ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТӨЛ АТАЛЫМДАРЫ

ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТӨЛ АТАЛЫМДАРЫ
Әдетте, ғылыми жаңалықты өзіміз айтсақ, өз қазағымызға нанғысыз болып көрінеді. Неге? Біріншіден, көшпелі өмір салтынан отырықшы тұрмысқа көше бастағаннан-ақ ғылыми-техникалық прогрестік жаңалықтың тіршілігімізге шетелден енгізілгендігінен материалдық-өркениеттік игіліктерді игеруде біз үнемі соларға құлақ түріп, солардан жаңалық күтіп әдеттендік. Екіншіден, артық ойланып, бас қатырып жатқаннан гөрі «дайын асқа тік қасық» оңтайлы болды да, өзіміздің де жаңалық аша алатындығымызға көңіл иланбастық психология қалыптастырып алдық. Үшіншіден, орталық идеялогия санамызға азаттық бермеді. Соның кесірінен өз сөзіміз өзімізге жөн болмай, өзгеге жалтақтап өттік. Төртіншіден, сыртқы басқыншы идеология да ұлттық ғылыми сананың оянуына, оянса бас көтеруіне ырық бермеді.

АЙҒАҚТАМА

Әдетте, ғылыми жаңалықты өзіміз айтсақ, өз қазағымызға нанғысыз болып көрінеді. Неге? Біріншіден, көшпелі өмір салтынан отырықшы тұрмысқа көше бастағаннан-ақ ғылыми-техникалық прогрестік жаңалықтың тіршілігімізге шетелден енгізілгендігінен материалдық-өркениеттік игіліктерді игеруде  біз үнемі соларға құлақ түріп, солардан жаңалық күтіп әдеттендік. Екіншіден, артық ойланып, бас қатырып жатқаннан гөрі «дайын асқа тік қасық» оңтайлы болды да, өзіміздің де жаңалық аша алатындығымызға көңіл иланбастық психология қалыптастырып алдық. Үшіншіден, орталық идеялогия санамызға азаттық бермеді. Соның кесірінен өз сөзіміз өзімізге жөн болмай, өзгеге жалтақтап өттік. Төртіншіден, сыртқы басқыншы идеология да ұлттық ғылыми сананың оянуына, оянса бас көтеруіне ырық бермеді.

Сана азат, рух тәуелсіз болса, сырттан келгеннің бәрінің  жауһар еместігіне көзіміз әлдеқашан жетер еді...

Қазақ журналистикасының зерттеушілері де, мамандары да шетелде «журналистское расследование» деп аталатын әдісті «журналистік іздеу», «журналистік зерттеу», кейде «журналистік тексеріс» немесе «журналистік тексерім» деп қолданып жүр. Бұл аудармалар қазақ журналистикасында  бар әдістің  табиғатын толық ашып бере ала ма, алмай ма деген сұраққа жауап беру үшін осы қолданыстардың әрқайсысына тоқталып өтелік.

Алғашқы нұсқа : «журналистік іздеу».

Іздеумен журналистен басқа кәсіп иесі де айналыса алатындықтан, оған «журналистік» деген анықтауыш өзге іздеу түрлерінен ажырату үшін алынғандығы күмәнсіз. Екі сөзден құралған бұл тіркес айқындамадан гөрі сипаттамаға жауап береді. Яғни «қандай іздеу?» деген сұрақты тілеп тұр. Ал аталымға, термин сөздерге ғылымда сипаттама  жауап берілмейді, тек айқындама (дифиница) беріледі. Егер «журналистік» деген сөзді алып тастасақ, жалғыз «іздеу» деген сөз қалады да, ол ең әуелі «қайту?», «не істеу?» деген сұрақтарға жауап беретін етістік күйінде, одан кейін ғана етістіктен жасалған зат есім тұлғасында көрінеді. Кәсіби аталым болу үшін бір ғана мағынаға ие әрі «не?» (кім?) деген сұраққа жауап беретін, жіктелетін, септелетін, басы ашық дара атау сөз болуы керек. Оның үстіне айтылып жүрген тіркес орысшадан аударылғандықтан, дәл мағынаны беріп тұрған жоқ. Орысшада «расследование» деп алынған. Ал «іздеудің» аудармасы «искать». Әрине, бұл істі қолға алғанда журналист әуелі іздеумен айналысады. Бірақ, «іздеу» дегеннің астарынан жоғалғанды табу мақсаты ғана көрінеді. Болды. Журналист іздеуді, жоғалғанды табуды ғана мұрат тұтпайды. Оның міндеті одан да үлкен, салмақты да мәнді.

Екінші нұсқа : «Журналистік зерттеу».

Қазіргі қазақ тілінде қалыптасқан «зерттеу» дегеннің ұғымы – орысша айтқанда - «исследование». Рас «журналистское расследование» дегеннің астарында зерттеушілік әрекет болатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, «расследование» мен «исследование» орыс тілінде  бір мағына бермейді. Оның үстіне журналистік кәсіпке зерттеушілік әрекет жат емес. Журналист кез келген мақаласына қажетті материалдарды іздейді, табады, тапқанын салыстырады, таразылайды, іріктейді, содан кейін барып іріктелгендерді өз идеясына бағындыра пайдаланады.

