, собираемая по случаю завершения поста рамазана. Осы сөзбен қатар, Пітір-садақа - собир. подати налоги, поданные (по случаю истечения срока мусульманского поста – рамазана) сөзі де көрсетілген [5, 687]. ҚООҚТС-та Зекет – закят [4, 102] нұсқасында жазылса, ал пітір сөзі берілмеген. Қазақта зекет салығы, пітір салығы сөз тіркестері, «Зекетсіздің малы – арам, тілсіздің тілі – арам» деген мақал бұрыннан қолданылады.

Садақа – (араб тіл. – «шынайы іс-әрекет») – ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек [3]. ҚОС-та: Садақа а рел. 1) этн. искупительная или благодарственная жертва по народному обычаю (для изгнания духа болезни от сглаза и т.п.) 2) милостыня, подаяние. ҚООҚТС-та: Садақа, қайыр беру – садака [4, 182]. Халықта «Садақаны сау кезіңде бер», «Бастан құлақ садақа», «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам», т.б. мақалдар бар.

Сопы, сопылық, зікір, зікірші, зікір салу сияқты сөздердің де мағынасын көп ретте дәл түсінбей жатамыз.

Сопылық– (араб тіл. «тасаууф»  –  «тазалық») – Исламның қайнарынан бастау алатын рухани құндылық, ислам дінінің дүниетанымдық, ахлақтық-этикалық, эзотерикалық қырларынан көрініс беретін, адамның Аллаһ Тағаланы тануы мен рухани адамгершіліктің кемелденуіне мүмкіндік беретін ілім, мистикалық ағымның бірі [3]. ҚОС-та: Сопы а рел. 1) суфий (аскет, мистик); 2) перен. набожный; богомольный; смиренный; воздержанный человек; 3) ирон. святоша. Сопылық (-ғы) – отвл. от софы. суфизм. (мистико-аскетическое направление в исламе) [5, 730]. ҚООҚТС-та сопы – суфий, сопылық – суфизм [4, 194].

Зікір – (араб тіл. «зикр» «еске алу», «еске түсіру», «жадына сақтау»). Сопылық ілімде – Алла тағаланы еске алу, оны ұмытпай, үнемі ойлау. Алланы әрдайым еске ала отырып, оның әмірлерін терең түсіну және ұжданның түкпірінен келген қалтқысыз сезіммен оны құлай сүю. Тілмен айтылатын зікір, яғни  «зикр лисан-и» –  лә иллаһа иллаллаһ, субханаллаһ, әлхамдулиллаһ, аллаһу әкбар сияқты т.б. сөздерді қайталап айтудан тұрады [3]. ҚОС-та: Зікір а рел. 1) зикр, радение дервишей (доведение себя до экстаза путем бесконечного повторения 99 эпитетов Аллаха) 2) этн., уст. заклинание, с помощью которого в старину баксы пытались лечить болезни.Зікірші – 1) радетель (дервиш) 2) заклинатель зикром [5, 371]. ҚООҚТС-та зікір – зикр [4, 102].

Радикалды исламды уағыздаушыны, соған сенетін адамды бүгінде ваххабист, салафит деп атап жүрміз. Уаһһабилік – (араб тіл.) – XVIII ғасырда Арабияда пайда болған ислам дінінің ағымы. 1703-1787 жылдары өмір сүрген шейх Мұхамед ибн Абдул Уәһһәб ат-Тамими атымен қойылған. Уаһһабилік салафизм (араб тіл. «салафа» – «бастапқы болу») жолын таратады. Уаһһабиліктің басты догматы – бір Аллаһқа сену болып табылады. Олардың ойынша, нағыз исламды Мұхаммед пайғамбарға ілесуші алғашқы үш ұрпақ қана таратқан болатын. Одан кейінгі енгізілген жаңашылдықтарды бидғат деп жоққа шығарады [3]. ҚООҚТС-та бахаизм - бахаизм [4, 51], салафиттер – саляфиты [4, 183].

