Қазақша термин қайтсек жақсы жасаймыз?

Қазақша термин қайтсек жақсы жасаймыз?

Қазақша термин жасау мәселесі, былайша алынғанда, бәлендей қиын да мәселе емес. Әдеттегі сөздер қалай жасалса, сөзжасам қандай-қандай тәсілдерге негізделсе терминдер де солай жасалынып, сол теориялық негіздерге сүйеніледі. Солай бола тұрса да, біздің қазақи тілдік ортада қазақша термин жасау дәстүрі әлі күні толыққанды қалыптаса қойған жоқ. Тіпті қазақша термин жасауға деген ынта мен құлық та әр уақыт байқала бермейтін сияқты. Оған себеп – 80-90 жыл бойы қазақ тілінің мәртебесін құлдыратуға, орыс тілінің мәртебесін асқақтатуға бағытталған саясат пен сол жолда істелген арнайы шаралардың нәтижесі деп есептейміз. Ғылыми терминдерді жасайтындар – cөз жоқ әр ғылым салаларының мамандары. Неге екенін қайдам, қазақ ғалымдарының көбі мейлі олар техникалық ғылымдардың өкілдері болсын, мейлі қоғамдық ғылымдардың өкілдері болсын (бұлардың ішінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің өкілдері де бар) терминдерді қазақша жазудың орнына еуропа тілдерінде қалай айтылып, қалай жазылып жүрсе, солай қолдана салады.

Басқа салаларға бармай-ақ, өзіме жақсы таныс қазақ тілі бойынша қорғалып жүрген кандидаттық, докторлық диссертациялар тілі туралы айтсам, бұлардағы жағдай да дәл сондай.

Кеше ғана қазақ тілі туралы жазылған бір кандидаттық диссертацияның авторефератын оқып шықтым. Небары 24 беттен тұратын жұмыста 50 шақты латын, грек, ағылшын сөздері (терминдері) қолданылыпты. Солардың ішінде прецедент, рефлекция, геминация, матрица деген сияқты терминдер жүр. Тілші болсақ та түсінбегендіктен, «бұлар нені білдіреді екен» деп шет тілдері сөздігінен қарасам, прецедент (лат.) деген «бұрыннан бар үлгі» дегенді, рефлекция (лат.)«қайта қарау, қайта ойлану, күдіктену» дегенді, ал гимнация (гр.)«қайталама дыбыс» дегенді білдіреді екен.

Қазақ тілінде жазылған екінші бір диссертацияның авторефератынан суггестия (лат. «сендіру, иландыру»), перлокутие (ағыл. «сөзді сыпайы түрде жеткізу»), иллокутие (ағыл. «сөзді арнайы түрде жеткізу») деген сияқты сөздерді кездестірдік. Шынтуайтына жүгінсек, бұлар термин де емес. Олардың мән-мағынасы неге қазақша берілмегендігі түсініксіз.

Бұлар аздық етіп жүргендей, соңғы кезде қазақша жазатындардың арасында арабтың бей-, би- префиистері арқылы сөз жасауға құмартушылардың саны күн санап артып келеді. Олардың алды оқулықтардың тіліне де жетті. Мыс: Ерікті бірлестіктер – бейкоммерциялық, бейөкіметтік ұйымдардың негізгі элементі ( Т.Ғабитов т.б. Мәдениеттану. Оқулық. 4-ші басылымы. А., 2005, 334 б.).

Жарайды-ақ, бұл оқулықтың төлиелерін (авторларын) тілшілер емес дедік. Қазақ филологиясы факультетін бітірген, кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғағалы отырған тілшілердің еңбектерінде кездесетін бейвербалды, бейәдеби, бейтұлғалық деген сияқты сөздерді қалай түсінеміз?!

Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де префикс жоқ екендігі белгілі. Ертеңгі күні біреу болмаса біреу «қазақ тілі» оқулықтарына: «Қазақ тілі – жалғамалы (агглютинативті) тілдердің қатарына да, қопарылмалы (флективті) тілдердің қатарына да жатады» деп, оған дәлел ретінде жоғарғыдай мысалдарды жиып-теріп бермесіне кім кепіл бола алады.