«Расследование» дегеннің  астарында «ізге түсу», «із ашу» деген ұғым айқынырақ көрінеді. Демек, ізге түсу үшін уақыттан ұтылмау керек. Кешіксе, із суыйды, көмескіленеді, ақиқатқа айғақ жоғала бастайды. Журналистік кәсіби әдістің  мәні осында. Яғни жеделдік, лездік, шапшаңдық – басты ұстаным. Ал, «зерттеу» дегеннің ар жағында уақытпен шектелу ұғымы жоққа тән.

Бұл аталым ғылымның бар саласында тұрақталған мағынаға ие. Сондықтан да оны журналистік әдіс бір ғана іздеумен немесе бір ғана зерттеумен шектелмейді.

Үшінші нұсқа: «Журналистік тексеріс» (кейде тексерім).

Бұл да орыс тілінен тікелей аударма. Түпнұсқаға мағынасы жақын. Бірақ «тексеру» дегеннің орысшасы «проверять», «проверка», «проверить». Бұл сөз бен «расследование» деген сөздің мағынасы бір еместігін айтып жатудың өзі артық. Дегенмен, біз сөз етіп отырған журналистік әдісте тексеру ісі үнемі жүргізіліп отырады. Әсіресе, құжаттардың, деректердің, мағлұматтардың дұрыс не бұрыс, шын я жалған екендігіне көзді анық жеткізу үшін тексеру – басты міндет. Солай болса да бұл да жарты жолда қалған жұмыс болып шығады. Өйткені, басты мақсат – тексеру ғана емес...

«Расследование» - құқықтық органдар айналысатын, заң қызметкерлері жүзеге асыратын әрекет әрі соған байланысты санаға сіңісті болып кеткен заңнамалық аталым болғандықтан, енді келіп дәл осындай іспен журналист те айналысып, шындықты ашуға атсалысқан  соң ол іс-қимылдың «журналистік» деген анықтауыш арқылы айтылуы дұрыс көрінеді. Бірақ бұл аталым құқықтық шараларға қатысты шындықты ғана қамтиды. Осы жерде ескере кететін басты нәрсе бар: құқық органдары өздері ашқан қылмысты бүкіл бұқараға жария етуді мақсат етпейді. Ал журналистің аталмыш ақиқатқа көз жеткізу үшін әдісі тапқанын, зерттеп білгенін, әшкерелегенін жалпы жұртқа жария етуді ең басты мақсат әрі парыз санайды. Онсыз барлық ісінің мәні жоғалады. Сонымен бірге журналистік жанр тек құқықтық мәселелерді ғана қамтымайды. Сондықтан да бұл аталымға әлдеқайда кеңірек қарау керек. Оның үстіне ондай әдіс те, жанр да өзіміздің ұлттық журналистикамызда бұрыннан бар болғандықтан, сол бар дүниеміздің мән-мағынасын дәл ашып беретін төл аталым іздегеніміз жөн. Жарайды, журналист іздеді, тапты, зерттеді, тексерді делік, іс осымен бітті ме? Жоқ! Журналисттің ең ізгі де басты мұраты - бұқараның санасына қозғау  салу, қоғамдық пікір тудырып, мемлекет дамуының  алға жылжуына ықпал ету. Ол үшін журналист іздеу, зертеу, тексеруден өткен материалдарын халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жайып салады. Міне, бұған дейінгі аталым нұсқаларында журналистік әдістің (жанрдың) мазмұнын ашып беретін осы әрекет көрінбей қалған... Басқаша айтқанда, ЗАМАНСӨЗДІК (публицистикалық) мәні айқындалмаған. Ол атауларда зерттеушілік, тексерушілік, іздеушілік іс-әрекеттерін  ғана алға шығару басым. Сонымен ...

Тіл қолданысында «айғақкер» деген сөз бар. Яғни шынды растаушы немесе өтірікті жоққа шығарушы адам. «Ол оқиғаны тудырушы, өркендетуші әрекет емес, тек айғақкер ғана» деген сөйлемді «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» мысалға келтіреді. (ҚТТС.,1-том,89-бет,А.,1974) Мұндағы «айғақкер» әдеттегі «куәгер» деген сөзбен мағынасы жақын болғанымен, айғақкер шындықты ашуға мүдделі адам, сол себептен де айғақкердің белсенділігі, ал куәгер оқиғаны сыртынан көрген адам ғана болуы мүмкін. Оның қолында айғағы болмаса, айтқанына сендіре алмайды.

Айғақ – болған оқиғаның, құбылыстың, жасалған істің, қылмыстың, айтылған сөздің бұлтартпас ақиқатын айқындап, дәл өзін ашып бере алатын адам немесе тікелей себеп болатын зат, дерек, мәлімет, ақпарат, құжат. Айғақ болған жерде шындық ашылмай қалмайды.

Демек жоғарыда айтылғандардың түйіні сол –қазақ журналистикасының (кәсібінің, өнерінің, ғылымының) бұл әдісінің аталымын «журналистік зерттеу» демей  «Айғақтама» деп атаған жөн.

