Заң лингвистикасы және терминдер

Заң лингвистикасы және терминдер

Заңнама лингвистикасы – тілтанудағы өзекті және тың сала десек, қателеспейміз. Әріге бармай-ақ,  тек соңғы ширек ғасырды қамтитын уақыттың ішіндегі заңнамалық шығармашылық жұмыстың ауқымында қолданысқа енген жаңа заң лексикасы, жаңа терминдер мен заңи тұрақты тіркестер ұлттық заңнама лингвистикасын туындатудың және оны одан әрі өрістетудің өзгеше бір жаңа қыры, арнасы болып табылады. Ал бұл арнаның негізі – заң терминдерін қолданыстық сипатына қарай саралап, жүйелеп қалыптастырумен және сапалық жағынан жақсартумен, нақтылаумен тікелей байланысты. Соңғы деректерге сүйенсек, осы жылдардың ішінде Республикалық терминология комиссиясы 16000-ға жуық терминді мақұлдаған екен. Мұның 6024-і қазақ тіліндегі атаулар (37,8 пайыз) болса, 1987-і - халықаралық қолданыстағы терминдер (12,8 пайыз), ал 7952 - қазақша және шет тілдік тіркестер (49,9пайыз).  (Ғ. Мелдешов, Тіл комитеті төрағасының орынбасары, «Егемен Қазақстан», 11-сәуір, 2017 ж.) Демек, жылына орта есеппен 665 термин ұлттық тіліміздің лингвистикалық қорына жаңа сапамен қосылып отырған. Ал мұның қаншасы заң терминдері  мен терминдік заңи тұрақты тіркестер? Олардың қаншасы құқықтық норма тұрғысынан  келгенде заң мәтіндерінде қандайлық үйлесімде орныққан?  Бұл мәселелер, міне, заңнама лингвистикасы  қарастыратын практикалық проблемалардың бір парасы болып табылады.

Заңнама лингвистикасы заң терминдерінің мемлекеттік тілде дұрыс түзелуінен, яғни оның лексикалық нормасының құқықтық нормамен өзара үйлесуінен басталуы тиіс. Заңның құқықтық мазмұнының түсінікті әрі нақты болуы да осыған байланысты.  Белгілі бір атаудың түбірлік, ұғымдық негізіне ден қою арқылы заң терминінің ұлттық тіліміздегі баламасын жасау тәсілі заңнама лингвистикасының терминологиялық сипатын  бір қырынан танытады. Айталық, «жекешелендіру» ұғымы экономиканың нарықтық қатынасқа бейімделуіне орай, мемлекет меншігінде болып келген мүліктің, кәсіпорындардың, әртүрлі саладағы кешендердің жеке меншікке өтуіне, жекешелендіруге байланысты енді. Осы «жекешелендіру» терминінің түп негізі латынның «приватим» деген сөзінен шыққан.  Антикалық дәуірде  шәкіртті оқшаулап, жекеше оқытатын адамды «приват-доцент» деп атаған, демек бұл арада «приват»  атауы «жекеше» деген ұғымды беріп тұр. Осыдан келіп заңи ұғымдалудың  бір көрінісі ретінде  жекешелендіруге қатысты халықаралық қолданыстағы «приватизация» термині туған.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіруге қатысты заңнамалық актілерге мемлекеттік  тілде «жекешелендіру» болып  енген бұл термин өзінің заңи мәртебесін алып, ұлттық лексикамыздың қорына енді.  Тағы бір мысал: «еншілес ұйым» («дочерняя организация»). Осы тіркестік терминнің алғашқы «дочерняя» ұғымын  негізгі ұйымнан бөлініп шыққан, бірақ сол ұйымның мүддесіне қызмет ететін ұйымның сипаттық белгісін ұлттық реңкпен, ұлттық мазмұнмен сөйлетудің жақсы да ұғынықты үлгісі – осы «еншілес» терминдік анықтамасына әбден сыйып тұрған жоқ па! Мұндай мысалдар қолданыстағы заңнама мәтіндерінде аз емес. Сонымен қатар заң мәтіндерінде әлі орнықпай, әртүрлі қолданылып жүрген «идентификация» деген термин бар, осыны біресе - «сәйкестендіру», біресе – «бірдейлендіру», тағы бірде «ұқсастыру» деп құқықтық нормасын бұзып, терминдік қолданысының ала-құла болуына жол беріп жүрміз. Мұның мағынасы шынтуайтына келгенде белгілі бір субъектінің не нысанның  өзіне тән деректік, болмыстық сайма-сайлығын, сипаттық белгісін анықтау және белгілеу, яғни сипаттастыру. Демек,  «идентификационный номер» тіркесі түпмәтіндік өзгермелі қолданыста «сиппатамалық номер», әйтпесе «идентификация продукции» - «өнімді сипаттастыру» болуы керек. Бірақ мұның өзі де қазақша тіркестік үйлесімді бермейді, сондықтан бұл терминді әу бастағы латындық түбірін сақтап, өз тілімізге ыңғайластырып «идентификаттау» деп қалдырған абзал.

