Термин сөздердің спецификасы жөнінде

Термин сөздердің спецификасы жөнінде

Термин мәселесендегі үлкен кемшіліктеріміздің бірі – мына тіпті термин емес сөздер де термин қатарына қосақталып, белгілі бір мағынаны білдіретін стандарт сөздер боп қатып қалған.

Сүйтіп, қазақ сөздері мешеулікке айналған, тілеген бір ұғымды еркін айтып берерлік басы бос сөздер санаулы боп қалған, термин ғып алынған сөздер көбінесе-ақ адам түсінбейтін боп шыққан. Мынау қазақ сөздерінің денесіне жабысқан бір дерт қой. Енді сол дертті қазақ сөздерінің денесінен сылып тастап, термин принциптерін дұрыс шешу үшін: термин деген не, белгілі бір ұғымға арналып, басқасына бұрылмайтын стандарт термин болуға лайық қандай сөздер: алдымен осыны шешіп алу керек.

Белгілі бір ұғымдарды білдіретін қарақшылы сөздер болады, о сөздерді әлгіндей ұғымдарға – ғылым жолы қандай сатыда тұрса, міне, осы теліп отырады; сонымен қатар термин сөзінің терминдік ұғымы мен күнделік тіршілікте қолданылатын жай сөздік мағынасы басқа болуы да мүмкін.

Сүйтіп, термин сөзі белгілі бір кезеңдегі белгілі бір ғылыми ұғымды, ұғым болғанда да, көбінесе-ақ жай сол сөздің, сөздік мағынасына жуыспайтын ұғымды білдіретін болады. Олай болса, термин сөз – қашан өзінің тұрақтылығын қойып, екінші бір ұғымға ауып кеткенше, тұрақты болып тұрады.

Бұрынғы мағынасы өзгергенде де іргесін аудармай, сақталып отыратын термин сөздер көп ұшырайды, мысалы: «атом», «психология», «яровизация», т.б. сияқты.

О баста: «атом» онан әрі бөлінбейтін, психология «жантану ғылымы», яровизация «күздік тұқымды жаз себетін тұқымға айналдыру» мағыналарында қолданылған. Ғылым өрісі кеңейіп ілгері басқаннан кейін, жаңағы сөздер беретін ұғымдар да өзгерген, сүйтіп әлгі сөздер басқа мағыналарды білдіретін болып шыққан; электрон теориясы келіп шықты да атом – дененің онан әрі бөлінбейтін ең кішкентай бөлшегі деген ұғымды бекерге шығарады; психология – рух тану ғылыми емес, қайта, «рух», «аруақ», «жын, шайтан» сияқтылардың түбі шикі екенін сипаттайтын ғылымға айналды; яровизация – күздік тұқымдарды жаз себугежарамды етіп шығаратын ғана емес – тұқымды жақсартып, егістік жерлерді өңдейтін оның үстіне жаз себілетін тұқымдарды, шапшаң көктеп өсіп шығатын етіп егіннің бітік шығуын арттыру жолдарын табатын ғылым боп шықты.

Мұндай реттер барлық терминдерде де ұщырайды десек көп қателескен болмаймыз; сонда ескі терминдер сақталып қала береді, бірақ мағынасы соныланып жаңарады. Үйткені ғылыми ұғымды білдіретін сөздер ғана аударылады, ұғым сол кезде ортақ болғандықтан ол аударылмайды, жалғыз-ақ түсіндіріліп анықталып кетеді. Олай болса, халықралық терминдерді аударып алам деу бекершілік боп шығады.

Термин алу мәселесінде бізде неше түрлі өрескеліктік болғанын көреміз. Бізде «психология» демей – «жан жүйесі» (жан тану ғылым), «геометрия» демей – пішіндеме (фигура жайлы деген боп шығады) деп алынған болатын. Әрине, бұл сықылды өрескелдік аударылмайтын сөздерді, халықаралық терминдерді аударып алам деуден, аудару керек болғанда да терминдерді емес, сөздердің лексикалық мағыналарын аударудан шығады: тұрақты ұғымдардың әрқайсысына халықаралық термин етіп алу керек. Термин емес жай сөзде келгенде, бұлардың орнына – жазушының, сөйлеушінің лексика зарасына қарай бар зарасын орынды жерінде қолдана білуіне қарай, басқа сөздер алуға болады.

