Заманауи технологиялар саласындағы шеттілдік терминдердің семантикалық ерекшеліктері мен қолданысы

Заманауи технологиялар саласындағы шеттілдік терминдердің семантикалық ерекшеліктері мен қолданысы
Қазақ тілі байлығы, мазмұндылығы жағынан өзге тілдерден кем түспейді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тіліміздің терминдік жүйесі қалыптасып, дамыды. Қазіргі ақпараттық технология заманында жаңа түсініктер мен терминдер айналымға енді. Мемлекетімізбен қатар тіліміз де жаңарып, байыды. Ғылымның түрлі саласы терминдермен толықты. Соңғы жиырма жыл ішінде «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер» сериясы, «Бекітілген терминдер сөздігі», «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздіктері» ғылыми көпшіліктің қолданысына ұсынылды.

Академик Ә. Қайдаров өзінің «Қазақ термиологиясына жаңаша көзқарас» атты еңбегінде: «Егеменді ел, тәуелсіз мемлекеттің басты белгілерінің (атрибуттарының) бірі – мемлекеттік тіл десек, оның негізгі тіректерінің бірі – терминологияны жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға, кеңінен қолдануға сол мемлекеттің өзі қамқорлық жасауы керек. Салалық терминдер мен атауларды жаңадан жасауда, өзгертуде, ауыстыруда ең алдымен қазақ тілінің бұрыннан қалыптасқан байырғы төл лексикалық байлығын сарқа пайдалану. Бұл – термин саласында бұрыннан келе жатқан негізгі де дәстүрлі принцип. Бірақ терминология мәселесінің бүгінде күн тәртібіне қайта қойылуына себеп болып отырған да осы негізгі принциптің іс жүзінде орындалмай, бұрмаланып келуі» - деп атап өткен [1;55]. Мақаламызда заманауи технология саласындағы шеттілдік терминдердің семантикалық ерекшелігі қарастырылады.

Көптеген адамдар үшін «ұғым», «термин» және «анықтама» (дефиниция) сөздері синоним болып көрінеді, бірақ біз бұл ұғымдар бір мағынаны береді деп айта алмаймыз. Олардың арасындағы семантикалық шекара қайда? Жоғарыда айтылғандардың ең негізгісі – бұл тұжырымдаманың өзі. Бұл үшеуі ғылымда «үштік» болып саналады. Термин мәселесін қарастырмас бұрын, біз осы үш ұғымның өзара айырмашылықтарын қарастырамыз. Сонымен, ұғым – бұл ең жалпы әрі ең абстракті кез келген нәрсе үшін көзқарас. Фактілерді, құбылыстарды, заттарды үлкен топқа біріктіретін ұқсастықтардың белгілі бір жиынтығы. Біз ұғымды сипаттауға, түсінуге, дұрыс мазмұнын логикалық түрде анықтауға тырысамыз. Ұғымнан тұжырымдама жасап, кейін дефиниция пайда болады. Дефиниция – ұғымның нақты анықтамасы. Бір ұғымда бірнеше анықтама бола алады, бірақ барлығы бір мәнді береді. Мысалға біз «экономика» ұғымын алсақ, сөздіктерде оған әртүрлі анықтама беріледі. Ал терминге келетін болсақ, бұл бір нақты анықтамасы бар сөздер. Термин ұғым сияқты логикалық анықтауды, сипаттауды қажет етеді. Демек, ұғым жалпылайды, ал термин нақтылайды, ажыратады деп айтуға болады. Ұғым танымға, термин жіктеуге қатысты болады.

Техникалық терминология – бұл жалпы қолданыстағы мағынамен міндетті түрде бірдей емес, белгілі бір саламен шектелген арнайы мағынасы бар сөздік немесе термин. Информатика және инженерия саласында әртүрлі ұғымдарды білдіру үшін жиі қолданылатын кейбір ағылшын терминдерінің түбірі дәстүрлі ағылшын тілінде. Демек, біз оларды дәстүрлі мағынасымен шатастырмау үшін оларды қолдануда өте сақ болуымыз керек. Техникалық терминология формальдылыққа бағытталған. Нақты техникалық терминдер мен олардың анықтамалары ресми түрде танылады, құжатталады және осы саладағы педагогтар үйретеді. Техникалық терминология нақты салалардағы мамандардың дәлдікпен және қысқалықпен сөйлесу қажеттілігіне байланысты негізгі тірекке айналды, бірақ бұл жағдай мамандырылған топтың сөздері басқаларға түсініксз болып келеді. Бұл дәрігерлер қолданатын техникалық терминологияға байланысты өзінің медициналық жағдайын түсіне алмайтын емделушілерді кейін қанағаттандырылмаған күйге әкеледі.