Заңнама мәтіндерінде «тұрақсыздық айыбы» немесе «тұрақсыздық айыппұлы» деген түсініксіздеу термин көптен бері орын алып келеді. Мұның орысша нұсқасы - «неустойка», ал құқықтық-нормалық анықтамасы: «штраф - айыппұл, пеня - өсімақы» екен. Қазақша мағынасы жолма-жол аударманың тәсілімен – «тұрақсыздық айыбы» деп алына салған. Қандай «тұрақсыздық», ненің «тұрақсыздығы» және неге «айыбы» (былайша айтқанда, «кінәсі»). Құқықтық та, лексикалық-семантикалық та мағына бермейтін жәй бір тіркес демеске лаж жоқ. Жоғарыда айтылған құқықтық-нормалық түсіндірмесіне, анықтамасына орай, бұл термин жалғыз ауыз-ақ сөзбен  айтылатын «айыпақы» деген атауға әбден сұранып тұр, «айыпақымен» де, «өсімақымен» де шатастырмайсыз – осы сипаттағы норманы беретін термин – «айыпақы» («неустойка»)

Заң мәтіндерінде құқықтық фраземаның қолданылу сипаты - заңнама лингвистикасындағы тағы өзекті мәселенің бірі екенін айтуымыз керек. Ұғымдық мәні айқын, нормалық жүктемесі нақты құқықтық фраземаның - мағыналық ерекшелігін идомдық және метафоралық сипаттағы жалпы фразеологизм семантикасымен шатастырмауымыз керек. Көп жағдайда әдеби-публицистикалық, ғылыми-философиялық фразеологизмге тән тұтастық, тұрақтылық пен тиянақтылық белгілерін құқықтық жүктемесі бар тұрақты тіркестерге телуге болмайды. Мысалы, «қалың бұқара», «қара бұқара»  деген фразеологиялық тіркестегі экспрессивтік-эмоционалдық реңкті заңда қоланылатын «халық» сөзіне - «қара» халық, «қалың» көпшілік деп қолдану мүмкін бе?! Немесе қылмыстық заңнаманада қолданылатын «қылмыстық іс қозғалу», «жауапқа тартылу» тіркестерінің жалпы қолданыстағы «істі болды», «істі болу» деген фразеологиялық тіркеспен мағыналық үйлестігі болғанымен, ортақ тиянақтылық белгісі жоқ.  Сондықтан жалпы қолданыстағы фразеологиялық тіркесті заңның ресми тіліне көшіру әдетте құқық нақтылығын дұрыс бере алмайтындығын да ескеруіміз керек.

Лингвист-ғалымдар тұрақты тіркестік терминдердің лексикалық- фразеологиялық қолданылу ерекшелігі жағынан көркем стильге және ғылыми стильге жатқызады. Ал заңдағы тұрақты тіркестік терминдердің бұл тұрғыдағы сипатын тек қана таза ғылыми стильге жатқызып қоймай, мұны құқықтық-ресми стиль тұрғысынан қарастырған дұрыс деп ойлаймыз. Осы ретте заң тұрақты тіркестік терминдерінің түпмәтіндік қолданысы, оның заң мәтінінде нормалық дәлдікпен әрі әдеби норма өлшеміне сай орнығуы және біріздендірілуі – заң шығару жұмысының ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтуымыз қажет.  Бұл процесс заңгерлердің де, лингвист мамандардың да біліктілігін талап етеді.

Қолданысқа енген тұрақты тіркестердің құқық жүйесінде пайда болуы мен олардың функциялық ерекшелігіне  қарай  құжаттық іс жүргізу және құқықтық жүктемесі бар тіркестер деп екі топқа  бөлуге болады.

