Ұлттық салалық терминдерді қалыптастыру мәселесі

Терминологиялық лексика қоғамның рухани, мәдени, саяси өмірінде туындап жатқан өзгерістерге байланысты дамып, байып отыратындығымен ерекшеленетіндігі белгілі жайт. Осындай өзгерістерге сәйкес қандай да бір арнаулы саладағы терминдер терминологиялық өріспен шектелмей, жалпы қолданысқа түсуі мүмкін. Мәселен, нарықтық қатынастарға көшкеннен бері акция, аукцион, бизнес, инвестиция, инфляция, маркетинг, менеджер, аудит және т.б. тәрізді көптеген экономикалық терминдерді атап өтуге болады [1,52]. А.Байтұрсынұлының терминжасамға қатысты құнды еңбектерінен бастау алатын қазақ терминологиясының ғылыми-практикалық мәселелері әлі күнге дейін қарқынды зерттеліп келе жатыр. Терминдердің қызметі мен оларға тән ерекшеліктерді айқындау, жалпы терминологияның даму бағытын бағдарлау, салалық терминдер жүйесін қалыптастыру, терминжасам әдіс-тәсілдерін саралау, терминденген атаулардың жасалу жолдарын айқындап, талдап беру – осы мәселелердің шешімін табудағы басты міндеттер болып табылады.

Соңғы жылдардағы қазақ терминологиясы салалық терминдер жүйесінің қалыптасуын әлі де болса заман талабына сай деп айта қою қиын. Себебі салалық терминдер жасау қазақ тіл білімінде кенжелеп, қалыптасуында бірізділік сақталмай, әркім өз бетінше термин жасауға ұмтылуы кеңінен қанат жайғандығы белгілі. Бұл құбылысты академик Ә.Қайдар: «Бұған ең басты себеп – заман үрдісі, тіл саясаты, идеология ықпалы, орыс тілінің аз ұлттар тіліне жасаған үстемдігі мен өктемдігі. Екінші себеп – еліміздің ұлт, ұлыс тілдері өздерінің дамудан кенжелеп қалуына байланысты ғылым тілі болып, орыс тілімен тең тұра алмайды деген пікірдің қалыптасуы» - деп атап көрсетеді [2, 10].

          Қазақ терминологиясының күрделі де ауқымды ғылыми-теориялық мәселелері бойынша академик Ө.Айтбайұлының «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» (1988), «Қазақ сөзі» (1997), Б.Қалиевтің «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» (1988), Ш.Құрманбайұлының «Қазақ лексикасының терминденуі» (1998), Ш.Біләлдің «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері» (1996), С.Ақаевтың «Терминнің  танымдық табиғаты» (2000) атты монографиялық еңбектер қазіргі қазақ терминологиясына елеулі үлес қосқан маңызды зерттеулер болып саналады. Салалық терминдердің дұрыс қалыптасуы, күнделікті қолданыста олардың көпшілікке түсінікті болып, бірізділікпен жүйелі қолданылуы тілдің дамуына тіккелей әсер етеді. Олай болса, ғылым салалары бойынша жазылған ғылыми зерттеулер мен терминологиялық сөздіктердің, аударма сөздіктердің алатын орны ерекше болмақ [3,20].

 Терминжасамдағы сөздіктердің маңызы жөнінде академик Ө.Айтбайұлы: «Термин жасап, оны қолданысқа ендірудің бірден-бір дұрыс жолы – сөздіктер түзу болмақ. Түзілген сөздік бір жағынан сол өзі қамтып отырған объектінің дамуын, яғни ғылым саласының дамығанын қаншалықты көрсетсе, екінші жағынан терминологиялық лексиканың нормалана түсуіне, әдеби тіл деңгейінің де қалыптаса бастауына септігін тигізеді», - деп нақтылай түседі [4,14].