Әлгі диссертация қорғаушыларға «бұларың қалай?» десең «бізге дейінгілердің бәрі бұл терминді осылай қолданыпты» деп жауап береді. Сонда деймін-ау, қазақша терминдерді қазақтардың өздері жасамаса, оларды бізге кім жасап береді? Әдетте біз «ғылым халық үшін» деп жатамыз, бірінші кезекте сол ғылымымыз көпшілікке түсінікті болу керек қой. Ол үшін терминдеріміз қазақша жасалуы шарт.

Кеңес өкіметі кезінде жат жұрттық сөздерді, дәлірек айтқанда, басқаша айтқанда (варвариздерді) бізге терминком арқылы, терминкомға бекіттіру арқылы күштеп, зорлап ендірді. Ал қазіргі кезде, өз егемендігіміз өзімізде тұрған уақытта жат жұрттық сөздерді солай алуға бізге кім зорлық жасап жүр? Ешкім де емес. Өзіміздің түсініксіздігімізден, бұған дейінгі бойымызға сіңіп кеткен «ауруымыздан» құтыла алмай жүргендігімізден солай болып тұр. Тіпті «мағынасын ешкім түсінбейтін латын, грек сөздерін көбірек қолдансақ, ғылымның мәні солғұрлым арта түседі» деп ұғатындар да аз емес.

Терминдерді қазақша жасаудың толып жатқан әдіс-тәсілдері бар. Олардың көбі жұртшылыққа белгілі. Біз басқа бір мақаламызда термин жасаудың морфологиялық (түбірге жұрнақ жалғау арқылы, сөздерді біріктіру, кіріктіру, қосарлау арқылы т.б.), синтаксистік (сөздерді тіркестіру арқылы) және семантикалық (сөздердің мағынасын өзгерту немесе толықтыру арқылы) тәсілдеріне жан-жақты тоқталғанбыз. Бұл жерде оларды тағы да қайталап айтып жатқанымыз артықтау болар. Сондықтан термин жасауда ол мақалада айтылмаған басқа бір 2-3 түріне ғана тоқталып өтелік.

Олардың біріншісі – айтылуы да, жазылуы да мүлде басқаша шет жұрттық терминдердің орнына өз тіліміздің әдеби, кәсіби, жергілікті тармақтарынан, тіпті болмаса, өзімізбен туыстас түркі тілдерінен балама іздеп тауып немесе қолдан термин жасап, соны қалыптастыру. Мәселен, тілімізде әлі күнге дейін анатомия, косметика, кредит, маятник, пленка, рецепт, функция, факт деп айтылып, жазылып жүрген сөздерді қазақша тәнтану, риан, несие, бигеш, жұқалтыр, дәрел, мәнбі, берне деп алуға болатындығына көзіміз жетеді. Біз бұл ұсынысты бұрын да айтқанбыз. Бірақ ешкімнің олай қарай аяқ басқысы келмейді.

Қазақша термин жасаудың екінші тәсілі – қай тілдің термині болса да, оны қазақ тіліне аударып қолдану.

Бұл мәселеге келгенде біздің біраз аты дардай ғалымдарымыз: – Халықаралық терминдерді аударуға болмайды, оларды сол қалпында алу керек, – деп өре түрегеледі. Неге аударуға болмайды? Қай жылы, қай қалада, қай халықаралық кеңесте дүние жүзі халықтары жиналып, ұсынылған шартқа келісіп, қолдарын қойып, халықаралық терминдердің тізімін бекітті? – деген сұраққа ешкім жартымды жауап бере алмайды.

Халықаралық терминдер дегеніміз – сайып келгенде, латын, грек сөздері. Оларды «аударуға болмайды» деп жүргендер – негізінен еуропалықтар. Оларды түсінуге болады. Өйткені роман тобындағы тілдердің (француз, испан, итальян т.б.) түп төркіні – латын тілі. Ал герман тобындағы тілдердің (ағылшын, неміс, голланд, дат, швет, норвеж т.б.) түп төркіні – грек тілі. Әрине, бұл халықтар термин жасаса, өздерінің ататілдерінде жасайтыны белгілі. Шығу тегі, түп- грек тілі. Әрине, халықтар термин жасаса, өздерінің ататілдерінің негізінде жасайтындығы белгілі. Шығу тегі, түп-төркіні, туыстығы, құрылымы жағынан бұл тілдер бір-біріне өте жақын. Ал бұлардың ешқандай жақындығы да, туыстығы да жоқ, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазақ тіліне не жорық, не сор?!