Мысалы, құжаттық іс жүргізуге қатысты тіркестер «құжаттамалық деректер», «талдау жүргізу», «жүзеге асыру», «іске асыру», «қорытынды жасау», «талап ету», «штат кестесі», «жұмыс өтілі», «бақылауға алу», «бекітуге ұсыну», «қарауға ұсыну», «тағылымдамадан өту», «жазбаша хабарлама», «жазбаша ұсыну», «жалпыға бірдей» және тағы басқа осы сияқты сипатта болатыны белгілі. Ал  құқықтық жүктемеге ие тіркестердің санатына «жедел іздестіру», «сыбайлас жемқорлық», «мәжбүрлеу тәртібі», «құқықтық міндеттеме», «мәміле жасау», «келісімге келу», «бітімгершілік жасау», «келісім жасау», «талап қою мерзімі», «атқару парағы», «ортақ меншік», «жарғылық капитал», «жария шарт», «талап қою мерзімінің өтуі», «заңның қолданылу аясы», «заңды тұлға»,  «жеке тұлға» сияқты бүгінгі таңда заң мәтіндерінде орныққан толып жатқан  тағы да  басқа тұрақты тіркестерді жатқызуға болады.

Бұдан басқа осы тұрақты тіркестердің түпмәтінде грамматикалық заңдылықпен қолданылу ретіне қарай олардың тұлғалық өзгермелі сипатына, яғни варианттылығына жол берілетінін ескеру керек. Бірақ олардың бұл ретте құқықтық дәлдіктен, әдеби нормадан ауытқымауы басты шарт болуға тиіс. Мәселен, кейбір жағдайларда тұрақты тіркестер мәтінде өз орнында тұрмаса немесе оның бір компоненті дұрыс алынбаса,  қаралып отырған мәселенің нормасына  нұқсан келеді, әйтпесе мағынасы мүлдем басқаша реңк алады. Мәселен, заң мәтіндерінде көп кездесетін «күнтізбелік бес (он, жиырма, т.б. ) күн ішінде» деген тіркес бар, осыны заң жобасын әзірлеушілер «он күнтізбелік күн ішінде» деп орысша мәтінді жолма-жол аудара салады («в течении десяти календарных дней»). Бұл арада аудармашы қазақша сөйлемнің  синтаксистік-грамматикалық түзілу ерекшелігін ескермей, «он» деген сан есімді «күнтізбе» сөзіне бағындырып отыр. Ал қазақша сөйлемнің табиғатында бұл тіркес «күнтізбелік он күн». Мәселе сол күнтізбедегі күнтізбелік он күні туралы болып отырғанына лингвист-маман, бұл ретте дәлірек айтсақ аудармашы көңіл аудармай, он санын күнтізбеге әкеп телиді.

Осындай стилистикалық қателер көп жағдайда заңдағы қазақша тіркестік терминдердің орашолақ, тіпті мүлдем қате болуына, мағынасының бұзылуына әкеп соқтырады.

Еңбек заңнамасында еңбек қауіпсіздігіне байланысты қолданылатын «өрескел бейқамдық» деген термин бар, осыны көптеген заң жобаларында  лингвист мамандарымыз «дөрекі абайсыздық» деп дөрекі түрде калькалап аударады. Мұның орысшасы – «грубая неосторожность». Бұл арада «абайсыздықтан» гөрі  қауіп келтіретін жәйтке «бейқамдық» көрсету деген анағұрлым нақтырақ және мінез-құлыққа қатысты қолданылатын «дөрекі» бейқамдық емес, мейлінше дәл әрі күштірек реңктегі «өрескел» бейқамдық.

 Қатар тұрған екі сөздің бір-бірімен тіркестік үйлесуі арқылы мағыналық дәлдікке қол жеткізуге болады десек, мұның түпмәтіндегі қолданылу үйлесіміне де ден қою қажет. «Адал бәсекелестік» («добросовестный конкурент») деген терминдік тіркестің ізімен Азаматтық кодексте «адал алушы» («добросовестный приобретатель») деген қолданыс пайдаланылған (Жалпы бөлім, 261-бап). Бірінші жағдайда «адал бәсекелес» тіркесі жатық әрі нақты, ал «адал алушыға» келсек, бұл  - орысшаның калькасы. Бұл арада лингвист-маман, біріншіден, тіркестегі сөздердің үйлесіміне мән бермейді,  екіншіден, «алушы» сөзінің анықтауышы орысшадағы «добросовестный» сөзінің дұрыс баламалық қолданысы болмай тұр. Дәл осы тіркестегі мұның баламасы – «адал ниетті» болуға тиіс еді. Және «приобретатель» сөзінің нақты мағынасы – жәй ғана «алушы» (получатель) емес, «иеленіп алушы» деген ұғымды беріп тұр.