Бүгінгі таңда қазақ ғылыми тілін және ғылыми терминологиясын дамыту мақсатында салалық терминдердің   ұлттық үлгісін жетілдірудің, жүйелеудің тілтанымдық негіздерін жасау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл аталмыш мәселе сирек қолданылатын, пассив, көнерген атауларға терминжасамның бір көзі ретінде терминдік мағына жүктеу арқылы термин шығармашылығында кәдеге асыру үдерісін жетілдіру;өнімділік таныта қоймаған жұрнақтарды ұғым мазмұнын дәл беру тұрғысында  ұтымды пайдалану жолдарын көрсету;халықаралық терминдердегі, тіркесті терминдердегі  қосымшаларды жүйелеуге қатысты  тілдік заңдылықтарды іске асыру; аударма терминдердің синтаксистік (аналитикалық) тәсілдерін, күрделі терминдердің бөлек //бірге жазылу мәселесін  ғылыми негіздеу;жуандық (ъ) және жіңішкелік (ь) белгілері арқылы таңбаланатын терминдерді қазақ тіліне икемдеу жолдарын нақтылау;терминологиялық бірліктердің ұлттық сипатын күшейту мақсатында салалық мамандарға арналған термин түзу, термин жасау барысында басшылыққа алуға болатын әдістемелік немесе көмекші құрал дайындау және т.б. негізінде өз шешімін таппақ.

Қазіргі кезде ұлттық ғылыми тілде термин жасау ісі қолға алына бастауына байланысты терминжасамның ұлттық үлгілерін қалыптастырудың қажеттігі анық байқалады. Тіліміздегі кейбір қосымшалар арнаулы салалардың терминдерін жасау барысында өнімді пайдаланыла бастады. Терминжасамда сөздің лексикалық мағынасына тән нәзік реңктерін, мағына көлемін дәл ажырата білу де оңай емес. Оған салалық терминологиялық сөздіктердің кез келгенінен дерлік мысал келтіруге болады. Мұндай кемшілікке жол беру ұлт тіліндегі термин шығармашылығына үлкен нұқсан келтірері сөзсіз. Сондықтан терминжасамның лингвистикалық  мәселелерін арнайы сөз етіп, салалық мамандарға арналған сөздік түзу, термин жасау барысында басшылыққа алуға болатын әдістемелік, көмекші құралдар дайындаудың аса зәрулігі айқын аңғарылып отыр. Әсіресе, сөзтудырушы жұрнақтардың қазақ ғылыми тіліндегі қазіргі терминжасам үдерісінде қаншалық тиімді пайдаланылап жатқандығын анықтап, олдарды термин шығармашылығында орнымен қалай қолданған жөн екендігін көрсетіп бере алатын практикалық жағынан тиімді құралдар дайындаудың тиімділігі өте зор. Бұл көмекші морфемалардың табиғатын, олардың мағынасы мен қызметін жақсы ажырата білетін, сөзжасам, терминжасам мәселесінен хабары мол тіл маманының атқаратын ісі.

Сөзжасам, терминжасам барысында қолданылатын негізгі тәсілдің бірі – сөзтудырушы жұрнақтар арқылы термин жасау болып табылады. Сондықтан терминқорға енгізілетін терминдердің тіл табиғатына сай, терминге қойылатын талаптарға жауап бере алатындай лингвистикалық тұрғыдан сауатты жасалуы үшін – тіліміздегі сөзтудырушы жұрнақтарды жіктеп, оларды қалай ұтымды пайдалану керектігі көрсетілуі тиіс. Осылайша жұрнақтарды жөнсіз жалғай беру фактілері азайып, жүйеленген ұлттық терминқор қалыптастырудың негізі нығая түспек[5].

Ұлттық терминқорымызда аналитикалық жолмен жасалған терминдер өте мол. Соған қарамастан, қазақ тіл білімінде терминжасамның синтаксистік тәсілі арқылы жасалған терминдердің тілдік табиғаты әлі зерттеле қоймаған, жекелеген ғылыми еңбектер мен мақалаларда ғана сөз болып жүрген мәселелердің бірі. Сөзтіркесім – жаңа термин жасаудың ең өнімді жолы. Қазақ тілінде зат немесе құбылыстың атын тіркестіріп атау жиі ұшырасады. Бұл сөздер аталым дәрежесіне жеткен сөздер. Егер сөз тіркесі лексикалық тұтастыққа айналып, аталым дәрежесіне жетсе, сөз тіркесі қызметін тоқтатады. Мұндағы басты қасиет – ұғымның атау дәрежесіне жетуі. Әсіресе аударма терминдерді түпнұсқадағыдай біріктіріп немесе бөлек жазу тәсілдерін арнайы қарастырудың, жан-жақты  зерттеудің мәні зор. Өйткені терминологиялық лексикамыздың құрамындағы көп компонентті терминдердің басым бөлігі орыс тілінен аударылып алынады. Ал орыс тілінде терминжасамның осындай синтаксистік тәсілі өнімді тәсілдің бірі ретінде  өте белсенді қолданылады. Сондықтан қай салада болмасын, ұлттық терминжасам үдерісінде тілдік заңдылықтарға (терминжасам амал-тәсілдері мен жолдарына) мейлінше ыждағаттылықпен назар аудару мәселесі жауапкершілікпен жүргізілуі керек. Бұл теориялық бағытта зерттеліп, әрі қолданбалы бағытта жүзеге асырылатын көлемді де күрделі, заманауи жаһандану  дәуірінде  кезек күттірмейтін өзекті тақырыптардың бірі. Қазақ ғылыми тілінде салалық терминдерді ұлттық үлгіде жаңғырту мүмкіндігінше нақтыланып, өз дәрежесінде пайдаланылуы үшін әлемдік тәжірибедегі терминжасамға қатысты ортақ ұстанымдар мен әдіс-тәсілдер жан-жақты зерттелуі қажет.