Егер халықаралық терминдерді аударуға болмайды десек, онда академик В.В.Виноградов айтқан 100 мың интернационалдық сөздердің бәрін сол күйінде алып, сол күйінде жазуымызға тура келеді (ол кісінің айтуынша, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін орыс тіліне 100 мың интернационалдық сөздер еніпті. Ал одан бері қанша уақыт өтті? Қазіргі кезде орыс тілінде қанша интерсөздер бар екендігін осыған қарап-ақ есептеп беруге болады). Сонда бұлар кімнің сөзі, кімнің сөздік қоры болады? Ойланып көрелікші!

Қазақша термин жасаудың үшінші тәсілі – шет жұрттық сөздерді қазақ тілінің дыбыстау заңдылығына сәйкес қазақша айтып, сол айтылған күйінде қазақша жазу.

Мен біраздан бері термин деп емес, термін деп, екінші буындағы орыстың И дыбысының орнына қазақтың І дыбысын қойып, қолданып келемін. Дәл осы сияқты, қазіргі кезде артист, театр, спектакль, концерт, магистр, медаль, рельс, цемент т.б. деп орысша қолданып жүрген сөздерді әртіс, тыйатр, іспектакіл, кәнсерт, мәгійстір, медәл, реліс, семент деп қазақша қолдануға әбден болады. Сонда алдыңғылар орыс тілінің, соңғылар қазақ тілінің сөздері болып, тіліміз біраз сөздерге болса да байып қалған болар еді.

«Орыстың ботинки, бревно, кровать, конфета, сомовар деген сөздерін қазақтардың бәтіңке, бөрене, кереует, кәмпит, самауыр деуі, болмаса қазақтың қазына, қымыз, тауар, теңге, тобылғы, ошақ деген сөздерін казна, кумыс, товар, деньги, товалга, очак деуі екі халықтың да ата-бабалары ақылсыз емес екендіктерін көрсетсе керек. Біз болсақ, асылдарымыз қалыптастырып кеткен атбекет, жандарал, жағрапия, пәлсапа, сиез деген сияқты біраз сөздерді қайтадан адвокат, генерал, география, философия, съезд дегендерге ауыстырып, тілдік заңға деген таяздығымызды көрсетіп алдық.

Бұл не? Сауатсыздық па, санасыздық па?

Екеуі де. Оның үстіне бізге орыс оқуы мен орыс тәрбиесі өтіп кеткен. Соған қарап, ХХ ғасырда ардақтыларымыз айтқан «Оян, қазақ!» деген ұранды бір ғасыр өткеннен кейін (ХХІ ғасырда) тағы да қайталағың келеді де тұрады.

Мен бұл сөздерді тегіннен-тегін айтып тұрған жоқпын. Қазақша шығып жүрген газет-журналдарға қараңызшы. Оларда кездесетін блокбастер, билброд, гастарбайтер, ди-жей, web-дизайн, web-сайт, марчендайзер, кластер, обудсмен, суицид, шопинг, дельфийлік (ойын), оффшорлық (аймақ), электороттық (топ) деген сияқты жат жұрттық сөздерден аяқ алып жүре алмайсыз. Тіпті бомж, пробка, коттедж дегендерді қазақшалай алмай жүрміз.

Жалпы алғанда, қазақ тілінің лексикалық қорын ұлттық сөздермен байытатын да, шет жұрттық сөздерді жиі қолданып, оны жұтататын да –бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Егер олар жаңа ұғымға қазақша атау тауып, оны қалыптастырса, ондай азаматтар тілімізді байытады. Ал егер олар ағылшын сөзін – ағылшынша, неміс сөзін – немісше қолданып, соларын қазақ тіліне тықпыштай берсе, ондай журналистер қазақ тілін тығырыққа тірейді.

Әрбір қазақ өзін қазақпын деп есептесе, қазақ екендігі шынында да рас болса, ондайлар өз саласы (мамандығы) бойынша ғылыми, ғылыми емес ұғымдарды қазақша атаулармен атап, атап қана қоймай, ол атауды қалыптастырса (қалыптастырудың амалы ол сөздерді көп қолданысқа түсіру), мемлекеттік тіл – қазақ тілі, оның терминдері сонда ғана дамиды, сонда ғана қазақ тілінің жұлдызы жанады.