ІЗНАМА 

Айғақтама үш бағытта жүргізіледі. Біреуі – іздестіру бағыты. Негізгі нысаны – қоршаған орта, көбіне-көп табиғатқа қатысты өмірге келеді. Журналист жаһанның сұлу нүктелерін; кейде жер бетінен жоғалып бара жатқан  аңды, құсты, өсімдікті; болмаса су астында, аспан әлемінде ешкім байқай бермейтін, назардан тыс қалып бара жатқан табиғаттың ғажайып құбылысын іздестіреді. Солардың бар немесе жоқ екеніне нақты дәлелдермен айғақ болады. Мұндай бағыт нәтижесінде жарыққа шыққан жарияланымды ізнама деп атаймыз. Ізнаманың келесі түрі тарихта аты бар, бірақ кейінгі ұрпақ назарынан тыс қалған жеке адамға, тайпаға, руға, ұлысқа, ұлтқа қатысты жазылады. Халық жоғалтып алып, «сол қайда екен?» деген сұрақ туғанда журналист жолға шығады.

Ізнамада оқиға болуы сөзсіз, сол оқиға үстінде автор көзімен көргенді баяндайды (репортаж), оқиға болған жерде, әрине кейіпкер кездесуі ғажап емес. Кейіпкер болған жерде оның түр-тұрпатын, жүріс-тұрысын сипаттамай (портрет) тұра алмайды, автор онымен сөйлеседі (диалог) сондай-ақ, тарихқа, табылған деректерге қатысты өз ойын, толғанысын (монолог) жеткізеді, қоршаған ортаның жай күйін, табиғат көрінісін суреттейді (пейзаж), бірақ мұның бәрі іздестіріп жүрген нысанға және оның бүгінгі күнмен байланысына, қоғамға қажеттілігіне қатысты сабақтасып жатады. Ізнамада негізгі нысанға тиесілі бұған дейінгі тарихи деректер де, пікірлер де, дәйексөздер де пайдаланылады.

Ізнама көбінесе жұрт қызыққан, немесе қызығушылығын оятатын фактіге қатысты болады. Мұнда журналист ел аралайды, жер көреді, тарихи ескерткіштермен, жәдігерлермен танысады, адамдармен сөйлеседі, куәлармен кездеседі, көрген, естігеннің  тасқа басып, таспаға түсіріп отырады. Көргенін көргендей, естігенін естігендей негізгі нысанның төңірегіне жинақтай отырып жеткізеді. Мақсаты – бүгінгі оқырманның, тыңдарманның, көрерменнің рухани сұраныстан туған сана қажеттілігін өтеу.

ЗЕРТТЕГІ

Айғақтаманың келесі бір бағыты – зерттестіру. Журналист ел мен жердің тарихына қатысты деректерді табады. Тапқан деректерін, оқығанын, көрген-білгенін, естігенін, көңіліне түйгенін оқырманға қызықты қылып айтып береді. Сол арқылы бұқараның таным-түсінігін кеңейтуге септігін тигізеді. Қалыптасқан дүниетанымына ықпал жасайды, көзқарасына әсер етеді. Сол арқылы бұған дейін айтылған ғылыми ойдың дұрыс не бұрыстығына, тарихқа қатысты тағы бір құнды дерек бар екеніне айғақ болады.

Мұнда журналист бұған дейін жария болған, бірақ шындығына, нақтылығына күмәнданған тарихи деректің, мәліметтің, фактінің, оқиғаға қажет болса, архив материалдарын, ауызекі айтылған естелік, куә, айғақтарды тауып салыстыра келе көзі жеткен мәліметтерді айғақ ретінде ұсынады. Мұнда ол ғалымдардың да бұған дейін айтқан пікірлерін сарапқа салады. Зерттей келе тоқетер тұжырымдарын ғана айтып қоймайды, осы айғақтың қалай табылғанын, зерттестіру кезінде көкейге тоқығанын оқырманға сол күйінде ұсынып отырады. Арасында өз зерттестіру ісіне оқырманды да тартады. Нәтижесінде нақ тарихи фактіні ашып беріп, тарихи ақиқатқа айғақтама жасайды. Ондай бағытта жарияланған материалдардың жиынтығы – зерттегі деп аталады. Зерттегінің өзегіне тарихи таным алтын арқау болады. Негізгі нысаны – тарих. Тарихтағы бір ғана факт. Сол фактінің рас, өтірігін ашуға қажетті затындардың (материалдардың) барлығын салыстырып, сана сүзгісінен, талғам мен таным таразысынан өткізіп барып белгілі бір қорытындыға келеді. Зерттестіру ісі ғалымның әрекетіне өте жақын, тіпті бірдей десе де болады. Бірақ, ғалым бір ғана фактінің айналасында қалып қоймайды, сол факті секілді бірнеше фактінің тууына себеп болған құбылыстарды және сол құбылыстардың нәтижесін саралай келе теориялық тұжырым жасауға ұмтылады. Ал журналистің мұраты – бір ғана факті төңірегіндегі бүгінге қажетті шындықты ашу ғана.

