Қазіргі терминжасам ісіндегі терминологиялық норма мәселелері

Қазіргі терминжасам ісіндегі терминологиялық норма мәселелері

ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың дамуы, әлеуметтік саяси, тарихи, мәдени өзгерістер өмірімізге  көптеген жаңа ұғымдарды алып келіп, сол ұғымдардың әрқайсысына  жеке атау табу қажеттілігін туғызып, терминжасам үдерістерінің өзектілігін арттыруда. Қоғамдағы осы өзгерістер кез келген тілдің құбылмалы, өзгеруге, жаңаруға бейім тұратын саласы – терминологияда көрініс табады. Қазақ тілінің терминологиясы қазір даму, жаңару үстінде. Оның басты себебі – Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы.

Аталмыш өзгерістер қазақ тілінің коммуникативтік, термин шығармашылық қызметтерінің күшейіп, қолданыс аясының, қоғамдық қызмет аясының кеңеюіне себепші болды. Осы құбылыстар нәтижесінде туып жатқан жаңа сөздер, терминдер ағыны қазақ тіл білімінде «жаңа қолданыстар» деп аталып жүргені мәлім. Өйткені, олардың бәрі бірдей лексиканың негізгі қорына бірден кіріп, тиісті орнын ала бермейді. Ол үшін қолданыс елегінен, сұрыптау, таңдау, іріктеуден, тілдік узуалдану үдерісінен өтуі қажет. Бұл ретте узуалдану үдерісі дегеніміз  – сөйлеу  элементтерінің іріктеліп, тілдік нормаға енуі. Узуалдану үдерісінің негізгі элементтері: 1) сөз қолданысының жиілігі; 2) сөзді қолданушы топтың «беделі» (кейде бұл «бедел» иесі ретінде жеке адам да бола алады).

Шындығында, қазақ тіл білімінде жаңа қолданыстардың пайда болу, жасалу, қалыптасу заңдылықтарын зерттеуді термин шығармашылығы мен терминжасам мәселелерінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Бұл мәселе жөнінде  А.Байтұрсынұлы: «Пән сөздері жағынан басынан-ақ қазақ басқалардан бөлек жол тұтынды, басқа түріктер, әдебиет тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланса, көркем болады дегендіктен, екінші, дайын пән сөздерін ала бергендіктен, түпкі ана тілі мен әдебиет бөліктеніп, өз сөздерін жат сөздер жұтып, жойып жіберу дәрежесіне жеткен. Қазақ жат сөзге әуестенбей, пән сөздерін өз тілінен жасауға тырысты. Әдебиет тілі ауылдағы қазақтың хат білетін, білмейтін – қайсысына да болса түсінікті болуын көздейді. Тіл арасына жік түсіп айрылмас үшін жат сөздерді амалсыз болған жерде ғана алатын тәртіп қолданды», – деп жазған [1, 413 б.].

Қазіргі таңдағы терминжасамның негізгі принциптерін анықтау үшін ғалымдардың ұсынған терминжасам қағидаттарын білуді қажет етеді. Сондықтан академик Ә.Қайдар ұсынған принциптерге көңіл бөлген жөн сияқты. Олардың қысқаша мазмұны мынадай [2, б.1-4]:

1. Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік қамқорлық жасау;

2. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқаралық үрдістің жақсы үлгілерін орнықтыру;

3. Байырғы лексикалық байлығымызды сарқа пайдалану;

4. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу;

5. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп алу;

6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре  қабылдау;

7. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып пайдалануды заңдастыру;

8. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен шарттылық заңдылығын мойындау;

9. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе бойынша  жіктеп, саралап пайдалану;

10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин атаулардың сандық сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың жолдарын іздестіру;

11. Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу.