«Салаф» сөзінің мағынасы «әуелгі бабалар» дегенді білдіреді. Алғашқы салафиттер және оның сансыз ізбасарлары, өзара жауласқанына қарамастан, негізгі үш қағидаға имандай сенді:  таухид – бірқұдайлықты қатаң ұстану; бидға – діндегі жаңалықтардан бас тарту; тахлидке  (қандай да бір ислам мектебінің немесе беделді ғалымның ізін қууға) қарсылық.

Салафилер дінді ислам әлеміндегі түрлі халықтың этномәдени, тарихи және өзге де ерекшеліктеріне негізделген барлық «жат», «кірме» түсініктер мен тәжірибелерден тазарту жолында жойқын күрес жүргізуді өздеріне мақсат етіп қойды.  Салафизм исламдағы барлық жаңалықтан бас тартуды, әуелгі догмаларға қайта оралып, оның қатаң түрде, дәлме-дәл  орындалуын талап етті. Дамудың кез келген түріне жол жоқ. Бұл бізге қолдануға болмайтын нәрсе, өйткені мұндай жағдайда прогресстен бас тартуымызға тура келеді.

Салафизм жиһад ұғымын бұрмалап, оны қарулы күрес ретінде, біржақты ғана тәпсірлейді. Сондай-ақ, олар бұл күресті барлық мұсылмандардың өмір сүруінің жалғыз, әрі шынайы формасы ретінде  қоғамға таңып отыр.  Ал жиһадтың дәстүрлі мағынасы – өзіңнің нәпсәни кем-кетіктеріңмен күресу. Әу бастан-ақ догматизмі мен радикализмі үшін сынға алынған салафилер, Алла мен адам арасындағы кез келген «дәнекерлікті» жоққа шығарады. Осылайша барлық сүнниттік мазхабтармен қақтығысқа түседі.

Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері үшін исламның дәстүрлі формасы қоршаған әлемді интеллектуалдық тұрғыда қабылдауды бағдар еткен ханафиттік мазхаб пен далалықтардың ата-бабаларына деген киелі қатынасынан бастау алатын әулиелер дәстүріне негізделген «түркілік» сопылық екені белгілі.

Мазхабты ұстанатын елдер мен мемлекеттер әлемдік мәдениет пен ғылымның қазынасына қомақты үлес қосты. Мысалы, ханафизмде дәріптелген ой еркіндігінің нәтижесінде әл-Фараби, Ибн Сина секілді әлемдік ой-пікірдің алып тұлғалары  дүниеге келді.  Олардың әлем өркениетіне қосқан үлесі тек ислам топырағында оқшауланып қалған жоқ. Бұл туралы француз философы Александр Койре: «Мұсылмандар латындық Батыстың ұстаздары мен тәрбиешілері болды…» деген. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақтар үшін дәстүрлі ханафи мазхабы елдегі жаңа білімнің культін қалыптастырудың, кемелденудің және  дамыған мемлекеттер қауымдастығына ұмтылудың тамаша идеологиялық платформасы болып табылады [6].

Дәстүрлі ислам дінінің негізгі екі бағыты - сунизм және шиизм бар екенін білеміз. Ал олардың ерекшеліктерінен, дін ұстану қағидаларынан бейхабармыз. Суннизм / сүннет жолын ұстанушылар – Ислам дінінің бір бағыты. Құран Кәрімді және Мұхаммед пайғамбардың хадистерін, сондай-ақ оның артынан ерген сахабаларының сенім мәселесіндегі ұстанымдарын басшылыққа алады. Шиизм – (араб тіл. – «жолын қуушы», «партия») – ислам бағыттарының бірі. Бастапқыда Пайғамбардың мұрагері ретінде оның күйеу баласы Әлидің қабылдаған саяси партиясы. Шииттер Сүннетті мойындамайды және өздерінің шарттары бар [3]. ҚОС-та: Сүннит а рел. суннит (течение в мусульманской религии) [5, 747]; ҚООҚТС-та сүнне – сунна, сүннешілік – сунизм [4, 197]; шииттер – шииты, шиитшілдік – шиизм [4, 235].