Зерттегінің өзіндік ерекшелігі бар. Сипаттама, суреттеме аз, авторлық толғаныс, тебіреністен гөрі салқынқандылық басым, қызылсөзге бармай, нақ та дәл, дәлелді ойлар айтылады. Зерттегінің авторы ғалым да, журналист те болуы мүмкін. Ғылыми мақала сипатына жақын. Бірақ, ғылыми мақалада автордың деректі қалай тапқаны, кімді көргені, нені байқағаны айтылмайды. Ал зерттегіде қосағат (диалог) де, сырашар (интервью) де, оқиғат (репортаж) та, тұлғат (портрет) те, табұлғат (пейзаж) та, дарағат (монолог) те кездесіп отырады. Бұл тәсілді журналист оқырманын сендіру мақсатында әрі жалықтырып алмас үшін де пайдаланады. Басқаша айтқанда, журналист ғалымға зерттейтін обьектіні, оған қатысты мәліметтерді ұсынады. Жеке қөзқарасын айтқанымен, оны бүге-шігесіне дейін саралап, сараптап жатпайды. Ғылыми тұжырым жасауды сол саламен айналысатын ғалымдардың құзырына қалдырады.

ӘШКЕРЕ 

Айғақтаманың келесі бағыты – әшкерелеу. Бұл бағытта журналист белгілі бір заң күші бар құжаттың, басқаша айтқанда, қаулының, қарардың, шешімнің, кесімнің, үкімнің, айыптау қорытындысының, қаржылық есеп-қисаптардың, сондай-ақ мемлекет жүйесінде жасалған т.б. бастамалардың, іс-әрекеттердің дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарап, өз бетінше тексереді. Қабылданған құжаттың, бастаманың, іс-әрекеттің заңға томпақ келетінін немесе қоғамға залал әкелетіндігін құқықтық негізге сүйене отырып дәлелдеп шығады, соған бұқараның көзін жеткізу жолында әртүрлі журналистік әдіс-тәсілдерді қолданады, сан алуан жанрларды пайдаланады.

Журналист әшкерелеуді нақ осы шақта жүргізеді, яғни бүгінгі болған оқиғаның дереккөздері мен мәліметтерін ізі суымай жатып өз бетінше қайта қарастырады. Жасалған құқықтық қылмыстардың бетін ашады. Сөйтіп қылмысты да, қылмыскерді де әшкерелейді. Соның нәтижесінде жарық көрген материалды әшкере деп атаймыз.

ТЕЛЕРАДИОДАҒЫ КӘСІБИ АТАЛЫМДАР 

Телерадионың журналистика саласында ана тіліне аударылмаған қаншама кәсіби сөздердің ұлт тілінде баламасы бар. Соларды аршып алып, әуелі ғылыми айналымға қосып, өндірісте қолданылуына жол ашу керек-ақ. Рас, радио мен теледидар қазақ даласына келгелі бір ғасырға жуықтады. Қазақ радиосы тарихын арнайы зерттеген ғалым Намазалы Омашевтің айтуынша, біздің ұлтымыздың атамекеніне радио-телеграфтар 1917 жылдан бастап ене бастаған: “...1921 жылдың күзіне қарай радионы дұрыс жолға қоюмен бірге, ол арқылы ақпарат хабарларының жақсаруына да қол жетті” (1.32). Ал теледидардың Қазақстанға енуі туралы зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, С.Масғұтов: “1958 жылы телевизия Қазақстаңда да пайда болды. Республика астанасы тұрғындары 8 мартта тұңғыш рет өз экрандарында Қазақ телевизиясының алғашқы дикторлары З.Жұматова мен Н.Омарованың дидарын көрді”, - дейді (2.97). Ғалым Құдайберген Тұрсын: “...қазақ топырағына “көгілдір экран” деген атпен өнердің жаңа түрі — “теледидар” өмірге келді. Қазақ телевизиясы ресми түрде 16 наурыз күні ашылды”, - дейді (3.9).

Сол жылдардан бері қазақ телерадио журналистерінің кәсіби аталымдарды ұлт тіліңде жасауына, қолдануына көп кедергі болғаны — шындық. Біріншіден, телерадио техникасының өзі де, оның атауы да бұрын қазақ даласында болмағандығы; екіншіден, оларды пайдалану, қолдануға, игеруге қатысты сөздердің де, ұғым-түсініктердің қалыптасқан жүйесінің де болмағандығы; үшіншіден, орыстандыру саясатының қарқынды жүргізілуі; төртіншіден, телерадио техникаларының тілін білетін ұлттық кадрлардың өте аз дайыңдалуы немесе кей жерде мүлдем дайындалмауы; бесіншіден, қазақ тілі мәртебесінің күрт төмен түсірілуі басты кедергі болған деп білеміз. Десек те, кейбір ана тіліндегі аталымдардың әр жылдары әр түрлі қолданыста болғаны да шындық. Біз әлі күнге “передача” дегенді “хабар” деп қолданып жүрміз. “Передача” деген сөздің қазақ тіліндегі баламасын, егер радиода болса - “айтылым”, теледидарда болса — “көрсетілім” деп енді-енді ғана тілдік қолданысқа енгізіп келеміз. Осыған орай телерадиопублицистикаға қатысты сөзгерлер арасында ара-тұра қолданылып жүрген, бірақ әлі тұрақталып болмаған ана тіліндегі аталымдарға анықтама беруді, сөйтіп осы саланың термині ретінде ғылыми айналымға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Айтаман - алдын ала дайындалған хабарат, жаңағат топтамасын жәрдемердің (суфлер) көмегімен эфир арқылы айтып беруші. Шын мәнінде олар жәрдемер бетіне шыққан немесе алдындағы қағазға жазылған сөйлемдерді оқиды. Айтаман кейде қағаздағы дайын мәтінді жаттап алып айтады, кейде айтылған ақпараттарға қатысты өз ойын, байлам-тұжырымын қыстыра кетеді. Айтаман экран арқылы айтарын қабілет-қарымы жетсе өзі дайындайды. Мұндай болмаған жағдайда арнайы редактор дайыңдап береді. Бірақ, көбінесе, болған оқиғаларға байланысты пікірлерді өзі дайындап, өзі айтқаны әлдеқайда сенімді шығады. Жәрдемерден оқылып тұрған мәтіннің ауызша айтылуы барысында кейбір айтымдардың жансыз шығатын бір себебі - оның әу баста жазбаша дүниеге келуінде. Сондай-ақ оны жазу барысында экраннан дыбысталу мүмкіндігі мен естілу ерекшелігі ескерілмегендіктен, дұрыс оқымағандықтан болады. Бұл тұста Рәбиға Сыздық арнайы зерттеп ғылыми айналымға қосқан қазақ тілінің өзіндік сөз сазы қағидалары (4.120-201) қаперде болғаны керек. Ауызша айтудағы тіл оралымы мен дыбыстық топтар естуге, тыңдауға оңтайландырылғаны тиімді.