Әлемдік тіл білімінде терминжасамның орнығып, тұрақтанған теориялық ұстанымдары мен практикалық әдіс-тәсілдері бар. Ал осы мәселенің қазақ тілі материалдары бойынша ұлттық үлгіде жетілдіріліп, жүйеленуінің тілтанымдық негіздерін жасау тұрғысында зерттеу жұмыстарын жалғастыра түсу кезек күттірмейтін мәселе болып табылады [5].

Сонымен қатар жаңа тілдік оралымдар мен жаңа сөздердің, терминдердің елеулі бір бөлігі жалпы көпшілікке тарайтын көздердің бірі – БАҚ болып саналады. Яғни,қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарындақазіргі кезде әртүрлі қолданылып жүрген терминдерді, жаңа атауларды біріздендіру және ретке келтіру де түйткілді мәселе қатарында.Қазіргі кезде жеткілікті деңгейде сарапталып, тексерілместен жарыққа шығып жатқан баспа өнімдерінің және арнайы дайындығы төмен не тілді жетік меңгермеген, меңгерсе де оның қыр-сырына тереңдеп бара қоймайтын кейбір хабар жүргізушілерінің нәтижесінде БАҚ тілінің деңгейі төмен деп айтуға әбден болады. Күнделікті мерзімді баспасөз беттеріне және теле-радиохабарларға назар аударатын болсақ, қандай да бір атауды қанша ақпарат көзі болса, сонша түрлі өзгертіп, түрлентіп қолданады (бұл жерде семья-отбасы, жанұя; класс-сынып, класс; рынок-нарық, рынок және т.б. көрсету де жеткілікті).

Сондай-ақ бірқатар  тіркес сөздерді тұлға жағынан ықшамдап жазсақ не айтсақ, жып-жинақы бір лексикалық бүтін пайда болар еді. Мәселен, су құбыры-суқұбыр; газ құбыры-газқұбыр; мұнай құбыры-мұнайқұбыр; әуе жолы-әуежол; су сепкіш-сусепкі; жел баққыш-желбағар және осы іспеттес үлгілерді көптеп келтіруге болады. Осы ретте есепсіз қосымша жалғаудың әсерінен айтуға да, жазуға да қиындық келтіретін бірқатар сөздерді атауға болады: баламалы/лы/қ, ыңғайлы/лы/қ, ылғалды/лы/қ, құнарлы/лы/қ, үдемелі/лі/к және т.б.

Сонымен, термин сөздердің бұқаралық сипат алуы күшейіп, құқықтық қатынас, денсаулық саласына, саясатқа, жаңа технология, бизнес, банк ісі, ғылым салалары, тіл мен тарих, мәдениет жөнінде ақпарат алуға деген сұраныс арта түскендігін баса айтқан жөн. Терминдер мен терминдік атаулардың жұртшылықтың игілігіне айналу үрдісі де уақыт өткен сайын қарқын алуда. Бұдан бұқаралық ақпарат құралдарында термин қолдану мәселесіне  кеңірек ден қоюға тура келеді деген тұжырым жасауға болады. Терминдік норманы қалыптастырып, реттеуде БАҚ-тың рөлі ерекше болуы шарт. Сондықтан құзыретті органның жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияның бұқаралық ақпарат құралдарына тигізер ықпалы зор болмақ[6].