Азаматтық кодекстің 235-бабында «меншік құқығы көшеді» деген тіркес бар, мұнда да «переходит» деген сөздің түпмәтіндік дұрыс баламасы берілмей, «көшеді» деп жолма-жол алына салынған.Ал мұның дұрысы  - «меншік құқығы ауысады» немесе түпмәтіндегі өзгермелі сипатына орай - «меншік құқығының ауысуы». Ана тіліміздегі тұрақты тіркестердің басқа тілмен салыстырғанда өзіне тән баламалық сипатын ескермей қолдану құқық мәтіндеріндегі нормалық қайшылыққа ұрындырады. Мұндай жәйттер әсіресе сот, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамаларында көп кездеседі.

Айталық, «судопроизводство» деген қос сөзден түзелген терминді сот жүйесіндегілер «сот өндірісі» деп алып жүр.«Производство» сөзінің жолма-жол мағынасымен шектелсек, әрине - «өндіріс», бірақ бұл арадағы ұғымдалу – «сот ісін жүргізу» емес пе»!?   Сот мәселесіне өндіріс емес, іс жүргізу тән. Мәселен, осы  қылмыстық іс жүргізу саласында «процессуальное производство» деген терминдік тұрақты тіркес бар, мұны «процестік өндіріс» деп алсақ, қойыртпақ болып шықпай ма?! Лексикологияда «полисемия» (сөздің көп мағыналығы) құбылысы деген ұғым бар. Демек, осыған сүйенсек, «іс жүргізудің» бір мағынасы сотқа қатысты орыс тіліндегі «производствоны» бейнелейді.

Тұрақты тіркестік терминдердің ұлттық реңкімен  ұштастырып, баламалық сипатта қолданудың мысалдары заң мәтіндерде жоқ емес, бар: «алқабилер соты» («суд присяжных»), «төрелік сот» (арбитражный суд), «адал бәсекелестік» («добрособственная конкуренция») және т. т. Сонымен қатар калькалық фразема  сипатында да қос сөзден, үш сөзден тұратын  тіркестердің заң мәтіндерінде алыну заңдылығы ана тіліміздегі құқық фраземасына тән нәрсе екенін айтуымыз керек. Мысалы, «агроөнеркәсіптік кешен», «аграрлық реформа», «аз қалдықты технология», «экологиялық апат аймағы», «аннуитеттік сақтандыру», «аудиттелетін субъект» және т.т. Қоғам дамуының, өмірдің әртүрлі салаларындағы жаңа қоғамдық қатынастардың негізінде  заңда жаңа атаулар мен жаңа ұғымдар пайда болады. Осының нәтижесінде енген балама қолданыстардың немесе өзге тілдегі сөз бірліктерінің лексикамыздан орын алуы тілдік қорымыздың кеңеюіне жол ашады. Осының нәтижесін заң мәтіндерінен  де айрықша байқауға болады.

Заң лингвистикасында сөзжасамның ұғымдық үйлесім, түбірден туындату, сөздерді тұтастыру, тілдік аралас қолданыс жасау және басқа да  тәсілдерімен жаңа терминдік сөз тіркестері пайда болғанының дәлелдері көп. Мысалы, «бейінді оқыту» - «профильное обучение», «еншілес кәсіпорын» - «дочерное предприятие»,«родственные фирмы» – «төркіндес фирмалар», «негізгі (бас) компания»материнская (родительская) компания, «бас келісім» («генеральное соглашение»), «өлшемшарт» - «критерий», «құрамбөлік» (компонент) және толып жатқан тағысын-тағылары.

Баламасы сәтті табылған кейбір кәсіби тіркестік терминдерді құқық жүйесінде өз тілімізде орнықтырудан да қашпауымыз керек. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өндірістің, шаруашылықтың әртүрлі салаларындағы қатынастарды реттейтін бірқатар заңдарда «аффилиированное лицо» деген терминдік тіркес бар, бұл заң мәтіндерінде «аффилиирленген тұлға» деп калькалық сипатында алынып жүрді. Ал бұл сөздің бірлесу, үлестес болу деген мағынсын ескере отырып, «үлестес тұлға» деген  жатық та ұғынықты нұсқасын мемтерминком дұрыс бекітті. терминнің де «негіздемелік заң» деген қазақша нұсқасы орнықты. Терминнің, оның ішінде тұрақты тіркестің қолданысқа енгізілуі, орнығуы көп жағдайда оның мағыналық дәлдігінің, нормалық дұрыстығының ана тіліміздің баламасымен үйлесімді шығуымен байланысты екенін ескеруіміз қажет.