Айтушы – ойдың, пікірдің төлиесі (авторы), қоғамдық пікірді сараптап, талдап, тарқатып айтып беруші. Өзінің сөзін де, өзгенің сөзін де болған оқиғаға байланысты жинақтап, қорытып эфирден сөйлеуші. Бұл тандалған тақырыпқа орай мәселені терең білетін маман, сол бағытта елге танымал тұлға болуы мүмкін, болмаса қоғамда орын алған жағдаяттарға қатысты өзіндік пікірі бар және онысын эфир арқылы жұртқа жеткізуші қатардағы азамат та болуы мүмкін. Айтушы алдымен өз көзқарасын білдіреді. Оның айтушы болатыны да сондықтан. Ол қоғамдық санаға қозғау салар, елге жеткізер сөзін нанымды да ықпалды ету үшін дәлелдер мен дәйектерді және өзге айтушының жұрт назарына бұрын ұсынылған айтындысын да пайдалана алады. Айтушыға шешендік өнер шеберліктерін меңгерген әлде қайда пайдалы. Шешендік өнер дегенде ежелгі Римді еске алатынымыз — сол заманда біздің арғы ата-бабаларымыз шешендік өнерді білмеді дегендіктен емес, сол заманнан тасқа басылып бізге жеткен жәдігердің жоқтығынан деп түсінген дұрыс. Шешендік өнердің мектебін ұйымдастырып, онда шәкірт тәрбиелеп отыру дәстүрін қалыптастырған ежелгі Рим данышпандары Сократ (б.з.д. 471-399ж.), оның шәкірті Платон, әйгілі сөз зергерлері Марк Антоний, Лициний Красс, Квинт Гортензий, Цицероңдардың шешендік мектептері қоғамдық сананы қозғаушы және игеруші алып күш болғаны тарихтан белгілі. Сол замандарда жазбаша пікір айтудан гөрі жұрттың алдында ауызша айтудың биік өнер деңгейіне жетуіне түрткі болған елдегі қоғамдық-әлеуметтік саяси жағдай еді. Римде б.з.д. II және I ғасырларда бұқаралық сөздің қарқын алуына қара халық арасында тұрмыс-тіршілікке көңіл толмастықтан наразылықтардың күшеюі әркімнің өз пікірін көшеге шығып, жиналған топтың алдында айтуына мұрындық болды. Әркім елдің алдына шығып арыз-арманын ғана айтпады, қоғамда орын алған кемшіліктер мен келеңсіздіктерді жоюдың жолын іздеуге шақырды. Қаумалаған топтың алдына шығып, сөйлегендердің қайсысының ойы орынды, нанымды әрі өтімді – соның соңынан ел ілесті. Соның сөзін көбірек тыңдады. Осындай ортада ел алдына суырылып небір шешендер щықты. Сөздің құдіретінен елдің ең құрметті адамдарының алдына шешендер шықты. Дәл осындай тарихи жағдайларға ұқсас құбылыс біздің қазақ даласында да болды. “Түгел сөздің түбі - бір, Түп атасы — Майқы би” деген тәмсілдің шығуына да себепкер болған қазақ халқының сөз өнерін ерекше бағалап, сөз ұстаған адамдарды айрықша құрмет тұтқаны римдіктерден еш кем емес. Қазақ халқының ортасынан да небір шешендердің “жүзден — жүйрік, мыңнан - тұлпар шығуының басты-басты мынадай алғы-шарттары бар. Бірінші алғышарт – қазақтардың көшпелі өмір сүру қалыбы. Бір орында тұрақты отырмайтын, үнемі бір жерден екінші жерге ауысып қоныс тебетін елдің жазумен айналысатын, айналысқанмен оны жалпыхалықтық үрдіске айналдыратын мүмкіндігі болған жоқ еді, яғни, жазуды өнер деп бағалау әдебі оянбады. Екіншіден, айту әдеті мен әдебі әр қазаққа тән болған соң әрі ақпаратты тек ауызша алмасатындықтан, кім ақпаратты шебер де шешен жеткізеді – соның беделі артқан табиғи орта қалыптасты. Ондай ортада тындаушылар институты қалыптасады. Осы жоғары деңгейдегі тыңдаушылар институты айтушылар институтының қатыптасуына да, дамуына да игі ықпал жасайды. Сол айтушылар институты кешегі кеңестік дәуірде жоғалуға айналған еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жандана бастады. Ол институттың бұтақ жайып өркендеуіне радио мен телевидение де атсалысып отырады. Айтушы тек журналистиканың осы салаларында ғана қызмет атқарады деген ой тумауы керек. Айтушы кез келген саланың да адамы болуы мүмкін. Ол жасқа да, жынысқа да, кәсіпке де, қызметке де бөлінбейді. Кім қоғам алдында тұрған мәселелерді алқа топтың алдында айта алса, сол айтушы есебінде болады, бірақ айтылған сөз көпшіліктің көкейіне қонса ғана ол айтушының беделі артады. Журналистикадағы айтушылар сол деңгейден көрінуге тырысады. Тегінде телерадио журналистикасында осы функцияны атқаратын мамандарға “айтушы” деген ат беріп, ресми бекіту керектігі сұранып-ақ тұр.