Қоғамдық экономикалық қатынастың өзгеруімен байланысты жарнамалық мәтіндер көбейді. Оның ішінде бізді толғандырып отырғаны – өзге тілден аударылып, ұлттық тілімізде беріліп отырған «жарымжан» жарнамалардың аттаған сайын кездесуі. Жарнаманың көп болуы, әрине қоғамның қарқынды дамуын көрсетеді, бірақ олардың сорақы аудармаларын көргенде мемлекеттік тілді дамыту орталықтары мен қалалық әкімдік жанындағы тиісті бөлімдер-инспекциялардың жауапты қызметкерлері қандай күйде болады екен деген ой туады.

Біздің шағын мақала көлемінде жоғарыда атап көрсеткендеріміз, ол болашақта жүзеге асырылуы тиіс ауқымды ғылыми-зерттеу жобасының кейбір парасы ғана. Бұл ғылыми-зерттеу жобасында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс барысында терминологияның ұлттық сипатын арттыра отырып, қазақ ғылым тілін қалыптастыру үрдісін таңдаған А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, Қ.Жұбанов  т.б. қазақ зиялылылары ұсынған қағидаттар мен терминжасам тәжірибелері, академиктер Ә.Т.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, профессорлар Б.Қалиев,  Ш.Құрманбайұлы, С.Ақаев, Ш.Біләл т.б. ғалымдардың қазақ ұлттық ғылыми терминологиясын жан-жақты қарастырған еңбектері әдіснамалық негізге алынуы тиіс. Сонымен қатар жалпы терминтаным мәселесі бойынша Д.С.Лотте, В.М.Лейчик, А.В.Суперанская, Татаринов В.А. т.б. шетел ғалымдарының ғылыми еңбектеріне талдау жасалып,  әдістемелік-оқу құралдары мен монографиялық еңбектердің, әртүрлі екітілді терминологиялық сөздіктердің, әр сала мамандары мен тілшілердің бірлесіп, қайта толықтырып-өңдеу нәтижесінде жарыққа шыққан (2014) 31 томдық салалық терминдер сөздігінің материалдары сарапталады. Бұл жерде академик А.Құсайыновтың басшылығымен  қайта толықтырылып, өңделіп жарыққа шыққан осы 31 томдық салалық терминдер сөздігі топтамасының салалық терминдерді жүйелестіріп, біріздендіруге, оларды ұлттық үлгіде жетілдіре түсуге қосқан орасан үлесін айырықша атап өткен жөн. 

          Сондай-ақ зерттеу жұмысында ғылыми тілді, ұлттық терминологияны қалыптастыру бағытында жазылған қазақ тіл біліміндегі, орыс тіл біліміндегі ғылыми теорияларға, ғылыми пікірлерге талдау жасау; қазақ тілінде жарық көрген әдістемелік-оқу құралдары мен монографиялық еңбектерден, салалық терминологиялық сөздіктерден материалдар жинақтау; бірге//бөлек  жазылуы мәселе тудырып жүрген терминдерді іріктеу; терминжасам барысында пайдаланылып жүрген немесе кейбір өнімді/өнімсіз жұрнақтарды топтастыру және сараптау;мерзімді басылымдар мен баспа өнімдері, аудио және аудиовизуалды БАҚ-ның тілдік материалдары және нормативті сөздіктердің материалдарынталдау, сонымен қатар жаппай науқанды құбылысқа айналып отырған жарнамалық мәтіндерді де негізге алып, оларға ғылыми-лингвистикалық талдау жасау-негізгі міндеттер ретінде белгіленіп отыр.Міне, осы аталғандар қазақ тіліндегі салалық терминдерді ұлттық үлгіде жаңғыртудың негізі ретінде алынып, қазақ тіліндегі салалық терминдердің жүйеленіп, бірізденуіне, реттелуіне мейлінше ықпалын тигізетін болады.

Пайдаланған әдебиеттер

1 Т.Әбдікерімова. «Отырар алқабы» газет бетіндегі терминдердің сипаты// «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы. 2007 ж. 52-бет.

2   Ә.Қайдар. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. Алматы. 1993 ж. 10-бет.

3 Шойбеков Р. Қолөнер лексикасының термин жасауға қатысы// «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы. 2007 ж. 19-бет.

4 Ө.Айтбайұлы. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. Алматы. 1988 ж.

5  Ш.Құрманбайұлы. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері.Алматы. 2005 ж.

6  Н.Уәли. Сөз мәдениетінің негіздері.

Н.Әшімбаева

ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі

 институтының аға ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты