Техникалық терминжасамдағы сөз таптарының орны

Техникалық терминжасамдағы сөз таптарының орны

Қоғамдағы ғылым мен техниканың дамуы бір орында тұрмай, үнемі қозғалыста болатыны анық. Ендеше ғылымда кез келген жаңалық өзімен бірге сол жаңалыққа қатысты терминдер топтамасын дүниеге әкелетіні сөзсіз. Сондықтан да кез келген ғылымның белгілі бір тілде дамуының бір көрсеткіші сол тілде аталған сала терминдерінің жасалу деңгейі болмақ. Әдеби тіл стильдерінің бірі болып табылатын ғылым тілін қалыптастыруға негіз болатын термин сөздер туралы зерттеу еңбектерінде аз айтылып жүрген жоқ. Осы бағытта жазылған мақалада қазақ тілінің техникалық терминжасамындағы сөз таптарының орны сөз болады. Автор сөз таптарының техникалық терминдерді жасауға қатысуын саралап, олардың өзіндік үлесін анықтайды.

 

Термин қалыптастырудың бір жолы – жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі десек, сөздердің терминденуін сөз таптары тұрғысынан қарастырудың маңызы зор. Сөз таптарының терминденуі жөнінде тілші ғалымдар бұған дейін де сөз еткен, алайда олардың бұл бағыттағы пікірлері бір арнаға тоғыса бермейді.

ХХ ғасырдың 30-жылдарында Г.О.Винокуров терминдер тек зат есімнен жасалады, басқа сөз таптары зат есім негізіндегі сөз тіркестері қатарында ғана келеді деген пікір ұсынады. Ғалым техникалық терминдер қатарында көптеген етістіктер кездескенімен, олар терминологияға заттану арқылы енеді деп ой қорытады [1, 14]. Бұл көзқарасты қолдаған ғалымдар бұл пікірді сын есім, үстеуге қатысты да қолданды.

А.А.Реформатский болса, Г.О.Винокуровтың идеясын қолдап, зат есіммен бірге етістік, сын есім, үстеулер де терин бола алатынын айтып, зат есімге басымдық береді [2, 148].

Алайда бұл пікірмен келіспейтін де ғалымдар бар. Мәселен, В.П.Даниленко басқа сөз таптарынан жасалған терминдер жеке тұрып та белгілі бір мағына беретінін алға тартса [3, 80], О.С.Ахманова терминдердің кем дегенде төрт сөз табынан: зат есім, сын есім, етістік, үстеуден жасалатынын нақты мысалдармен дәлелдейді [4, 474]. Н.А.Щеглова «терминологиядағы дерексіздікті (абстракция), зат, сапа мен әрекет туралы ғылыми-техникалық ұғымдарды білдірудің шын мәніндегі бірден бір лексика-грамматикалық құралы зат есім болады», деп алғашқы пікірді қолдай түседі [5, 17].

Шындығында да терминдердің барлығы тек зат есімдер бола бермейтінін ұзақ жылдар бойы терминология мәселелерімен кәсіптік дейгейде айналысып жүрген ғалым В.П.Даниленко өз зерттеулерінде дәлелдейді. Ол чех ғалымдарының аталмыш проблемаға қатысты зерттеулеріне сүйене отырып, тек зат есімдер ғана емес, сонымен қатар сын есім, етістік, үстеу, есімдік сияқты сөз таптары да термин бола алады деген қорытынды жасайды [3, 80].

Терминдердің негізінен зат есімдерден болуының негізгі себептері ретінде зат есім категориясының семантикалық мүмкіндігінің мол екендігі де, сондай-ақ, жоғары дәрежедегі абстрактілікті білдірудегі артықшылықты да жоғарыда аталған ғалымдар тарапынан әділ көрсетілгенін айтпасқа болмайды. Алайда зат есімдердің термин ретінде бірінші орында тұруының негізгі себебі осылар ғана ма, әлде өзге де себептер бар ма? - деген сұрақ туындайды. В.Даниленконың етістіктің бұйрық рай формасымен келетін тік тұр!  көзде! сияқты әскери терминдермен осы тәрізді спорт терминдерін зат есімдермен алмастыруға еш келмейтінін айтады [3, 81].

Автордың бұл пікірі алдымен зат есімдерімен қатар етістіктің де термин бола алатындығын аңғартса, сол арқылы зат есімнің семантикалық мүмкіндігінен гөрі терминделуші ұғымдардың мол болатынын, яғни терминдердің бір ғана сөз табымен шектелмейтіндігінен хабардар етеді. Мәселен ойлау, сезіну, қабылдау сияқты терминдерде абстракті ұғым процеспен тікелей байланысты.