Айташы – радио немесе теледидарда айтармандар мен көрермендердің (тыңдармандардың) арасын байланыстырушы, айтылымды немесе көрсетілімді (бағдарламаны, ток-шоуды, т.б.) басқарып, жүргізіп отыратын маман. Екінің бірі айташы бола алмайды. Бұған арнайы маманданған және жұртты тандалған тақырыпқа жұмылдыра алатын және ойды әндете тарқата, жан-жақты қамтуға жетелей алатын, ойға кемел, тілге жүйрік және кәсіби ысылған адам лайықты. Әдетте айташының сырт келбеті, жұрт алдында өзін ұстауы, дауысының бояуы, сөйлеу машығы, дыбыстық-тілдік аппаратының дұрыстығы басты назарда болады. Көрермен, ең алдымен, айташының, айтаманның сыртқы кескін-жамалына мән береді. Одан кейін дауысының үнажарына (тембр) құлақ түреді. Содан кейін сөйлеу мәнеріне, сөз саптауына, сөздік қорына көңіл қояды. Содан соң айтылған ақпарат және оның астарындағы айтпақ болған түпкі ойына дендейді. Егер айтылған ой оның санасына бәлендей әсер етпесе, оның ажарына да, ғажап дауысына да, киген киіміне де қарауды қояды. Телеэкрандағы жүріп жатқан бағдарламаны өшіріп, басқа арнаға ауыстыруы мүмкін. Бұл – айташы мен айтаманға үлкен мін. Халық экранға шыққан тұлғаның сыртына қарап қарсы алады да, айтқан ойының мәні мен мағынасына және дәл осы күнге қатыстылығына қарап шығарып салады. Көрерменге ең қажеті – айтаманның түр-тұрпаты емес, ең негізгі талап ететіні – оның ақпараттық сұранысты қанағаттандыра алу қабілеті, айтқан сөзінің ақиқаты, өмірдегі шындыққа сай келуі.

Айтарман - студия қонағы. Таратып айтқанда, көрсетілім немесе айтылымда көтерілер мәселеге өз көзқарасын, пікірін, ойын айту үшін студияға келген адам. Ол айтушы мен айташыға экран сыртындағы көрермен немесе тыңдармандардың арман, мүддесін, тілек, талабын, пікірін жеткізуші.

Оқылат (оқылатын ақпарат) — бұл эфирден оқу үшін дайындалған мәтін. Басқа мәтіндерден мұның өзіндік өзгешелігі болады. Мұнда айтуға икемделген, естуге бейімделген дыбыстар мен сөз және сөз тіркестерінен құралған айтымдар (сөйлемдер) алдын ала арнайы дайындалады. Көбінесе айтамандар үшін әзірленеді. Оқылатта басы артық сөз болмайды. Барлығы айтылар ақпараттың өтімді және жетімді болуы үшін құрылады.