Академик Ә.Қайдардың терминжасам принциптерін талдай келе, ғалым  Ө.Айтбайұлы былай деп жазады: «Біздің ойымызша, ең негізгілері деп үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, онбірінші принциптерді айтуға болатын сияқты. Басқалары  күнделікті қажеттілікке орай қатар  жүргізіліп отыруға тиісті шаралар. Солардың ішінде үнемі күнделікті назарда тұратыны – өз байлығымызды сарқа пайдалану, түркі тілдері тәжірибесін ескеру, интертерминдерді  тіл заңдылығына сәйкестендіріп қабылдау, дәстүр мен шартталықты мойындау, атауларды қысқартып алу жайы  жазу дәстүрімізді сақтау тәрізділері. Терминжасам процесінде болып жататын ала-құлалықтардың көбі осы шарттардың ескерілмеуіне, тіл заңдылығының аяқасты етілуінен деп білеміз. Заман талабына ескерілген бұл принциптер, сөз жоқ, қазақ тілінде  термин реттеуге себебі тиер игі үлгі» [3, 64 б.].

Профессор Ш. Құрманбайұлы қазақ терминологиясын дамыту мен жетілдірудің төмендегідей негізгі ғылыми қағидаттарын ұсынады [4, б.10-19]:

1. Ұлттық терминқор қалыптастырудың ішкі көзі қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану;

2. Терминқор қалыптастырудың сыртқы көзі болып табылатын өзге тілдерден термин қабылдау:

1) туыстас түркі тілдерінен термин қабылдау;

2) туыстық жақындығы жоқ тілдерден термин қабылдау.

 Терминология арнаулы, ғылыми білімді жіктеу үшін қажет. Басқаша айтқанда, мұндай құбылыстар мен үдерістерді жіктеу үшін олардың атаулары болып, яғни терминдермен белгіленуі керек. Жіктеу мен терминологияны бөліп қарастыруға болмайды. Осы тұрғыдан ғана термин тіл жүйесіндегі лексика-семантикалық топ және белгілі бір білім саласындағы ұғымдар жүйесіндегі орны мен шектеулі анықтамасы бар ұғым атауы бола алады. Термин ұлттық тілдің, сөздік қордың лексикалық бірлігі ретінде функционалдық саланың, арнаулы тілдің негізгі материалы болып, мағынасының дәлдігі мен нақтылығы, айқындылығымен ерекшеленеді. Бұл ретте терминдерге белгілі бір салада бірмағыналық қасиетінде көрініс табатын тұрақты семантикалық мөлшер тән болып келеді.

Ғылыми ұғымдардың қызмет етуі мен жүйелілігін тілдік бірліктер арқылы беретін терминология саласы кез келген тілдің қазіргі таңдағы сөздік қорының ең бір динамикалық бөлігін құрайды. Қазіргі кезде білім-ғылымның қай саласы болмасын тәжірибе жүзінде жаңа ұғымдарға (реалийлерге) термин енді жасалып жатқан жағдайлар болуы сөзсіз. Мәселен, өндірістік және ғылымның даму үстіндегі көптеген салалары өзінің ретті терминологиясы бар құқығын жариялағанда бүкіл жаңа ұғымдар атауларын біріктіріп, қосып беруге тырысады. Бұған дәлел ретінде тіл білімінің жаңа саласы аударматану ілімінің жаңа терминдерін келтіруге болады: ғылыми-техникалық аудармашысы, штаттағы аудармашы, штаттан тыс аудармашы, сонымен бірге аббревиатуралар күйінде берілген терминдерде байқалады: ҒТА (ғылыми-техникалық аударма) және т.б.

Бұл келтірілген мысалдар арнаулы салалардағы жаңа атаулар мәселелерінің ғылыми және қолданбалы аспектілері болатындығын дәлелдейді. Терминдер ретті жасалып, жаңа терминдердің бір бөлігі ғана бірте-бірте салалық терминологиялық жүйелерден орын алады. Терминдерді біріздендіру, реттеу жұмыстарын дұрыс жүргізу үшін термин-неологизмдердің қалай және қашан жасалғанын, қазіргі терминологиялық лексиканың жүйелілік параметрлері тұрғысынан бағалау критерийлерін білу өте маңызды.

Әрине, жаңадан жасалған терминнің өміршеңдігін, ең алдымен, оның ғылыми мазмұны айқындайды. Бұл терминологиялық неологизацияның басты шарттарының бірі болып табылады, яғни жекелеген терминдерді нақты бір терминжүйеге іріктеу барысында термин-неологизмдердің ғылыми таным нысаны ретіндегі ғылыми ойлау нысаны мен ғылыми ойлау белгілерінің ажыратылмас бірлік екендігін ескеру қажет.

Терминологиялық жаңа жасалымдардың қабылдауға болатындығын олар білдіретін ақпарат көлемі көрсетеді. Өйткені, түрлі семантикалық үлгілерде жасалған терминдер түрлі мән-мағыналық тілдік әлеуетті білдіріп, жалпы ұғымдарды ғана  емес, сонымен бірге барынша арнаулы ұғымдарды да атайтындығы мәлім. Әдетте, терминологиялық жүйенің негізін әмбебап терминдер (аталмыш ғылымның жалпы категориялық маңызын білдіретін атаулар) құрайды. Сол себепті де осындай ұғымдарды беретін, терминжасам талаптарына сәйкес жаңадан жасалған терминдер терминологиялық жүйеден өз орнын міндетті түрде табады деп қорытындылауға болады. Сонымен қатар, дағдылы терминдер болып ғылыми зерттеулерге негіз болатын, әсіресе, жаңадан ашылған немесе жете талдауды талап ететін құбылыстарды  білдіретін уникалды терминдер де саналады. Бұл ретте ең қиындық тудыратыны жаңа концепцияның пайда болуына байланысты қалыптасқан жеке авторлық терминдер. Әрине бұл да терминологияны толықтыратын көздердің бірі болып табылады. Бірақ  мұндай терминология әрқашан ғылыми терминдер жүйесіне лайықты бола бермейді. Мысалы, қаундопшы (регбист), салмадопшы (баскетболист), қақпадопшы (волейболист) т.б.

Терминология саласындағы неологизация құбылысы үшін саналы түрде басқарылатын фактор тән. Түрлі ғылыми және өндірістік сала мамандары өздеріне қатысты терминдер құрамын жай ғана қабылдап қоя салмай, арнаулы терминологияның терминдер жүйесі ретінде қалыптасуы мен жетілдірілуін ескерулері тиіс. Яғни, жаңа жасалымдар қатарынан тек қажеттілері ғана емес, сонымен бірге қазіргі әдеби тіл нормалары мен талаптарына сәйкес келетін ең үздік үлгілері іріктеліп алынады.

Ғылыми-техникалық төңкеріс кезінде жаңа терминдер жасалуы, тіпті жаңа терминологиялардың пайда болуы объективті құбылыс болып саналады. Мәселен, жаңа пайда болған ғылым мен техника салаларының (кибернетика атаулары, ғарыш саласының жаңа терминологиясы) және жаңа терминологиялық жүйенің қалыптасуы мен жасалуының уақытын (күні, айы, жылы) анықтауға әбден болады. Бірақ дәстүрлі терминологиялық кешендер аясында неологизация үдерісінің үздіксіз даму сипатын ескерген жөн. Себебі, жаңа терминдер мен терминологиялық жүйелер ғылым мен техниканың дамуымен, жаңа қоғамдық қатынастар пайда болуымен байланысты дүниеге келетіндігі баршаға мәлім.

Негізінен жаңа терминдерді ғылым, техника т.б. салалардағы жаңа идеяның авторы болып табылатын немесе өз саласында жаңалық жасаған, ашқан мамандар жасайды. Сондықтан да терминдерді ғылыми-өндірістік қызметтің өзгеше бір өнімі деп санауға болады. Көп жағдайда жаңа технологиялық атаулар авторларының арнайы филологиялық дайындығы болмауы, бір жағынан, терминжасамды бастапқы кезіндегі стихиялық жағдайға алып келетін болса, ал екінші жағынан, жаңадан жасалған терминді кодификациялау, стильдік нормалау кезінде терминші-мамандарды іске қосып отырады.

Әлеуметтік лингвистика аспектісі қазіргі кездегі терминжасамның мүмкіндіктері мен тілдік тәсілдерінің жете қатыстырылуын талап етеді. Жалпы алғанда терминдер тілде бар, белгілі сөздер, сөз тіркестері мен олардың бөліктерінің терминденуі арқылы жасалады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, олар жалпы қазіргі тілдің сөздік қорын толықтыратын амал-тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, неологизмдердің өнімді форманттар арқылы жасалуы, жергілікті диалектілердің, әлеуметтік және кәсіби жаргон, тұрмыстық тіл элементтерінің термин ретінде қабылдануы, кірме сөздер және тілде бар сөздердің семантикалық өзгеруі. Сонымен бірге терминдер жалпы тілдік лексикологиялық заңдылықтарына сәйкес топтастырылып, синонимдік және көпмағыналылық құбылыстарға ие болады.

Жаңа атау авторының терминологиялық атау затының – арнаулы денотатты жетік білуі семантика тұрғыдан оны міндетті түрде уәжді термин жасауына алып келеді. Сондықтан да алдымен өнертабысқа сипаттамалы атау беріліп, кейіннен семантикалық конденсация негізінде бұл атау универбтеніп ықшамдалады. Семантикалық ықшамдаудың нәтижесі тек термин-универбтер ғана  емес, сонымен бірге термин-қысқартулар да болып табылады.

Жалпы терминжасам үдерісін неологизация заңдылықтары мен тілдің лексикалық және терминологияның даму ерекшеліктерін ескере отырып жүргізген жағдайда қажетті термин жасау үшін әрқашан оңтайлы жол табуға болады. Терминологиялық жаңа атау жасау үшін оған деген нақты қажеттілік болған жағдайда ғана жасалады. Жаңа терминді арнаулы ұғымның терминологиялық атауы жоқ кезде ғана жасау қажет. Қазіргі заманда жаңа терминді бір автор ғана емес, ұжым да жасауы мүмкін. Бұған дәлел ретінде лавсан (ССРО Ғылым Академиясының Физикалық институт қызметкерлері ойлап тапқан) терминін келтіруге болады.

Сонымен бірге жаңа терминдер жасау барысында тіл дамуының ішкі заңдылықтарын да қатаң сақтаған жөн. Қазіргі таңдағы тілдің негізгі параметрлерін ескеріп, сөзжасамдық, грамматикалық, фонетикалық ерекшеліктерді сақтау қажет. Жаңа терминдер жасаудағы тілдің түрлі амал-тәсілдеріне қарамастан ең маңызды болып тілдің ішкі заңдылықтарына сәйкес қалыптасқан жаңа терминдер жалпы әдеби тілде бар сөздер негізінде жасау дәстүрі, ең бір өнімді көздердің бірі болып табылады. Терминдену үдерісі сөздердің семантикалық өзгерістерге, жаңа мағыналардың пайда болуымен бірге, жеке, дербес сөздердің форманттарға айналуына да алып келеді. Мәселен, қазақ тіліндегі аффиксоидтар құбылысы (әуежай, саяжай, жағажай және т.б.).