Терминологияда зат есімдер дерексіз ұғымдармен бірге деректі ұғымдарды білдіруі жағынан да бірінші орында тұр. Мәселен, техникадағы-иіндібілік, ебелек, қаңғалақ; медицинадағы асқазан, өт, сілекей; өсімдіктанудағы түйін, тұқымжарнақ, гүлтабан сияқты терминдер ұғымдардың атаулары.

Жалпы лексика негізінен сөздің тура мағынасының метафорлануы, сөз мағынасының тарылуы, кеңеюі (яғни нақтылануы) және калькалану тәсілдері арқылы терминденеді.

Жалпы терминологияда, оның ішінде техникалық терминологияда да етістіктер белгілі бір үдерістің, құбылыстың атауын білдіреді. Бұл туралы В.П.Даниленко былай деген: «терминами можно считать такие глаголы, которые... именуют важное основное понятие науки, называют основные процессы данной дисциплины»[3, 82].

Қазақ тілінің техникалық терминологиясында Айналу (вращение), бедерлеу (насекание), бүрку (опрыскивание), жонғылау (фрезерование), майлау (смазывание), сұйықталу (конденсация) т.б. сияқты көптеген етістіктен жасалған терминдер кездеседі.

Терминологияда сын есімдер көбінесе сөз тіркесі құрамындағы терминэлемент ретінде қолданылады. Сын есімдер терминдену кезінде өзінің лексика-грамматикалық және лексика-семантикалық қасиетін өзгертеді, яғни сапалық реңкі төмендеп, қатыстық сын есімдер семантика-морфологиялық қасиет иеленіп, салыстырмалы шырай жасау мүмкіндігінен айырылады. Яғни сын есімдер ұқсас терминдердің ерекшеліктерін нақтылау үшін қолданылады. Мәселен, артқы ілмек (хвостовик), бастапқы күй (исходное положение), гидравликалық беріліс (гидравлическая передача) сияқты терминдерде сын есімдер үдеріс, зат атауының сынын, өзіндік ерекшелігін айқындап тұр.

Әдеби тілдегі сияқты терминологияда да сын есімдердің заттануы орын алады. Басқаша айтқанда, бірқатар терминдер сын есімдердің заттануы арқылы да жасалады. Мысалы, бояғыш, дербес, жанама, аспалы, тұйық, аудармалы, байытқыш сияқты терминдер осы сын есімдердің заттануы арқылы жасалған.

Тіліміздегі үстеу, есімдік сияқты сөздердің терминденуі өте сирек. Терминденген жағдайдың өзінде олар зат есім қатарына көшеді немесе тіркесті терминдер қатарында қолданылады.

Қазақ тілінің техника саласына қатысты терминдерінде де осы заңдылық сақталады. Әрине, аталған салада да сөз таптарының терминденуі түрлі дәрежеде жүзеге асырылады. Яғни, техникалық терминологияда әр сөз табының үлес салмағы әртүрлі болады. Олардың ішінде, әлбетте, басымдық алатын зат есімнен жасалған терминдер. Зат есім терминдер түбір күйінде де туынды зат есім түрінде де кездесе береді. Сөзіміз дәлелді болу үшін біз Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен 31 томдық сөздіктің 7- машинажасау саласына арналған томына талдау жасадық. Басқаша айтқанда, аталмыш томдағы қазақ тіліндегі терминдерді сөз таптарының, соның ішінде жасалу жолдары шегінде қарастырдық. Осы жұмыста зат есімді терминдердің көптігі дәлелденді.

 

Кесте 1

Жұрнақ

Сөздіктегі сөз саны

Мысалдар

1

2

3

-у жұрнағы. Қимыл атаулы терминдер жасайды 

93 термин

Айналу (вращение), бедерлеу (насекание), бүрку (опрыскивание), жонғылау (фрезерование), майлау (смазывание), сұйықталу (конденсация) т.б.

-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш жұрнағы.

65 термин

Тиегіш (загрузчик), шоғырлағыш (концентратор), тартқыш (тяга), теңгергіш (балансир), сақтандырғыш (предохранитель), қоректендіргіш (питатель) т.б.

-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы

35 термин

Айқастырма (крестовина), аспа (подвеска), бекітпе (закреп), белдеме (буртик), қаптама (кожух), құрсама (обойма) т.б.

-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы

33 термин

Жалғастық (штуцер), толастатқыш (демпфер), тозғандық (изношенность), сынғыштық (ломкость) т.б.

