Қотыр сөздер

Қотыр сөздер

Білімпаздар тобы: «Жат сөздерді қазақ тілінің құрылысына, «Үндестік заңына» үйлестіріп алу керек» деді,  бірақ мұны жүзеге асырушылар некен- саяқ.

Мұны жүзеге асыратын алдымен жазушылар, оқытушылар болу керек еді. Қазір журнал басқармалары, теріс құрылған сөздерді мұқырлап жібермеуі керек еді, бірақ баспа жүзінде әркім өз бетімен сай үрлеп жүр. Газеттің бір ғана номерінде кездескен сөздерді алдарыңызға тартацын. «Тіресті», «Италиеге», «десетина», «күрстар», «скандинеу», «гүбірналық», «уәде», «бүджет» деп жазылған.

«Қант», жент, ант, бәнт деген (« жент» -тің қазақ сөзі екеніне күмәндімін, қалғаны парсыдан шыққан) сөздерден басқа да қазақ тілінде екі дауыссыз дыбыс бір буында келмейді.

Сондықтан «тіресі» деп жазу керек еді. «Тіресті» деп жазып жүрген азамат жатыс жалғауымен  айтқанда «тірестта» десе, өрескел екендігі көрінбей ме?

«Италия» -жуан сөз, «ге»- жіңішіке сөздің жалғауы. Бұл екеуін бір жерге қосақтау  «Тіл құралын» өмірінде бір оқымаған топастың жұмысы болады. «ге» -ден айырылғысы келмеген азамат. «Италиеге» деп жазу керек «ге», «к», «е» қосылған сөздер жіңішке айтылатын, бұларға көршілес «а» да жұмсақ айтылатын. Сондықтан «десетине», «күрістер» , «Іскендинеу», «губірнелік», «уәде» деп жазу керек, соңғы сөзді «уада» деп жаза да жарайды.

Қазақ тілінде орта буындардың аяғында  «д» естілмейді де, жазыылмайды да. Сондықтан «бүджет» деп жазса, шеніне түсе ме? Кемшілік келе ме?

Енді қазақтың төл сөздеріне келейік. Тағы да сол газетте «»не бар болғаны», «балдар», «жылқышылық» деген сөздер бар. «бар болғаны» да жетпейме? «Не»- ге жол болсын? «Барлығы» десе ұғымсыз бола ма? «Не бар болғаны» дегеннен орыстың «Что  есть» дегени аңқып тұр.

«Балдар» қайдан шыққан? Дұрысы «Балалар емес пе?» «дар»- алып тастағанда «бал » не болады? Сөздің түбірін жеп қарнымыз ашты ма? Сыр қазақтары сөйлегенде «баланы» «балға» айналдырып жіберген көрінеді. Сөйлегенде еріктерін, бірақ жазғанда сақау кісіше «балдар» деп жазудың қисыны жоқ көрінеді.

«Коневодство» дегенді «жылқышылық» деп келтесінен бірақ қайырған.

         Жұрнақты орнымен пайдаланса, жаңа мағына туады. Жылқы –түбір сөз, «шы» да, «лық» та жұрнақ. «шы» жұрнағы қашанда болса кәсіп иесін аңғартады. Мәселен, жылқышы, қойшы, мылтықшы деген сияқты «лық» жұрнағы «шы» -ға қосылғанда белгілі кәсіпті, күйді көрсетеді. Мәселен, қойшылық, балықшылық деген сияқты.

Елдің ұғымында «жылқышылық » жылқы өсіру мағынасында емес. Жылқышылық дегенде, жұрттың көбі жылқышы болады екенбіз деп ат-тонын  ала қашып жүрмесін.  Біреу айтады: «Жылқышылықпен өмір өтті » деп, «Жылқышылық» орыстың «пастушество» дегеніне келеді. «Жылқы өсіру» десе, ел қазағыы тез түсінбей ме? Даяр сөз тұрғанда «бүйректен сирақ шығарып » не керек?

Қазақ тілі осы күнде мемлекеттік тіл болып отыр. Сондықтан жазуға талабы бар азаматтар «Тіл құралдары» мен Нәзірдің, Халелдің «Үндестік заңы» туралы кітапшаларымен табысу керек.

Білімпаздар тобының қаулысымен есептеспей жазғандарды талқыға салу керек.

«Үндестік заңына» бағынбайтын, ерте заманда сіңісікен жаяу сөздер бар. Бұларды өзгерту қиын.

Ал енді төңкерістен бері кірген жат сөздерді қалайда болса «Үндестік заңына» бағындыру керек.