Кез келген тіл терминжасамда барлық жағдайда өзінің тілдік қоры мен амал-тәсілдеріне сүйенеді. Дегенмен, әрбір ұлттық терминологияның қомақты бір бөлігін қалыптасқан терминологияның ғана емес, сонымен бірге жаңа атаулар қатарын да өзге тілден қабылданған терминдер құрайды. Бұл құбылыс терминология саласындағы кірме сөздер үдерісі жүріп жатқанын және оны саналы түрде реттеу қажеттілігінің дәлелі. Осы тұрғыда мынадай фактіге мән беру қажет: шет тілді терминологиялық кірме сөздер нақты бір саланың қалыптасу кезеңін айқындап, кейін түрлі сол тілдің төл варианттарымен жарыспалы түрде қатар қолданылып, көп жағдайда табиғи бәсекелестікке өз тілінде жасалған терминдерге жол береді. Мысалы: процент→пайыз→процент; рынок→нарық→рынок деп қайтадан алынсын дегенімен, қазіргі таңда мейлі ол ресми тілде болсын, ауызекі сөйлеуде болсын, егер узусқа бір рет өз тілінде жасалған термин түссе, ол әрқашанда қолданыста кірме терминнен басым болады.

Сонымен, тәжірибе жүзінде неологиялық терминжасам барысында ең алдымен  жаңа термин жасаудың нақты, уәжді қажеттілігіне назар аудару керек. Жаңа терминді жасауда, бір жағынан, ұжымдық-әлеуметтік тәжірибені ескеру қажет болса, екінші жағынан, жаңа атаудың тіл дамуының ішкі заңдылықтарына сәйкестігін ескерген жөн. Жаңа терминдер жасалуына негіз болатын әлеуметтік және жалпы тілдік параметрлердің анықталуы әрбір жасалып жатқан терминологиялық атауды жетілдіру, жақсарту үшін маңызды. Осының барысында терминші мамандардың қазіргі терминологиялық жүйеге саналы ықпал етуі жүзеге асырылады. Терминдерді жетілдіру  үдерісінде реттеу және біріздендіру кезеңдері болып, оның нәтижесінде жүйеде тек нақты, қажетті және тілдік тұрғыдан дұрыс жасалған терминдер ғана қалады. Тіл білімінде жалпы тілдік норманың мынадай белгілері көрсетіледі (Р.Сыздық, Н. Уәлиев, Л.К. Граудина т.б.):

1) тілдің жүйесіне, яғни тілдің өз заңдылықтарына, оның ішінде грамматикалық заңдылықтарына сәйкес келуі;

2) дәстүрлік белгісі, яғни әдеби нормаға сәйкес келуі;

3) солай қолданылып кетуге, яғни тілдік узусқа қатыстылығы.

Академик Р.Ғ.Сыздық жалпы тілдік норманы былайша түсіндіреді: «...белгілі бір кезең ішінде  көпшілік қабылдаған, тұрақталған қолданыстар, яғни сөздердің мағынасы, олардың фонетикалық-графикалық көрінісі (тұлғасы), сөз жасау және  сөз өзгерту модельдері синтаксистік амалдары. Әрине, норма, яғни дәл солай қолданыс (сол мағынада, сол тұлғада, солайша құбылтуда т.т.) бір уақытта пайда болып, ешбір өзгермей, қатып қалатын категория емес. Тіпті әрбірден соң сол қолданыс дәл сол кезеңде дұрыс деп көпшілік қабылдаған норма болғанмен, тіл тіршілігінде (тәжірибеде) өзгеріп, «үлгілілік» сипатынан айырылып отыруы мүмкін немесе «норма осы» деп көрсетілгеніне қарамастан, оған бағынбаған кейбір элементтер күнделікті қолданыста көпшілік тарапынан баспасөзде, радио мен теледидарда, ғылыми әдебиет пен шаршы топ алдындағы шешендік сөздерде қолдау тауып кеңінен жұмсала бастайды да, жаңаша нормаға айналады» [5, 189 б.].