Тарих бүкіл жер жүзіндегі мәндегі ие болған күннен бастап ғылым табыстары да бүкіл жержүзіндік ғылым табыстарына айналды. Біздің заманымызда бір заңды екі адам өз тұсынан табуы, мысалы, Ломоносов та, Лавуазие де бір заңды өз бетімен ашуы мүмкін емес.

Сондықтан ғылым-техника табыстары жарыққа шығарған терминдер де бүкіл жер жүзіне ортақ, халықаралық термин боп шығады. Термин сөздерінің жай сөздерден мағына жағынан өзгеше болуы да осыдан келіп шыққан. Бір сөз белгілі бір кезеңдегі халықаралық бірыңғай, стандарт ұғымға телінбей, әр елдің тілінде қандай мағынада қолданылған түрінде қалып отырады, ол термин бола алмайды. Мысалы, орыстың: «лошадь», «корова», «толстый», «мелкий», т.т. сияқты сөздері мен соларға сәйкес келетін қазақтың «ат», «сиыр», «жуан», «ұсақ» сөздері.

Үстіртін қарағанда алдыңғы орыс сөздеріне сәйкес, солар берген ұғымдарды соңғы қазақ сөздері де дәл түсіндіре алатын сияқты. Бірақ олай емес көрінеді: орыстың «лошадь»-ына бірде қазақтың «ат»-ы, кейде «жылқы»-сы сәйкес келіп отырады; сол сияқты, қазақтың «ат»-ына бірде орыстың «мерін»-і, кейде «конь»-і сәйкес келіп отырады. Қазақтың «сиыр»-ы, көбінесе-ақ орыстың «рогатый скот»-ы, сирек қана, «корова»-сы орнына жүреді. Орыстың «толстый» деген сөзі «цилиндір» дегеннің жуандығын білдіретін болса ғана қазақтың «жуан» сөзіне сәйкес келеді; бірақ олардың «толстая бумага»сын қазақ «қалың қағаз» дейді (жуан қағаз демейді), «толстый стебель»-ін – «жуан сабақ» дейді.

Орыстың «мелкий» деген сөзі, «камешее» сияқтылар жайлы айтылған болса ғана оған қазақтың «ұсақ» сөзі сәйкес келеді («ұсақ тастар», «мелкие камешки»), ал енді «мелкая вода» дегендегі «мелкий»-ді «ұсақ» (су) деуге болмайды, «тайыз су» дейміз, - мұнда «мелкий» сөзіне «тайыз» дәл келеді.

Солай болатын жөні де бар: үйткені сөз бір нәрсенің жай аты ғана емес, жете танылған, бөлектеніп шыққан нәрсенің аты.

Бір нәрсенің осылайша бөлектеніп шығуы әр елдің тарихи даму жағдайларынан келіп шықпақ, конкрет тарихи жағдайларға қарай икемделмек, ондай жағдайларды әрбір қоғам коллективі өз басынан оздыратын сияқты, бірақ бір сөздің әлгіше бөлектеніп шығуы түрліше болады. Әр коллектив өзінің тіршілігінде бір нәрсенің бір жағымен ғана пайдаланса, ол нәрсені сол жағынан ғана таниды, құбылыстардың арасындағы байланысты осы жағынан алып көрсетеді.

«Восход солнца» кейбір халыққа «күннің жоғары көтерілуі» болып көрінген, енді біреулерге – «үйден шығу» тәрізді, үшіншілерге – «туу» тәрізді боп көрінген. «меньшая глубина воды» ұғымы да со сияқты. Орыстар мұны «мелький предметке» байланыстырып алса, қазақтар оны «замерзающая вода» ұғымына ұштастырып, «скользкость» ұғымымен байланыстырып, «тай» түбірінен «тайыз» туынды сөзін қолданып кеткен.