Жәрдемер. Біз сырттан келген сөзді тікелей аударуға құмармыз. Өз сөздік қорымыздан дәл сондай аталым табуға болатынына шүбә келтіреміз. Жаңа сөз жасауды артық іс көреміз. Осы тұста академик Ә.Қайдардың мына уәжі орынды: “Қазақ тілінің байлығын сарқа пайдалана алмадық. Ен басты себеп – замана үрдісі, тіл саясаты мен идеология ықпалы, орыс тілінің аз ұлттар тіліне жасаған үстемдігі мен өктемдігі. Екінші себеп – “еліміздегі ұлт, ұлыс тілдерінің дамудан кенжелеп қалуына байланысты ғылым тілі болып, орыс тілімен терезесі тең тұра алмайды” деген пікірдің орталықта да, жергілікті мамандар арасында да қалыптасуы. Үшіншіден, терминдік ұғымдардың қайнар көзі орыс тілі болып саналды да, қалған жүздеген тілдердің бәрі тек “қабылдаушы” пассив тілдер болып келді. Төртінші себеп – ғасырлар бойы өз дәстүрімен еркін дамып келген ана тілі ғылыми-техникалық прогреске икемдеумен шұғылданбағандықтан, бірден лап берген терминология тасқынына төтеп бере алмады. Бесінші себеп – ана тілінің мүмкіншілігін толық ашып, терминология тасқынына қарсы қоярлықтай ұлт кадрлары тоталитарлық үкімет тарапынан кезінде жойылған болатын”. Академик ағамыздың бұл сөзіне қазақ тіліндегі терминология мәселесін терең зерттеп жүрген ғалым Шерубай Құрманбайұлының мына сөзін қоса жалғасақ, ойымызды одан сайын аша түсетіні хақ: “Ең алдымен лек-легімен өзгеріссіз қабылдап алған мындаған терминдеріміз әбден орнығып, көзімізге ыстық көрінетін дәрежеге жетті. Сондықтан да оларды шаң жуытпай қорғаушылар аз емес. Екіншіден, термин жасаудағы тәжірибеміздің жеткіліксіздігінен, ...термин жасау ісінде тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалануға дағдыланбағандығымыздан, ...әлі де дәстүрлі принциптерімізден шыға алмай отырғанымыздан ...қазіргі ғалымдарымыз бен салалық мамандарымыздың бәрі бірдей ғасыр басындағы қазақ зиялылары сияқты ана тілін жетік білмейтіндігінен... термин жасау ісі өз бағытын анықтай алмай отыр” (5.142).

Иә, қазақ тілінде қазақша термин жасауға әбден болатынын Ахмет Байтұрсынұлы дәлелдеп кеткен. “Дайын асқа — тік қасық” жасап бүгінгі біздерше тікелей сөзбе-сөз қотара салуға ана тілінің алдындағы ары мен ұяты, ұлт ұрпағы алдындағы жауапкершілігі жібермеді. Ұлттық намысы жолатпады Ахаңды ондай іске (Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті теориясының терминдерін жасау тәжірибесін еске алыңыз). Намыс демекші, “суфлер” деген сөзді біз естігелі қашан. Бұл сөз сонау XX ғасырдың басыңда европалық театр өнерімен бірге келген еді қазаққа. Бірақ қазақша баламасы табылмаған күйде еңді темір жәшікпен бірге төрімізге шығып алмақ. Темір жәшік деп отырғаным - тележурналистикада айтамандар алдында оқуға лайықталып алдын ала жазылып қойылған мониторды да “суфлер” деп атайды. Осы сөзді магистрант шәкірттерімізбен бірге апта бойы талқылап жүріп, ақыры, оншақты баламаның ішіндегі “жәрдемер” деген сөзге тоқтадық. Шәкірттеріміз қазір “суфлер” демейді, “жәрдемер” дейді.

Қосажар. Телерадио журналистикасында спорттық көрсетілімдерге қосымша түсініктеме, анықтама, сипаттама беріп отыратын арнайы кәсіби мамандар жұмыс істейді. “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” (6.321) “қосамжар”, «қосамжарлану» деген сөздің анықтамасы, айқындамасы, түсіндірмесі берілген. Біреу сөйлеп жатқанда соған қабаттаса сөйлеуді осылай дейді. Сөздікте бір ғана әрпі басқа екен, яғни, онда “қосанжар” деп беріліпті. Қайсысы дұрыс, ол – басқа әңгіме.

Теледидарда футбол көрсетілімі. Ойыншылар алаңда зыр жүгіріп жүр. Бәрін көріп отырған көрермен өзі де баға беріп отырады. Оның да өз талғамы бар. Соған қарамастан болып жатқан оқиғаға қосымша түсініктеме беріп, экраннын ар жағынан арнайы дайындығы бар адам көрініске қосарлана сөйлеп, яғни, қосамжарланып жатыр. Оны кәсіби тілде "коментатор” деп атайды. Қазіргі шұбарланған тілмен айтсақ: «Коментатор футболға коментарий беріп жатыр» немесе «Коментатор футбол матчын коментарийлеп жатыр» болып шығады. Осындағы етістіктен басқа бір де бір сөз қазақша емес. “Комментарий” деген терминді «түсініктеме» деп бекітіпті. Қазақ тілі қолданысындағы “түсініктеме” деген сөз “объяснительное” деген орыс сөзінің орнына жүреді. Ал “комментарий”, “комментатор” сөздерінің баламаларын алыстан іздемей, жоғарыда тілге тиек болған қазақы сөзді кәсіби қолданысқа алсақ болғаны. “Қосамжар, қосанжар деген тұлғасын сол бұрынғы қалпында қалдырайық та, кәсіби салаға “қосажар” деп енгізелік. Бұл аталым өтіп жатқан істі қосыла жарлау мағынасын береді. Сонда «коментарий» дегеніңіз “қосажар”, ал “коментатор” дегеніңіз “қосажаршы” болып шығады. Мысалы, “қосажаршы Есей Жеңісұлы” немесе “Амангелді Сейітханұлы бүгінгі ойынды қосажарлап берді десек, сөз қазақы естіледі әрі түсінікті болады.