Қазіргі кезде қазақ терминологиясының шешілуге тиіс өзекті мәселелерінің бірі – терминологиялық инновацияларды нормалау болып табылады. Терминологиялық жаңа қолданыстардың нормасы жалпықолданыстағы сөздердің нормасымен сәйкес келгенімен, өзіне тән ерекшелігі де болады. Бұл мәселе жөнінде ғалым Н.Уәли былай деп жазады: «Термин атаулы – арнайы тілдің мағыналық ядросы және негізгі мазмұндық ақпаратты беретін тілдік бірлік. Жыл өткен сайын ғылымның сан-салалы дамуымен байланысты терминнің саны жалпылама сөздердің санынан көбейе түспек. Терминдер тасқыны жаңа ғылыми пәндердің, ондағы ұғымдар мен іргелі категориялардың ашылуына байланысты соңғы жылдары жаңа қарқын ала түсті. Осымен байланысты терминологияда норма мәселесі күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналды. Терминдік норма дегеніміз терминнің дұрыс жасалуы мен дұрыс қолданылуы. Терминжасам мен терминқолданым саналы процесс. Терминжасам әдетте мынадай шарттарды негізге алады:
− термин нормасы жалпы әдеби тіл нормасымен қайшылықта болмауға;

− термин жүйелі болуға;

− термин контекске тәуелсіз болуға;

− термин қолдануға ыңғайлы болуға;

− термин бірмәнді болуға;

− термин ұғынықты болуға тиіс» [6, б.261-262].

Терминологиялық жұмыстар, әсіресе, оның реттелуі норма және сөйлеу мәдениеті ұғымдарының қарастырылуын талап етеді. Себебі, терминдерге ең басты қойылатын шарттардың бірі олардың лингвистикалық тұрғыдан дұрыстығы болып табылады. Сондықтан да терминологияны реттеуде алға нормативтік талаптар қойылады. Біздің ойымызша, терминдер мен терминологияларға қойылатын нормативтік шарттарды былайша топтастыруға болады:

1. Жүйелілік;

2. Бірізділік;

3. Термин мен ұғымның бірмағыналылық сәйкес келуі;

4. Семантикалық дәлдік;

5. Қысқалық;

6.Терминдер жарыспалылығы мен варианттылығын айқындап, қажеттілерін енгізу;

7. Дефинициясының болуы;

8. Терминнің  эстетикалық жағы.

Белгілі бір терминологиялық жүйеге енгізілетін жаңа терминологияны реттеу және біріздендіру жұмысының барысында нормативтік параметрлерге сай келетін терминдер іріктеліп, сарапқа алынады. Нормативтік параметрлердің негізгілерін мынадай белгілер құрайды: атаудың ұғым мазмұнына сай келуі, келмеуі; терминнің көпмағыналылығына мүмкіндігінше жол бермеу; термин-синонимдердің тек қажеттілерін қалдырып, синонимдер санын шектеу; терминнің тілдік белгіленуінің ұтымды формасын беру; терминнің қысқалық белгісін, жеңіл айтылуын қамтамасыз ету; жаңа терминдерді өздерінің терминологиялық өріс үлгілеріне сәйкес жасап енгізу.

Түйіндей келгенде, терминологиялық жүйені қалыптастыру үшін төмендегідей талаптар қойылады:

  1. Жаңадан жасалған арнаулы атаулардың ішінен қажетті, ұтымды терминдерді іріктеп алу;
  2. Оларға дәл белгіленген анықтама беріп тіркеу;
  3. Терминнің бірмағыналылық ерекшелігі ескеріліп, қажетсіз синонимдерден шектеу.

Осындай талаптар ескеріліп жасалған терминдер арқылы салалық терминология жүйелері нығайып, бұл саладағы бүкіл өзгерістерге үнемі бейімделуге мүмкіндік береді.

Әдебиеттер тізімі:

1 Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.

2 Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 43 б.

3 Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі: (Қазақ терминологиясының негіздері). – Алматы: Рауан, 1997. – 240 б.

4 Құрманбайұлы Ш. Мемлекеттік тіл саясаты және терминологияны қалыптастырудың қағидаттары // Терминология және тіл мәдениетінің мәселелері. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Астана, 2004. – Б. 10-19.

5 Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 224 б.

6 Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: фил. ғыл. д-ры дис.: 10.02.02. – Алматы, 2007. – 330 б