 Соңғы жылдары әлемде мойындалмаған Ислам мемлекеті, Ирак және Шам Ислам мемлекеті, Ирак және Сирия Ислам мемлекеті, Ирак және Левант Ислам мемлекеті, Әл-Қағида қозғалысы, Ән-Нұсра майданы атаулары пайда болды.

Ислам мемлекеті (ИМ; араб.: الدولة الإسلامية‎ — әд-Дәулә әл-Исламия; қысқаша: ИШИМ, ИСИМ немесе ДАИШ) — радикалды исламизм (сәләфи-жиһади-тәкфири) идеологиясын ұстанатын әскери лаңкестік ұйым және халықаралық қауымдастық мойындамаған квазимемлекет.

Ислам мемлекеті идеологиясының тағы бір құрамдас бөлігі — сәләфия (нақтырақ айтқанда оның зорлық-зомбылыққа үйір жиһадия ағымы). «Сәләфия» деп сүнни Ислам ішіндегі «дінді тазартуға» ұмтылған қозғалысты атайды. Сәләфилер басты назарын көпқұдайшылдықты (ширк) жою және бірқұдайшылдықты (таухид) орнату мәселесіне аударады. Сәләфилер тек өздерін ғана шын мұсылман деп санайды. Тау-тастарға, әулиелерге, қабірлерге және т. б. заттарға табынып жүрген мұсылмандарды діннен безген кәпірлер деп есептейді. Бұлардың қатарына шииттер, демократтар және демократиялық жүйеге ат салысып жүргендер де жатқызылады. ИМ-нің шииттерге қарсы ұстанымы сәләфилер мен шииттердің арасындағы ежелден ұласып келе жатқан қақтығыстан шыққан.

Тыйым салынған (харам) нәрселердің қатарына алкоголдік ішімдіктер ішу мен темекі шегу кіреді. Алкоголь ішкен адам сабау арқылы жазаланады, темекі шеккен адам айыппұл төлеуге мәжбүр. ИМ-ге салық төлемей контрабандамен айналысқан адамдар айыппұлмен жазаланады. Автокөліктерінде музыка тыңдағандар мен шариғатқа сай киінбеген әйелдер де жазаға тартылуы мүмкін. Әрбір ер адам намаз уақытында міндетті түрде мешітке келуі тиіс, бұл уақытта дүкендердің жұмысына тыйым салынған. Батыстың БАҚ-тары көбінесе дене мүшелерін кесу және бас шабу сияқты ауыр жазаларға (худуд) назар аударғанымен, ИМ-нің соттары тағзир деп аталатын жеңіл жазаларды (сөгіс, ескерту, тәрбиелік сөз) да қолданады.

Ислам мемлекетінің содырлары Әл-Қағида көсемі Айман әз-Зауаһиридің «жүректерді жаулау» туралы кеңесіне құлақ түрмесе де өзінің жолдауларын тарату үшін әлеуметтік медиа құралдарын шеберлікпен қолданып жүр. Әлемдегі ең қатыгез лаңкестік ұйымның үгіт-насихаты да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. «Әл-Хаят» деп аталатын ИМ-нің медиа орталығы жүздеген бейнежазба жариялап үлгерді. Оның ішінде бірнеше минуттық бейнежазбалардан бастап, ұзақтығы бір сағатқа жететін фильмдер бар. Олардың көп бөлігінде Голливуд стиліндегі әдіс-тәсілдер мен арнайы эффектілер қолданылған. ИМ жариялаған «Қылыштар шылдыры» (араб.: صليل الصوارم‎) атты фильмнің 4-ші бөлімін New York Times газетінің сыншысы Дэвид Каррдың өзі мақтаған. ИМ-нің үгіт-насихатын Интернет желісінде тарататын көптеген «жанкүйері» бар. Twitter әлеуметтік желісінде қаптап жүрген оларды әлі күнге шейін тоқтату мүмкін болмай тұр.