-ша, -ше  жұрнағы

19 термин

Арқанша (тросик), ауызша (дульцо), аралықша (мостик), қалқанша (щиток), қайрақша (брусок), қамытша (хомуток) т.б.

-уыш, -уіш жұрнағы

13 термин

Тежеуіш (тормоз), санауыш (счетчик), тіркеуіш (сцепка), тіреуіш (стойка), тиеуіш (погрузчик), бұрауыш (отвертка) т.б.

-ыс, -іс, -с жұрнағы

8 термин

Бүгіс (сгиб), кептеліс (затор); кідіріс (выстой), құйылыс (сток), үйкеліс (трение) т.б.

-шық, -шік жұрнағы

6 термин

Науашық (желобок), ершік (седло), кемершік (заплечик), айқаршық (крестик), соташық (шток), тегершік (маховик)

-ық, -ік, -қ, -к жұрнағы

6 термин

Сызық (линия), қыспақ (прижим), қарнақ (штанга), қырылдақ (храповик), тұғырық (подставка), тістеуік (кусачки)

-ым, -ім, -м жұрнағы

5 термин

Қосым (присадка), ойым (впадина), пішім (формат), қысым (давление), төсем (прокладка)

-ғы, -гі, -қы, -кі жұрнағы

4 термин

Сүзгі (фильтр), жұлынғы (выдра), бұрғы (сверло), бағдарғы (ориентир)

-шы, -ші, -хана, -шек, -қақ, -кек, -ын, -ін, -н жұрнақтары

Бұл жұрнақтар арқылы бірді-екілі терминдер кездеседі.

Пішін (форма), іскек (пинцет), күпшек (ступица), қайрақшы (заточник), ұстахана (кузница)

 

Жоғарыдағы кестеде көрсетілген мәліметтер бойынша, аталған сөздіктегі терминдерді жасауға қатысқан жұрнақтар арасында –у, -ғыш, -гіш, -қыш, -кіш, -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе, -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтары өте белсенді қызмет атқаратындығы, -ша, -ше,  -уыш, -уіш, -ыс, -іс, -с, -шық, -шік, -ық, -ік, -қ, -к, -ым, -ім, -м, -ғы, -гі, -қы, -кі жұрнақтарының белсенділігі орташа екендігі, ал -шы, -ші, -хана, -шек, -қақ, -кек, -ын, -ін, -н жұрнақтарымен бірді-екілі термин ғана жасалғанын көреміз. Бұл көрсеткіш бір ғана сала сөздігін талдауда анықталып отырғандықтан,  техниканың барлық саласындағы жұрнақтардың термин жасауға қатысу деңгейі осындай деуден аулақпыз. Дегенмен де, осы мысалдардың өзінен-ақ техникалық терминдерді қалыптастыруға белсенді қатысып жүрген жұрнақтарды анықтауға және олардың түбір сөзге жалғану арқылы оған үстейтін мағыналарына сай қандай ұғымға атау болатындықтарын анықтауға болады.

Сонымен бірге, біз жоғарыдағы кестеде тек төл сөздерге жұрнақ жалғану арқылы жасалған терминдерге тоқталдық. Ал техника саласында кірме терминдер құрамындағы түбір тұлғасы өзгеріссіз қалып, қосымшасы қазақ тіліндегі баламасымен алмастырылуы арқылы жасалған терминдер жеткілікті. Ондай терминдерді біз кірме терминдерге арналған тараушада талдайтын боламыз.

Жалпы, техникалық терминдерді жасауда морфологиялық тәсілдің өзіндік орны бар. Әлемдік тілдер арасында жалғамалы тіл тобына жататын қазақ тілінде жаңа атау жасауда сөз тудырушы жұрнақтардың термин жасауда да үлесі мол екендігі сөздіктерде берілген техникалық терминдерді талдау кезінде анықталды.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Винокур Г. О. О некоторых явлениях словообразования в русской технической терминологии. // Труды Московского института истории, философии и литературы. Т.5.сборник статей по языковедению. М., 1939. – с. 3-54.
  2. Реформатский А. Что такое термин и терминология // Вопросы терминологии (материалы всесоюзного терминологического совещания). – М.: Изд. АН СССР. 1961. – 233 с. 

3. Даниленко В.П. Русская терминология. Опыт лингвистического описания. – М.: Наука, 1977. – 243 с.

4. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. – М.: Советская энциклопедия, 1969. –  607 с.

5. Щеглова Н.А. К проблеме термина. Тула, 1983. – 32 с.

6. Құдайбергенов Р. Техникалық терминдер сөздігі. Алматы: Таймас, 2009. – 616 б.