«БАҚ кеңістігіндегі терминдер: тәжірибесі және теориясы» тақырыбында әдістемелік онлайн-семинарда берілген

ҰСЫНЫСТАР:

1.Осындай конференциялар:

- басқа салаларға да қатысты өткізілсе;

- салалық тақырыптар бойынша өтетін конференцияға сол саланың білікті, кәсіби құзыретті мамандары кеңінен қатыстырылса;

- конференция соңында қаулы қабылданып, ол қаулыдағы ұсыныстар құзырлы орындарға жіберіліп отырса;

 - конферненцияда айтылған ұсыныстар БАҚ –та және әлеуметтік желілерде жарияланып отырса.

2. терминком бекіткен терминдер мен аталымдар «Тіл-Қазына» орталығы арқылы салалық мекемелерге таратылып, бекіген терминдердің мекеме қызметкерлері тарапынан дұрыс және бірізді қолданылуын қадағалап отыру қолға алынса.

3. Әр БАҚ басшысына Терминком бекіткен сөздердің, тұрақты тіркестердің, атаулардың, терминдердің, мақалдардың, мәтелдердің (радиода, телевидениеде, газетте, журналда, әлеуметтік желілерде)  өзгертілмей, дұрыс қолданылуын қадағалап отыру талап етілсе.

4. Өз тарапымнан мына атаулардың Терминкомға «Тіл-Қазына» тарынан бекітуге ұсынылса деймін:

Замансөз - заңда тиым салынбаған кез келген жолмен қажетті ақпарат алып, тиімді тарату арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді мемлекеттік, ұлттық, бұқаралық мүдде тұрғысынан қозғау әрі оларды шешу жолдарын түсіндіру және сол іске жұмылдыру үшін әлеумет алдында өткенді еске ала отырып та, бүгінгінің қамын қозғай отырып та, ертеңнің жайын сөз қыла отырып та қимыл арқылы жеткізілген немесе бейнелер арқылы көрсетілген, әйтпесе ауызша айтылған, болмаса жазбаша жарияланған деректі де дәйекті сөз.

Көсемсөз –-Ақпаратты жазумен тарату арқылы бұқараға ой тастау, санаға қозғау салу амалдарының жетілген және жалпыадамзаттық құндылыққа айналған түрі (жазбаша публицистика)

Шешенсөз – Өмірде болып жатқан оқиғалар туралы шын ақпараттар, нақты мағлұматтарды ауызша тарату арқылы қоғамдық санаға ықпал ету өнері (ауызша публицистика)

Дыбыссөз - ақпаратты дыбыспен жеткізу, тарату арқылы қоғамдық санаға қозғау салу амалдарының жиынтығы (дыбыстық публицистика)

Қимылсөз -ақпаратты қимыл-қозғалыспен беру, тарату, жеткізу арқылы қоғамдық санаға қозғау салу өнері (қимылдық публицистика)

Бейнесөз - оқиғаны,  болмысты бейнелеу арқылы ақпарат таратып, қоғамдық санаға қозғау салу өнері (бейнелік публицистика)

Айташы –теледидарда айтармандар мен көрермендердің  арасын байланыстырушы, айтылымды (бағдарламаны, ток-шоуды хабарды, т.б.) басқарып, жүргізіп отыратын маман.

Айтаман- радиода айтармандар мен тыңдармандардыңарасын байланыстырушы, көрсетілімді (бағдарламаны, хабарды, т.б.) басқарып, жүргізіп отыратын маман.

Айтушы – ойдың, пікірдің төлиесі (авторы), қоғамдық пікірді сараптап, талдап, тарқатып, өзінің сөзін де, өзгенің сөзін де болған оқиғаға байланысты жинақтап, қорытып қажетті кезде тиімді де өтімді етіп жеткізуші.

Айтарман - студия қонағы. Таратып айтқанда, көрсетілім немесе айтылымда көтерілер мәселеге өз көзқарасын, пікірін, ойын айту үшін студияға келген адам. Ол айтушы мен айташыға экран сыртындағы көрермен немесе тыңдармандардың арман, мүддесін, тілек, талабын, пікірін жеткізуші.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

<!-- [if !supportLists]-->1.     <!--[endif]-->Н.Омашев. Ақпарат әлемі.Таңд. шығ. көптомдығы. II том. А., “Қазығұрт”, 2006.

<!-- [if !supportLists]-->2.     <!--[endif]-->С.Масғұтов. Телевизиялық журналистика негіздеріне кіріспе. А., 1975.

<!-- [if !supportLists]-->3.     <!--[endif]-->Қ.Тұрсын. Қазақ тележурнатистикасы: қалыптасу, даму проблемалары (монография). А., “Білім”, 2006.

<!-- [if !supportLists]-->4.     <!--[endif]-->Р.Сыздық. Қазақ тілінің анықтағышы. Астана, “Елорда”, 2000.

<!-- [if !supportLists]-->5.     <!--[endif]-->Ш.Құрманбайұлы. Қазақ лексикасының терминденуі. А., “Ғылым”, 1998.

<!-- [if !supportLists]-->6.     <!--[endif]-->Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 6-том. А., 1984.