Техникалық терминдер кейде сол саланың мамандарына түсініксіз болуы мүмкін, сондықтан осы терминдердің қолданудың алдында қоятын бірнеше талаптар бар, олар:

  1. Терминологияны мүмкіндік болса аудиторияның түсіну деңгейіне сәйкестендіру қажет. Аудиторияңыздың түсіну деңгейін білу маңызды. Егер олар сіздің салаңыздың мамандары болмаса, мамандандырылған терминдеріңізді жалпылама шарттармен ауыстыруыңыз қажет. Бұл сіздің тақырыбыңыз туралы өте дәл жаза алмауыңыз мүмкін дегенді білдіреді.
  2. Терминдерді бірізділікпен пайдаланыңыз. Берілген элемент үшін бірдей терминді әр уақытта қолданатыныңызға көз жеткізіңіз. Егер сіз заттың мөлшеріне қатысты массаны пайдаланудан салмақты қолдануға ауыссаңыз сіз оқырманды шатастырасыз;
  3. Таныс емес терминдерге нақты анықтамалар немесе түсініктемелер беріңіз. Егер сіз аудиторияңызда кеңінен қолданылмайтын арнайы терминді қолдансаңыз, тіпті аудитория сарапшы болса да, терминіңізге нақты анықтама бергеніңізге сенімді болыңыз;
  4. Талқылауға әртүрлі жаңа терминдерді енгізген кезде терминология тізімін пайдаланыңыз. Әдетте кіріспеден бұрын немесе қосымшада орналастырылған тізімді пайдалану терминмен нені білдіретінін еске салғысы келетін оқырманға үлкен көмек көрсете алады.

Қорытындылай келе, аталғанның барлығын техникалық терминдердің ерекшеліктеріне жатқызуға болады.

          Технологиялар жылдам дамып келе жатқандықтан, соңғы жаңалықтарға ілесу қиын болуы мүмкін. Оларды үйренуге белсенді күш салмасақ, тіпті артта қалуымыз мүмкін. Кейбір терминдерді қарастыратын болсақ, ең айқыны - AI (artificial intelligence) қазақша «жасанды сана» болып аударылады. Мағынасына келетін болсақ, жасанды сана түрлі механизмдердің көрсеткен саналарын тұжырымдайды. Машиналар мен механизмдердің санасы оларды таңдау жасауында байқалады. Жасанды саналарға Iphone ұялы телефондарындағы Siri, T9 яғни Autocorrect және де Google Maps жатады. Технологиялық әлем тез дамып келеді. Нәтижесінде күн сайын жаңа заманауи технологиялық терминдер ойлап табылуда. Сонымен қатар, бұл виртуалды шындық, машиналық оқыту немесе метаверске терең ену болсын әр адамның білімі оның заманына сай болу қажет.

Аудармада терминдер халықаралық стандарт бойынша калькалау әдісімен аударылады немесе жартылай калькалаумен аударылады.

Аударылған термин негізгі үш критерияға сай келуі керек, олар:

  • терминнің қолданысқа енгендігі, яғни оның жалпыға мәлімдігі;
  • вариациялық тұрақтылықтың болуы, яғни бұл терминге синонимдер бар деген сөз;
  • термин үндесімділігі, яғни ол қазақ тілінің жалпы үндестігіне сәйкес келуі керек.

Сонымен, жаңа терминдерді аудару – аудармашылар жиі кездестіретін мәселелердің бірі, әсіресе ғылыми-техникалық мәтіндерде. Халықаралық терминдерді аудару да аса сақтықты қажет етеді. Мысалы, баланс, фармацевт, терапевт сияқты сөздерді сол күйінде қалдырған жөн. Аталмыш мәселеге орай филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы былай деп жазды: «Аударуды қажет етпейтін терминдерді қазақшалаймыз деп қателіктерге ұрыну жиі ұшырасады» [3,47]. Осындай стильдегі мәтіндермен жұмыс жасайтын маман терминдердің аудару ерекшеліктерімен өте жақын таныс болу керек. Терминдерді аударудың ең оңтайлы тәсілі – аударма жүзеге асырылатын тілде түпнұсқа тілінің баламасын анықтау. Бұл әдіс екі мемлекет бір өнеркәсіптік және экономикалық деңгейде болғанда ғана өзекті бола алады. Мысалы, ағылшын тіліндегі «Virtual Reality» қазақ тіліне «Виртуалды шындық» деп аударылады, бірақ қазақ тілінде «шындық» сөзі көбінесе ағылшынның «truth» сөзінің аудармасы болады. Қазақстан мен АҚШ-ның өнеркәсіптік және экономикалық деңгейлері әртүрлі болғандықтан, ондай жаңа келген техникалық терминге балама жоқ. Сондықтан, аударылатын тілде эквивалент болмаса, аудармашы басқа әдістерді қолданады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қайдаров Ә.Т. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1993.
  2. «Терминологиялық хабаршы». – №1. – 2007 жыл.
  3. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы: зерттеулер, оқулық, сөздік, библиография. – Алматы: Сардар, 2014. –952 б.