Сөз бірлігіне, соның қатарында тілдік тұрақты тіркестерге жан бітіретін құбылыс оның қолданыстық жилігінің артуы. Қолданылмайтын нәрсенің ұмытылатыны, ескіретіні белгілі. Тілдік қолданыс жиілігінің факторы белгілі бір ұғымды нақтылауға, жетілдіруге және біріздендіруге ықпалын тигізеді. Заңның терминдік қолданысындағы тұрақты тіркестердің орнығуы оның құқық саласындағы қызметінің өміршеңдігімен байланысты. Қызмет жасамайтын заңның тілі де өз функциясын дұрыс атқармайды. Тоқ етерін айтқанда, мемлекеттік тілдегі заң мәтіндерінің жазылуында, терминдерге өз тілімізде балама тәржіма жасауда  тиянақтай түсетін, жетілдіре түсетін мәселелер  баршылық. Айталық,тұрақты тіркестердің заң мәтіндерінде қолданылу мәселесінде мына сипаттағы басты кемшіліктер тән:

мағыналық бірізділіктің болмауы;

терминдердің жолма-жол тәсілмен аударылып берілуі;

терминдердің, тіркестердің түп мәтіндік қолданыстағы ерекшеліктерін, көп мағыналық (полисемия) қолданысын  ескермеу.

Ана тілімізде орнықты заң фраземасын қалыптастыру, яғни  тұрақты тіркестердің дұрыс қолданылуы мен өз мәнінде орнығуы  шығармашылық көзқарасты талап етеді. Ал шығармашылық көзқарас дегеніміз  әрбір сөз бірлігінің мәтіндегі қолданылу ерекшелігіне, оның құқықтық нормамен мағыналық үйлестігіне егжей-тегжелі зер салу, керек болса әрбір сөз бірлігі ұғымының этимологиясын, түптамырын зерделеу. Түптеп келгенде өміріміздің әр саласында тілімізді таза қалпында қолданудың іргелі ізденістері – рухани қазынамыз, ата-бабадан, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ұлы да қасиетті мұрамыз тілімізді жаңа кезеңдердің талабымен үйлестіре жетілдірудің аясында жүзеге асырылуы тиіс.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында, сондай-ақ ұлттық тарихымызға, мемлекеттілігіміздің тарихи дамуының сипаттарына қатысты айтылған келелі де қағидалы сөздерінде  тарих сахнасына «Ұлы Дала елі» болып енген  елімізде ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың айрықша маңыздылығы баса айтылып келеді. Ел бірлігі мен мемлекеттік тұтастығымызды нығайта отырып, халық келешегінің келбетін ұлт ретінде сақтап қалудың Елбасы діттеген осындай тұғырлы міндеттерінің қатарында ана тіліміздің мәртебесін биіктетудің өзекті мәселелері де бар екенін ескерсек, бүгінгі таңда мемлекеттік тілдегі заңнама терминдерін де ұлттық реңкпен қолдана білудің түбегейлі негізін салу  - маңыздылығы мен жауаптылығы тұрғысынан аса зор іс. Елбасы өзінің  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел басы латын әліпбиіне көшу мәселесін – ұлттық санамызды жаңғыртудың келелі міндеттерінің бірі ретінде белгілей отырып, латыншаға көшудің терең логикасы - бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты екенін айрықша атап көрсетті. Бұл орайда мемлекеттік тілдегі ұлттық заңнама  лингвистикасының латын әліпбиіне бейімделуі де лексикалық, терминологиялық жаңа сапалық өзгерістерді қамтитыны белгілі. Кирилл алфавитінде орысша түбірі сақталып қолданысқа енген терминдердің айтылуы (орфоэпиясы) мен жазылуы (орфографиясы)  ана тіліміздің толық заңдылығымен жазылуға тиіс. Заңнама лингвистикасының өзегін құрайтын терминдердің, оның ішінде әсіресе халықаралық ортақ қолданыстағы, түбірлік этимологиясы латынша және басқа тілдердегі терминдердің де осы әліпбиде қазақшалануы мұқият саралау мен ізденістерді талап етеді. Сондықтан жаңа әліпбидің біз қолданатын нұсқасы қабылданғаннан күннен бастап ұлттық заңнама қорындағы заңдарды латын әріпіне көшіру жұмысын қолға алу қажет. Бұл заңнама терминдерін қазірден-ақ ұлттық тілімізге біржола бейімдеу жұмысын жандандыратыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, заңнама лингвистикасын осынау мемлекеттік маңызы үлкен міндеттердің шеңберінде молықтыра отырып дамытудың келелі мақсаты - ұлттық терминдік қорымызды байыту, балама ұғымды атауларды, тұрақты тіркестік терминдер мен сөз орамдарын ұлттық заң тіліне қойылатын талап үддесіне сай қолдануға мейлінше ден қою болмақ.