ИМ батыс елдерінде уағыз-насихатын тарату үшін 2014 жылдың шілде айында ағылшын тілінде «Дабиқ» (ағылш. Dabiq) журналын жария етті. Оның атауы Алеппо қаласынан солтүстікке қарай орналасқан Дабиқ елді мекенімен байланысты. Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) жеткен хадиске сәйкес, Ақырет күнінің алдында христиандар («римдіктер») мен мұсылмандар арасындағы ақтық шайқас дәл осы жерде орын алған екен. «Дабиқ» журналы ИМ-нің негізгі басылымы саналады. Журналдың сыртқы көрінісі Батыстың бірқатар атақты басылымдарына ұқсайды және мінсіз ағылшын тілімен жазылған. «Дабиқты» басып шығару жұмысымен «Әл-Хаят» орталығы айналысады [7].

Атам заманнан бері тың көзқарастарға бейім, зияткерлік сұхбатқа дайын  Ұлы дала тұрғындарына қатаң догма мен діни радикализм – жат   құбылыс. Сонымен бірге, нағыз қазақ өзінің шежіресін, жоқ дегенде жеті атасына дейін білуі тиіс, ал салафизм болса қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына (өлгенге құран бағыштау, аруаққа сену және т.б.) үзілді-кесілді қарсы. Далалықтардың дінді соқыр сенім еткісі келетіндерді сынағаны жөнінде қазақ ауыз әдебиетінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, Қашағанның керемет термесі бар. Ол әуез бен домбыраны исламға жат деп санайтын салафиге күйрете тойтарыс береді. Салафилердің сопыларды өздерінің негізгі бәсекелесі санауының бір себебі де осымен байланысты болар.

Қорыта айтқанда, басқа салалар сияқты теология терминдері мен атауларын нақты түсініп, оларға талдау жасап отыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Терминдерді орнымен қолданып, олардың мәнін дұрыс түсінгенде ғана дәстүрлі дінімізге қатысты айтылып жүрген кейбір қайшы пікірлерге, бұрмалаушылықтарға ұрынбаймыз. Телогия терминдерін түсіндіру, оларды тұрақты жариялауды реттеу (упорядочение), біріздендіру (унификация) сияқты терминологиялық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отырғаны дұрыс. Мерзімді баспасөз беттерінде дінтануға байланысты қазірде қолданылып жүрген терминдер мен атаулар жиі жарияланып отыруы тиіс. Халық арасында аталған сөздерді дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, адамдардың өз дінін құрметтемеуі, басқа діннің жетегінде кетуі, қасиетті ислам дінімізге күмәнмен қарап, басқа жолға бағыт алуы болмас еді. Ал ислам діні – ізгілік діні. Ол халықты сабырлылыққа, рухани тазалыққа, жақынына жамандық жасамауға үндейтін дін. Олай болса, дініміздің қадірін арттыруға дінтанушылармен қатар тілшілердің де атсалысуы қажет деп санаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиет:

 

1. Құрманбайұлы Ш. Терминтану. Оқу құралы. – Астана, 2007. – 160 б.

2. Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі. (Қазақ терминологиясының негіздері). – Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.

3. http://sunna.kz

4. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Философия және саясаттану / Жалпы ред. басқ. М.Б. Қасымбеков, жобаның ғылыми жетекшісі А.Қ. Құсайынов. – Алматы: «Казақпарат» баспа корпорациясы, Т.: 22, 2014. – 488 б.

5. Казахско-русский словарь: около 50 000 слов /Под ред. Чл.-корр. НАН РК Р.Г. Сыздыковой, проф. К. Ш. Хусаина. – Алматы: Дайк пресс. 2008. – 962 с.

6. http://e-islam.kz

7. https://kk.wikipedia