Өмірде кездесетін ұғымдар, оған сәйкес сөздер осылай жасалып жарыққа шығып отырады, ал енді бір елдің тіліндегі сөздерге сәйкес келетін екінші бір елдердің тілдеріндегі сөздер, қашан да толық сәйкес болып отырған емес, үйткені елдердің тіршілік жолындағы, тарих заңымен келіп шыққан ұғымдағы айырмашылықтар жойылмай тұрып, ол сөздер бірыңғай толық бір-біріне сәйкес келе алмайтын сияқты. Ғылыми ұғымдарды алатын болсақ, мұнда әңгіме басқаша. Үйткені бұл ұғымдарды белгілі бір ғылым тарихының белгілі бір кезеңі жетектеп отырады, мұнда сол ұғымды малданып отырған халықтың тарих жолымен, немесе жер-суы, мекені басқалығымен келіп шыққан сезімі жаңа ашылған процеске кедергі бола алмайды. «Линия» сөзі ғылыми бір ұғым, бірақ мұның қарапайымды мағынасы ғылыми ұғымға сәйкес емес, - әр ел мұны әртүрлі құбылыстармен байланыстырып алады, «пар» ұғымы да сондай: физикадағы «линия» бір басқа да, жай тіршілікте кездесетін «линия» бір басқа.

Қай тілдің де жай сөздері тек сол елдің ғана қолданатын сөзі болудан озып, ғылыми ұғымдарды білдіретін болса, сонда ғана термин қатарына кіреді. Қазақтың «тау сағыз»-ы мен «жабағысы »-сы өрісі ұзарып шетке шыға алмай, қазақтың өзі ғана білетін ұғымдар болып жүрген кезде жай сөздіктен асқан жоқ. Ал енді «тау сағыз» сөзі белгілі бір ботаникалық, биохимиялық ұғымды, «жабағы» сөзі – тауарлық (товар) ұғымды алып еді, бұлар термин болып шыға келеді.

Сондықтан әр ұлттың меншікті, басқалар қолданбайтын терминдері болмайтын сияқты. Дұрыс, араб, қытаулардың күшімен барлық терминді өздерінің ұлт тілінде бар сөздерден жасап алуға тырысқан. Бірақ бүкіл жержүзілік тарихи процестің ағымына бұлар да төтеп бере алмай халықаралық терминдерге бұлар да қойындарын аша бастады.

Сондықтан термин – әр елдің өз сөзімен алынса да, мысалы: «еңбек», «ақша» немесе халықаралық сөзбен алынса да, мысалы, «капитал», «валюта» сияқты – қашан да халықаралық болады, үйткені бұлардың екеуі де жержүзіне белгілі ортақ ұғымдарды білдіреді.

Өндіріс бүкіл жержүзілік болып стандарт түрге көшкенін көреміз, осының белгісі болып халықаралық стандарт терминдер көбейеді, өзі көбінесе халықаралық ортақ сөздермен айталытан болады. Бірақ бұл дәуірде ұлт және ұлт тілі жойылып кетпейді ғой, сондықтан халықаралықтерминдерінің бірсыпырасы, мүмкін тіпті ел-елдің өз сөзімен алынып отырады.

Халықаралық ортақ терминдермен қатар, ел-елдің өз тілінде алынған терминдер де болмақ. Екекуі қоян-қолтық тепе-тең түсіп отыра ма немесе біреуі кем, оның есебіне екінші артып отыра ма, о жағы тарихи жағдайлармен сабақтас нәрсе, бірақ халықаралық ортақ сөздермен алынатын терминдер қоғамының дамуына қарай өсіп, өрісі кеңеюі даусыз.

Біз жоғарыда: терминдер, бір жағынан халықаралық ортақ болып кеткен сөздерден жасалса, екінші жағынан - ел-елдің өз тіліне аударылып та алынып отырады деген едік; міне, термин тәжірибесіндегі осы заң қазақ тілінің терминдерін жасауда да өзінің күшін сақтауы керек.

Сүйтіп қазақ тілінің терминдері, бір жағынан, бірыңғай интернационал сөздермен алынса, екінші жағынан, қазақ сөздерінен жасалатын болады.

Біз бірыңғай интернационал терминдер – қазақ тілінде оларға сәйкес келетін сөздер табылсын, табылмасын – аударылып алынбасын дейміз. Қазақ тілінің терминдері жайлы біздің ұстанған жолымыз осы.